Мемлекеттік қызметтерді үйде отырып І және ІІ топтағы мүгедектер, 70 жастан асқан қарттар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектігі бар балалар ала алады. Ол үшін олардың өздері немесе қамқоршылары 1414 қысқа нөміріне қоңырау шалып, өтініш қалдыруы керек.
Биылғы жылдың 5 айында Азаматтарға арналған үкімет Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлері тұрғындардың үйіне барып, 1 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент қаласы бойынша өкілі Алтынай Татаеваның айтуынша, ХҚО- ның ұсынатын барлық мемлекеттік қызметтерін үйінен шықпай-ақ алу үшін «1414» бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалсаңыз болады.
— Осылайша сіз қажетті мемлекеттік қызметтер туралы кеңес алып, өзіңізге керекті мемлекеттік қызметке тапсырыс бере аласыз. Біздің қызметкерлер Сізге хабарласып, мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін қажетті құжаттар тізбесін ұсынады және бару үшін қолайлы уақытты белгілейді. Бұл үдеріс 56 жұмыс сағаты ішінде жүзеге асырылады, – деді Алтынай Татаева.
Мемлекеттік корпорация қызметкерлері коронавирус пандемиясын ескере отырып, қызмет көрсету барысында барлық қауіпсіздік шараларын сақтайды. Барлық маман маскалармен және антисептиктермен жабдықталған.
Айта кету керек, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы мүгедектерге мемлекеттік қызмет көрсету жұмысына көп көңіл бөледі. Азаматтардың үйлеріне барып мемлекеттік қызмет көрсетумен қатар, ХҚО мамандары есту және сөйлеу қабілеті нашар адамдарға мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін ым-ишара тілін меңгерген.
Сондай-ақ, мүгедектігі бар 36 азамат Шымкент қалалық корпорация филиалында түрлі лауазымдарда жұмыс істейді.