Шымкент қаласының Тұран шағын ауданында бүгінде 42 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған. Тағы 26 тұрғын үйдің жобасы әзірленіп жатыр. Оның үшінде 16 қабатты 4 үй, 8 қабатты 12 үй, 9 қабатты 15 үй бар. Олардың жобасы мамыр айында сараптамадан шығады деп күтілуде.
Мұнан өзге 20 көпқабатты үйдің жобалық сметасын әзірлеуге байқау жарияланып, мердігер мекеме анықталған. Жалпы жыл соңында дейін Тұран шағын ауданында 88 үйдің құрылысы басталады. Бұл жөнінде құрылыс басқармасының басшысы Ербол Ахметов қала әкімі Мұрат Дүйсенбековтің алдында баяндады. «Қазірде Тұранда «Отау строй», «АРТ құрылыс», «АҚ ордасы» секілді 7 мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бүгінде іргетас шұңқыры қазылып, бетондау жұмыстары жүріп жатыр»-деді ол.
Іргетасы қаланып жатқан әрбір үйдің құрылысын аралап көрген Мұрат Дүйсенбекұлы жұмыс қарқынына көңілі толмайтынын ашып айтты. Құрылысшылар санын көбейтіп, жұмыс қарқынын күшейтуді талап етті. Салаға жауапты басшыларға бақылауды күшейтуді тапсырып, аптасын екі рет есеп алатынын ескертті.