Мақтаарал ауданы аумағында жалпы 994 агроқұрылымға тиесілі 5695 гектар егістік жер тасқын судан зақымданған болатын. Оның ішінде мақта — 3939,4 га, қауын-қарбыз — 801,2 га, жүгері — 74,75 га, жоңышқа 22,75 га, жеміс ағашы (шабдалы) — 4 га, қырыққабат — 2,22 га және агротехникалық шаралар атқарылған егістік жерлер — 850,64 га құраған.
Егістік алқаптарды қайта қалпына келтіріп, егін егу жұмыстарына көршілес Өзбекстан мемлекетінен жалпы 42 ауыл шаруашылығы техникалары көмекке келді. Оның ішінде 17 дана чизель, 13 дана дән сепкіш (сеялка), 11 дана жүйеаралық баптағыш агрегаты (культивартор) және 243,6 тонна тұқымдық шит жеткізілген.
Қазіргі таңда суы тартылған егістік жерлердің 3083 гектар қайта өңделіп, 3030,5 гектар аумаққа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Атап айтқанда, мақта — 2528,4 га, қауын — 146,25 га, жүгері — 13,8 га, күріш — 342,1 га. Алдағы уақытта тасқын судан зақымданған егістік алқаптарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жалғасатын болады.
Түркістан облысы әкімінің ұсынысы бойынша Мемлекеттік комиссия осындай шешім қабылдады. Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр бастаған Үкіметтік комиссия су басқан аймаққа барып, жергілікті жұрттың жағдайын біліп, адамдармен жүздесті. Сосын өзбек әріптестерімен бірлесіп, Өргебас және Фирдоуси ауылдарына барды. Қазір көрші елден 100-ден аса арнайы техника мен 200 адам жеткізілді.
Олардың арасында гидротехника мамандары да бар. Мырзакент төңірегінде Достық, Жаңа тұрмыс және Жеңіс ауылдарының тұрғындары қоныс аударатын жаңа шағын аудан бой көтереді. Тұрғын үй алабына барлық коммуникация желісі жүргізіліп, балабақшалар мен мектептер салынады. Ал Фирдоуси мен Өргебас ауылының тұрғындарына облыс әкімі үш түрлі ұсыныс айтты.
Яғни тұрғындар басқа елді мекендерге көшеді немесе су басқан үйлерін қалпына келтіруге келіседі. Егер үйін өз еркімен жөндеуге ниет танытса, тиісті қаражаты аударылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен мал ұстаушылардың шығындарын өтеу мәселесі де шешілді. Шығын үкіметтік резервтен өтелетін болады. Ауыл шаруашылығы несиелері бойынша фермерлерге төлемдерді кейінге қалдыруға мүмкіндік беріледі. Ғылыми-зерттеу институты тарапынан биыл қандай дақылдарды отырғызуға болатыны туралы ұсыныстар айтылады.