Еліміздегі қалыптасқан жағдайға байланысты коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында 19 сәуірден Шымкент қаласындағы қоғамдық көліктердің қозғалысы тоқтатылды.
— Өйткені автобустар тікелей індеттің таралу ошағы болуы әбден мүмкін. Оған қоса сарапшылардың пікірі де ескерілді. Сондықтан осындай қадамға амалсыздан бардық, — деді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов брифингте.
М.Пернебайұлының мәлімдеуінше қалада арнайы тіркелген 11 такси компаниясы жұмысын жалғастыра береді. Оларда 2 адамнан артық жолаушы алуға болмайды. Тіркелмеген таксилерге рұқсат жоқ. Тасымалдаушы компания басшыларына бағаны қиын-қыстау күндері көтермеу бойынша ұсыныс айтылды.
Бүгінде Шымкенттегі медицицналық мекеме қызметкерлерін тасымалдау үшін арнайы 106 автобус бөлінген. Оған қоса қала аумағында орналасқан Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық мекеме қызметкерлеріне 28 автобус қызмет етуде. Қаламыздағы 21 ірі өндіріс орнының қызметкерлерін тасымалдауға 90 көлік бөлінген.
Естеріңізде болса, бұған дейін алдыңғы шепте жүрген 100-ден астам медицина қызметкері қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында арнайы қонақүйге орналастырылған болатын. Қазіргі таңда қалалық денсаулық сақтау басқармасынан тағы 40 орындық қонақүйге сұраныс түскен.
Шымкент қаласы Бас санитарлық дәрігері А.Төлебаевтың №11 қаулысына сәйкес Шымкентте 19 сәуір сағат 00:00-ден бастап 1 мамыр сағат 07.00-ге дейін бірқатар шектеулер енгізілді.
— Қаулыға сәйкес, айырбастау пункттері мен микроқаржылық ұйымдар қызметін онлайн режиміне көшіріп, «клиенттерге дейін жеткізу» принципі бойынша жұмыс атқаруда. 65 жастан асқан азаматтарға және 18 сегіз жасқа толмаған азаматтар тұрғын үйден ересек адамның сүйемелдеуінсіз шығуына тыйым салынды. Бұл ретте Шымкент қаласының полиция департаментінің, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы мен ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери құрылымдары әлеуетімен карантиндік аумақты патрульдеу тапсырылды, – деді қала әкімінің орынбасары М.Исахов.