Сенат Төрағасы Д.Назарбаева өз сөзінде барлық деңгейдегі бюджет шығындарын бақылай алу үшін Есеп комитетін, аймақтардағы мәслихаттарды және есеп комиссияларын кадрмен және ұйымдастыру саласы бойынша қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
ҚР Премьер-Министрі және барлық министрлер түгел қатыстан сенат отырысында сенатор Нұрлан Құдиярұлы Бекназаров баяндама жасап, Үкімет назарына бірнеше өзекті мәселелерді жеткізді.
«Парламент жыл сайын бюджетті жоспарлау мен атқарылуы бойынша лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін заңға енгізу мәселесін көтеріп, нәтижесінде қазіргі уақытта Сенаттың қарауындағы «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске түзетулер енгізу туралы» заң жобасының аясында осы мәселе шешімін табатын болады. Бірақ заң жобасындағы ұсынылып отырған толықтыруға қатысты редакция түпкі мақсатты толық қамтымайды.
Сондықтан да, Құрметті әріптестер осы толықтыруды нақтылау және күшейту бағытында Үкіметпен бірлесіп жұмыс атқаруды ұсынамын.
Үш жылдық бюджетті бекіту немесе оған нақтылау мен түзетулер еңгізу кезінде әрдайым жұмыс топтары және комитеттерде қаралғанда жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік өтінімдерді сапалы даярлау және оны уәкілетті органға уақытылы ұсыну бойынша бірқатар кемшіліктер орын алуда. Мәселен, өңірлерде бюджеттік өтінімдерді даярлау барысында әлеуметтік маңызы жоғары мәселелер тыс қалып, оның орнына басымдылығы төмен жобалар, тек құжаттарының дұрыстығы арқасында қаржыландыруға ие болу фактілері бар. Осы мәселені Үкімет назарына алып, жергілікті органдармен басымдылығы бар жобаларды бірінші кезекті даярлау бойынша жұмыс атқару қажет деп санаймын.
Сонымен қатар, Сенат басшылығымен жиі көтерілетін мәселе жергілікті өкілетті орган -мәслихаттардың рөлін күшейтуге тоқталғым келіп отыр. Заңменен мәслихаттарға әкімшілік – аумақтық құрылысының әлеуметтік – экономикалық дамуына қатысты шешімдерді, оның ішінде бюджетті қарап бекіту және орындалуы бойынша әкімдіктің есебін алу құзіреті бекітілген. Алайда, іс жүзінде аймақтарда аталған заң талаптары толық орындалмайды.
Сондықтан, маслихаттардың жергілікті бюджетті қалыптастыруда белсенділігін арттыру, бюджет жобаларын қарау барысында әкімдіктердің ықпал етуін азайту, сондай-ақ жергілікті халықтың мұң-мұқтажын және өзі сайланған аймақтың ерекшіліктерін жақсы білетін депутаттардың ұсыныстарына айрықша мән беру керек деп есептеймін, — деді Нұрлан Құдиярұлы.
Айтылған сын ескертпе, ұсыныстарды Сенаторлар толық қолдап, Үкімет басшысы алдағы уакытта жұмыстар атқарылатын болады деп келісті.
Н.Бекназаров: «Жергілікті мәслихаттардың рөлін күшейтуге мән беру керек»
Сенаттың жалпы отырысында «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы қаралды. Палата отырысына Үкімет мүшелері қатысты.