Шымкент қаласында тұрғындардың өмірін және денсаулығын қорғау, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мақсатында, қаладағы қоғамдық көліктерге күніне екі рет дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде.
– Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, қоғамдық көліктер күнделікті дезинфекциялануда. Күндіз қалада 76 бағыт бойынша 1047 қоғамдық көліктің соңғы аялдамасында әр айналым сайын және таңертен және кешкі уақытта автобаза аумағында дезинфекциялау жұмысы тұрақты жүргізілуде. Сонымен қатар, қоғамдық көлік жүргізушілері мен кондукторлары тарапынан тұрғындарға бетперде тағу жөнінде түсіндірме жұмысы жүргізілуде, — дейді Шымкент қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы қоғамдық көлік бөлімінің басшысы Н. Сүгірәлиев.
Сондай-ақ, бөлім басшысы әкімдік тарапынан қалада коронавирус инфекциясының алдын алу шаралары жүргізілгенімен тұрғындар карантин тәртібіне немқұрайлы қарап жатқанын және инфекцияның алдын алуға әрекеттенбейтінін жеткізді.
– Жолаушылар қоғамдық көлікте бетперде тағуы міндетті. Тәртіп бәріне ортақ болғасын тұрғындар карантин режиміне бағынып, өздері де қоғамдық орындарда сақтануы керек, — деді бөлім басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінге дейін Шымкент қаласы бойынша 8 саябақ, 37 гүлзар мен 4094 аялдама залалсыздандырылған.