#Қазақстан

#Түркістан

#Мәдениет

#Тәуелсіздік30

#Руханижаңғыру

#Shymkent

#Covid-19

Редакция таңдауы

Шымкентте коронавируспен күрес қалай жүргізіліп жатыр?

Коронавирус індетінің кең таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласында барлық сақтық шаралары жасалуда.

Коронавирус індетінің кең таралуына жол бермеу мақсатында Шымкент қаласында барлық сақтық шаралары жасалуда. Азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін, денсаулығын сақтау үшін 2020 жылғы 4 сәуірден бастап қала аумағында карантин режимі енгізілгені белгілі. Бұл ретте қала тұрғындары карантин талаптарын бұлжытпай орындауы өте маңызды. Қазіргі таңда Шымкент қаласының кіреберістерінде 18 блок-бекет жұмыс істеуде, шаһарда залалсыздандыру шаралары күшейтілуде. Сондай-ақ медицина мамандары төтенше жағдайға байланысты күшейтілген режимге көшкен.

I. Шымкентте covid-19 вирусын жұқтырғандарға​ госпиталь салынуда​

Шымкентте covid-19 вирусын жұқтырғандар үшін​ 200 орындық госпитальдың құрылысы басталды. Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь тез құрастырылатын материалдардан тұрғызылады. Оған қажетті құрылыс заттары толықтай отандық. 400-ге жуық жұмысшы жергілікті жерден тартылған. Арнайы аурухана стационар, жан сақтау сынды бірнеше бөліктен тұрады. Және онда медицина қызметкерлері жатып жұмыс істейтін жай салынып, оған қажетті мамандар​ іріктеліп алынады. Бұл ретте уақытша аурухананың жабдықталуы мен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы белгіленген нормативтерге толық сай болады.

II. Банк қызметтерді онлайн-режимге көшірді

Бүгінгі таңда мемлекет тағайындаған 42500 теңгені алуға өтініш беру үшін банктерге барудың қажеті жоқ. Қызметтердің барлығы онлайн жүйесінде көрсетіледі. Қазір үйде отырып шот ашуға мүмкіндік қарастырылған. Тіпті шот бұғатталып қалса да жәрдемақыға арнайы шот аштыруға болады. Цифрлық жүйенің арқасында енді мобильді қосымша арқылы банктік картаға үйден тапсырыс беріп, оны кейін карантин біткен соң банктің кез келген бөлімшесінен барып алуға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта қаладағы төрт қаржы институтының филиалдары «Kaspi bank», «Home credit Bank», «Халық банкі» және «Банк Центр Кредит» қызметтерін толықтай онлайн жүйеге көшірді.

III. Блок-бекеттер бейнебақылау камералармен қамтылған

Шымкент қаласының кіреберістерінде 18 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы бейнебақылау камералармен қамтылған. 18 блок-бекетте арнайы автокөлік құралдарымен жалпы 676 қызметкер жұмылдырылған. Оның ішінде 240 полиция қызметкерлері (18 арнайы автокөліктер), 204 медицина қызметкерлері (18 жедел жәрдем көліктер) және 232 қарулы күштер 3 ауысымда тәулік бойы қызмет атқаруда. Одан бөлек 18 прокуратура қызметкерлері жұмылдырылған. Коронавирус инфекциясының кең таралмауына және қауіпті індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында 16 аумақ оқшауланды. Онда 163 полиция қызметкері жұмылдырылған. Медицина мамандары да тәулік бойы қызмет атқаруда. Ошақтарда науқастардың тұрғылықты жері бойынша дезинфекция жүргізіліп, үздіксіз эпидемияға қарсы іс-шаралар өткізілуде.

IV. «Birgemiz» қоры шымкенттік 21864 отбасыға көмек беруде

Елімізде құрылған «Birgemiz» қорынан 11 мың 997 шымкенттіктің есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды. «Nur Otan» партиясы Шымкент қаласы филиалының мәліметінше, 15 сәуірге дейін тізімге ілінген 21 864 мұқтаж отбасының барлығына көмек көрсетілмек. Айта кетсек, аз қамтамасыз етілген тұрғындарды қолдау мақсатында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы мен Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарының әкімдіктері көмекке мұқтаж отбасылардың тұрмыс жағдайына мониторинг жүргізіп, аса мұқтаж отбасыларды іріктеп, арнайы тізімге енгізген.

Айта кету керек, Шымкенттегі бұл игі іс сақтық шаралары аяқталғанға дейін жалғаса бермек.

Соңғы жаңалықтар