Түркістан облысында төтенше жағдай кезінде жұмысымен ерекше көзге түскен бірқатар ұстаздар марапатталды. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рахымбек Қуатбекұлы елімізде «Covid-19» вирусының таралуына байланысты жарияланған карантин уақытында талмай еңбек еткен мектеп мұғалімдерін қабылдап, ұстаздар қауымына алғысын білдірді.
«Құрметті ұстаздар, сіздер карантин кезінде өздеріңіздің үздік іс-тәжірбиелеріңізбен біліктіліктеріңізді ұштастыра білдіңіздер. Төтенше жағдайға байланысты қабылданған білім беру әдісін меңгеріп, тиісті деңгейде атқарып шықтыңыздар. Осындай қысыл-таяң шақта аянбай күш-жігерлерін жұмсап, қызмет еткен барша ұстаздарға алғыс айтқым келеді», — деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, елде жариялан карантин кезінде ұстаздар мектеп оқу бағдарламасын телеарна арқылы және онлайн режимде оқытуға көшкен болатын. Осыған байланысты ұстаздардың көмегімен 100-ге жуық бейне сабақ пен онлайн оқытуға арналған әдістемелер дайындалды. Бүгінде осындай жұмыстарға атсалысып, марапатқа ие болған оқытушылардың арасында Н.Оңдасынов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Самат Мамбетов, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің математика пәнінің мұғалімі Нұрбол Нұрлыбаев, №19 жалпы орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Ғалия Омарова, №9 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Ольга Аллашова, Н.Оңдасынов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының химия пәнінің мұғалімі Бекжан Хасанов, №9 Некрасов атындағы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі — Лида Магамедқызы, №8 Н.Төреқұлов атындағы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Нигара Атаханова, №2 Хамза ат. мектептің тарих пәнінің мұғалімі Апсен Санжар, №15 М.Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі — Әлия Әлиқызы, №7 жалпы орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Мұхтар Сартаев бар.