Бұл жерлесіміз Қызылорда облысына қарасты Қазалы ауданындағы «Өркендеу» ауылында 10 желтоқсан 1939 жылы туылған. 1957 жылы онжылдық мектепті бітіргеннен кейін комсомолдық жолдамамен Қазалы құрылыс учаскесінде эксковатор машинисінің көмекшісі болып жұмыс істеді. 1958-1961 жылдары Кеңес Армиясы қатарында болды. 1964-1968 жылдары С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін оқып бітірді. 1971-1973 жылдары Алматы жоғары партия мектебін тамамдады.1983 жылы филология ғылымдарының кандидаты, 2008 жылы филология ғылымдарының докторы, 25 қараша 2009 жылдан әдебиеттану мамандығы бойынша профессор. 22 қыркүйек 2010 жылы «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен марапатталды. 2012 жылы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің шақыруымен келіп, қазірде де осы оқу орнында мамандығы бойынша қызмет атқаруда. Тоқболат Еңсегенұлы – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор. Мамандығы: журналист, әдебиеттанушы, түркітанушы.
Ол шығарған 30-дан астам кітап 8 көркем шығарма, 16 монография, бір оқулық, 11 оқу-әдістемелік құралдан тұрады. Бұған қоса 260-тан астам ғылыми, 70-тен де көп көркем сын мақала, 40-тан астам әңгімелер жариялаған және эссе, өлеңдер топтамалары мен бірнеше әндері жарық көрді.
Сіз өзіңізді « Ерте туып кеш қалғандар» қатарына қосыпсыз, неге?
− Дүние үштіктен құралған −Аспан−Жер, екеуінің ортасында Адамұлы. Неге? Өйткені, әлемдегі тірі жаратылыстың ішінде тек адамға ғана ақыл мен ой сыйлаған. Сондықтан адамды «Ақылды жәндік» дейді. Оған қоса, өмір қайшылықтан тұрады. Бұл ақиқат. Табиғат болмысындағы жарық пен қараңғы, жақсылық пен жамандық, су мен өрт, шың мен құз, өзара қарама-қарсы. Соған орай, әрбір адам ақыл мен ой және құштарлықты өріп ұстауға ұмтылуы қажет екен. Олай жасауға менің кезінде дәрменім жетпеді. Себебі, өткен жолыма, басқан ізіме қарап, өзімді «Ерте туып кеш қалғандар» қатарына қосамын. Солай болуыма қара бастағы табиғи болмысым және тіршілік еткен кезең мен әлгі ғұмыр кешкен орта, жаратушы сыйлаған мінез-құлық себепкер деп санаймын. Кемеңгер Конфуцзы ілімі бойынша парасатты, кемел адам бойында бес адамгершілік қасиет тұтас сақталуы керек. Егер оның біреуі кемшін соқса, ол адам игі тұлға, адал, ақкөңіл кісі дәрежесіне жетпей қалады. Сол аса маңызды бес қасиетті Конфуцзы: «Жэн» – мейірбан, жөн білген, парасатты, этика ережесін меңгерген»,– деп санайды (Еңсегенұлы Т. Көне түркі руна жазба поэзиясы, ондағы философиялық жүйе. Екінші том. Монография, Алматы: «Тоғанай Т».2014,123- б.).
Бұған дәлел келтірейін. Өмір ағысына қарап кейде өзіме ренжи, жақтырмай қараймын. Өйткені, мен дүниеге келгеннен кейін Ұлы отан соғысы басталды. Иә, алғаш соғыс басталысымен әкем майданға алынған, оның жер жыртатын соқасы мен қосқа жегетін өгізіне шешем ие болған. Үйде үнем етер ештеңе болмапты.Отбасында төрт бала бар, алды сегіз жаста. Шешем бригадирден жалынып сұрап қаптағы егуге әкелген жүгеріден жарты уысын қалтасына салып алады. Әйтпесе балаларын ажал жалмап кетуі қаупі төніп тұр. Сол дәнді үйге келуіне дерменге тартып, қазандағы суға себелеп салып қайнатады. Шөмішке жұқпайтын шайманы тегешке құйып балалардың алдына қояды. Ертеңіне сәбилердің бәрі төсектен тұрмай қалады. Байқаса, сол қиын шақта егетін дәнді улап жерге себеді екен. Шешем тұрмысы тәуір үйден сүт сұрап әкеліп, балаларына ішкізіп, біздердің жанымызды сақтап қалады.Анандай шақта анасы таңсәріден жер жыртып, өзі бесікке таңылған сәбидің тағдырын көз алдыңызға елестетіңізші? Ауылды аштық жайлады. Сол тұста сегіз жастағы әпкем қоғажай басын күнде жинап келіп және былтырғы қырмандағы сабанды қағып, біздің үйге ажалды жолатпауға тырысты.
1947 жылы мектепке бардым. Оған жалаңаяқ кіргенім есімде. Егін жинау алғашқы қар жауғанға дейін созылады. Қыстауға көшіп келгеннен кейін күн қатты суыды, аяқ киім болмай мектепке бару маған тоқтатылды. Сабақтан қалғаным өксік болып сыртқа шығып, ащы жас болып төгілді. Мектепке бара жатқан балалардың ізінен жалаңаяқ қуа жөнелдім. Шаңырақтың тұңғышы, Қанзия әпкем соңымнан қалмай уәдеге байытып, алдарқатып, айтқанына көндірді. Ол да мен үшін жалаңаяқ қар кешіп жүр. Әкем түнделетіп жұмыстан келген соң менің жасаған қиғылығымды естіген бойда ошақ басында жатқан тулақтан шарық бүріп берді. Қыстың қаһары қатты, жұқа киінген біздерді оп-оңай жел жұлқыған қағаздай қалтыратады. Адам аязға қатты тоңғанда дене түгел қызара бөртіп, тұла бойың отқа қақтағандай ыси бастайды. Қыстың бетті күйдірер аязы екі ауылды жалғаған арық ішіне еріксіз тығады. Естияр балалар арық табанындағы мұзды ойып, суды бетіне шығарды. Амалсыз аяғың суға малшынады. Сабақтан оралып, шарықты шешкенде тобықтан төменгі жақ түгелдей ақ жемі шығып үлбіреп тұрады.
50-жылдың басында 4 колхоз оғыздардың астанасы болған Жанкент қорғанына қарай шұбыра көшті. Арбадағы жүкті ауылдың шетіндегі көне жер төле қасына жинап, әкем сол маңнан сонан айнымайтын бастырма соға бастады. Анау жертөледе белі бүкірейген, саусақтары қисайып кеткен, таяққа сүйенген жалғыз басты кемпір тұратынын білдім. Байқасам, бұл кемпір күзеткен шаңырақ отағасысы бізбен аталас екен. Әженің төрт баласы бірдей соғысқа кетіп оралмапты. Үйдегілер сол ананың отбасы тірлігін түгел атқаруды маған тапсырды. Бұл әже таң атысымен ортасын пешпен бөлген біздің үйге кіріп келеді, оған ілескен бірнеше қап аяз баспана ішін түгелдей тіміскілеп, біздерді төсектен еріксіз тұрғызады. Қаныгүл кемпір қолындағы қисық тал ағашпен жерді қатулана нұқып қалып: «Қош, ойдан-қырдан не хабар бар, біздің балалардан не хабар бар»,– дейді бар салмағын таяғына артып.
–Таң енді атты, сабыр сақтасаңызшы, бәрі ойдағыдай болады,–дейді әкем. Әжем басын төмен салбыратып: – туысың емес пе неге іздемейсің, менің де ғұмырым қысқарып келе жатқанын байқамайсың ба? Жүзден әрі жасайтын қарға емеспін ғой,–дейді.
−Беу Қаныгүл-ай, күйік қайғының шапанын бүркене беретінің не? Осылай қапаға малынып мында тұрғаныңда балаларың үйіңе сау етіп кіріп келіп отырса қайтер ең?
– Аузыңа май, айтқаның айнымай келсін,–деп әже шынымен төрт перзенті өз баспанасына жайғасып, мұны күтіп отырғандай, далаға қарай еңбектегендей қалпында асыға ұмтылады. Содан кейін бұл әже күндегі әдетінше Қазалы қаласынан келетін қасқа жолдың жиегіндегі биік төбенің басына шығып алып, алыстан көрінген жүргіншіні тағатсыздана күтіп, қасына тақау келгенде өзі отырған төбеден сырғанай түсіп:
– Қош, ойдан – қырдан не жаңалық, біздің балалардан не хабар бар?– дейді. Ал сұр шенел киген адамды көрсе, одан балаларын сұрап ізінен қалмайды. Қаныгүл әже кешкі асын күн қызылы қоюланбай-ақ ішіп алады. Сондайда қарап отырмай әжемнен неге бұлай жасайтынының себебін сұрадым.
– Балаларым соғысқа кеткелі үйге шам жаққан емеспін. Содан бері қырық жыл болды. Өз ойымша төрт баланың ең болмаса біреуі тірі, келеді, сол кезде ғана үйге шам жағамын,–деді Қаныгүл әже. Тағдыр кейде шектен шыққан қаталдығын жазықсыз адамның мойнына қабаттастыра іле салады ғой. Бұл әженің төрт баласының бірі де оралмады. Жиырмасыншы ғасырдың 60-жылдарының ортасында Алматыдағы жалғыз университетке түсіп, бір курсын бітіріп елге оралсам, суық хабар сумаңдап алдымнан шықты. Қаныгүл әжемнің баспанасын өрт жалмап өзі қоса жанып кетіпті. Мен Қаныгүл мұңлықты анамдай ардақ тұтатын едім. Содан болар оған:
Әжемнің күрсінгені ауыр қандай,
Алдыма бомбы түсіп жарылғандай.
Дүние тепкен доптай шыр айналып,
Тынысы тіршіліктің тарылғандай.
Еске алып зарлағанда төрт баласын,
Өзің де қайғы жұтып, өрт боласың.
Ақ әже соғыс жарасын жаспен емдеп,
Төгіп айтты іштегі дерт, наласын.
−Жаратқан заңы бөлек, қайталайын,
Өлмеймін деп өтірік айта алмаймын.
Уа, боталарым, тездетіп жетерсіңдер,
Үйдің кілтін ауылнайға ертерек апарайын,– деп басталатын «Ана туралы баллада» атты туындыны сол анаға арнадым. Ізінше сол шаңыраққа ескерткіш есебінде «Өмір жыры» атты әңгіме жаздым. (Еңсегенұлы Т. Бақ құсы. Алматы:«Тоғанай Т».2011,174-б.). Бір қызығы жүз миллиондаған халқы бар Ресей жұртшылығы майданнан қайтпаған жауынгерлерінің мүрдесін іздеп тауып, ескерткіш, белгілер орнатып, қандастарының атын жоғалтпаудың жарасымды жолын тапқан. Біз ше? Бойымдағы тағы бір таңба болып жабысқан қасиет – сәби кезімде Қанзия әпкемнің ізіне еріп жүріп үй шаруашылығына, отбасы тірлігіне әбден бейім болдым. Сол бауырым өткен ғасырдың елуінші жылдың ортасында тұрмысқа шыққанда отбасының күйбең тірлігінің салмағы менің мойныма түсті. Бұғанам қатпаса да сол бейнетке көндім. Бұл әрине заманға қарай көнбістілік пен момындылықтың маған тартқан сыйы деп есептеймін. Қатар балалар қара тер болып есіліп ойнап жүргенде мен дермен тартып, келі түйіп, бала жұбатып, сан-сапалақ жұмысты атқарғанмын. Мұның зиянды жағы – ынжық, ұялшақ болып өседі екенсің. Әке-шеше таң атумен жұмысқа кетіп, кетпенмен жер қазса да, орақпен егін орса да көз көрмейтін қараңғылық түскенде барып үйге қайтып, түн ортасында қосқа кіреді. Олар келгенше өзім шиінді түйіп, оны дерменге тартып, тамақ асып, тапаға нан салып қоямын. Бөпелерімді тамақтандырып ұйықтатамын. Кей күндері арық қазып жатырған анама барамын. Оның қазылған топырақты арықтың төменгі қырашына дейін лақтыруға шамасы келеді. Мен шешем жиекке тастаған топырақты жоғары тартып көмектесемін. Әйтпесе қазған жер топырағы қайтадан ішке құлайды. Әрі бөліп берген жерді қазып болмай үйге қайтармайды.
Ес кірген, соғыстан кейінгі жылдары байқағаным колхоз төрағасы мен бригадирдің беделі жаратушыдан да жоғары болатын. Қазалы ауданында «Қызылту» колхозының бастығы жұмысқа күн шыққаннан кейін келген адамды түске дейін жалаңбас күйде күнге қаратып қояды екен. Әлгі кісі одаққа бірнеше рет депутат болды. Сол қатыгездікті біздің ауылдың бастығы Әбділда Тобаев та колхозшыларға қолданып, қаныпезерлігімен аты шығып, облыс депутаты атанды. Мұндай шектен асыра қанаудың төркіні қайда? Күшті империя боданындағы халықты бұрынғыданда қаттырақ қанау үшін момын жұртқа өздері ойлап тапқан қанаудың жаңа түрлерін орындауды талап етеді. Содан кейін ғана қанаушы империя бөтен бодан елге анау момын халықтың жаңа тапсырманы қалай тиянақты орындағанын үлгі етіп ұсынады. Мысалға, Москваны етпен қамтамасыз ету ілгеріден қазақ жұртының мойнына іліп қойылды. Л. Брежневтің кезінде қазақ республикасында қой санын 50 миллионға жеткізу міндеті қатаң түрде жүктелді. Дүниежүзі ғалымдарының ұйғарымы бойынша: көне мәдениеті, көне діні, көне жазуы жоқ ел жабайы, тобырлар қатарына қосылды. Осындай кемсітуге күйінген О.Сүлейменов: «Ресми ғылымның ұғымында көшпелі халық Қытай, Иран және Араб мәдениетінің емшегін сорған Мәңгілік тағы тұрпатында деп саналды. Түркілердің жазуы ешбір дәлелсіз ирандықтардан алынған деген желеуге иек артты. Менменсіп теріс қарау деген осы емей немене?» – деп жазды. (Сүлейменов О. «Аз и Я». Алматы: «Еңбек»,1992, 92- б.). Ойланайықшы, емшекті кім емеді? Демек, дүние танымы биік, санасы жоғары елдерді ешкім жабайылар қатарына қоса алмайды. Мысалға, қазақ философиясы жасалып, мектепке пән есебінде әлі енгізілген емес. Герман философиясы әлемге кең тараған. Қытайдың кемеңгері Конфуцзы институты дүниенің қырықтан астам елінде ашылған. Біз ше? Философ мамандығын игерген ғалымдар саны жүздеп саналады. Солар ашқан жаңалық қайда?
Жұмысшы мамандық – өмірмен жеке беттесу екен. Қазалы ауданындағы «Өркендеу» ауылынан Энгельс атындағы шаруашылықтағы мектепке қатынап оқып 1957 жылы онжылдықты қырықшақты бала тамамдадық. Екі совхоз арасы 15 шақырымдай. Орта білім алғандар өндірісте қалып жұмыс істейді деген үндеу Қазалы аудандық «Ленин туы» газеті бетінде жарқ ете қалды. Бұл бастама қолдау тапты, ауылдағы сан – сапалақ жұмыстар ырқыңа қарамай қарбалас тірлікке еріксіз сүйреп апарып, сүңгітіп жіберді. Сол жыдың күзінде комсомолдық жолдамамен Қызылордадағы экскаваторлық курсқа баратын болдым. Оған кім ұсынғанын білмеймін. Комсомол мүшесімін, өз ойымша бас тартуға болмайды. Оқып келіп Қазалы құрылыс учаскесінде экскаватор машинисінің көмекшісі қызметін атқардым. Әлі паспорт алуға жас жетпеген, мектеп қабырғасынан енді шыққан бізге экскаватордың ауыр бөлшегін арқалауға тура келді. Шөл дадала ондай заңдылықты кім ескерсін.
1958 жылдың күзінде Кеңес армиясы қатарына шақырды. Мұнда тәртіп қатаң сақталынады. Қазіргі таңда әсіресе бізге, барлық қандастарға заңды армия уставын игергендей жатқа білуі керек.1961 жылы әскер қатарынан оралу бойда темір жол бойында істеуді ұнаттым. Өйткені, бұл салада еңбек тәртібі әскердегі сияқты біршама қатаңдау сақталған. Тәртіп сақталмаған жерде береке болуы мұмкін емес. 60- жылдары Қазалы, Қызылорда станциясында кондукторлар резерві деген мекеме бар еді. Қазалыдағы сондай кәсіпорында бас кондуктор болып істедім. Жүк поезы мен жүргіншілер поезын ірі станцияға дейін аман-сау жеткізуге жауаптымыз. Маған үнемі жүк поезын алып жүру, соған жауап беру жүктелді. Онда составтың ең соңғы вагонында тұрып поез амандығын бақылаймыз. Кондуктор орналасатын вагон айналасы ашық, жазда аптап жел соғады, қыста қақаған суық қыспағына түсеміз. Жерде 15 градус аяз болса, поез зулап жүрген кезде 40 градус аяз құрсауына алады. Межелі станцияға жетіп, шамалы жүргеннен кейін дене жыли бастайды. Жүк поезының сапар барысында тоқтап тұруы жетерлік. Көбіне жолаушылар поезына жол беріп, бекеттерде ұзақ тұрып қалады. Жаздыкүні сондай сәтті пайдаланып, өлең жазуға кірісемін. Көңілің жарқын, шайдай ашық болса сәтті жыр шумақтары төгіле қалады. Сөйтіп жүріп біраз өлең жазып тастаппын. Жергілікті «Ленин жолы» газеті арқылы мәпелеуге жарайтын қабілетім бар екенін байқадым. Үкілі үмітті ұштай түсу үшін журналист дайындайтын жалғыз университетке түсу арманға айналды. Оның үстіне мектепті бітіргендерге арналған үндеу ырқына көнбей, ебін тауып аттестатын алып, оқуға түскен парталастардың алды бітіріп келе бастады.
−Сіздің «Журналист мейірбан, әділ, қабілетті жандар» деуіңіздің сырын ашып бересіз бе?
− Ойлап қараса, күннің де, айдың да, жердің де, жұлдыздың да, әрбір адамның да өз жолы бар. Бірақ, адам өзінің жолынан кейде тайқып кете береді, содан алдына қойған мақсатына жете алмай қалады. Бұл сөзімді жұрт қолдады. Сондай-ақ, адамның мақсатына жете алмауына жаманшылық жасаушылар себепші болады. Еске салсақ, жақсылық пен жамандық үнемі арпалыс үстінде. Мысалға, менің әлемдегі тұңғыш қасиетті кітап «Авестаны» зерттеп, докторлық диссертация қорғауыма кедергі болған қызғаншақтық, мансапқорлық және білім тайыздығы. Көп ұзамай бұл еңбек халықаралық деңгейде мойындалды. Жоғарыда білдіргендей тіршілік атаулының ішінде ақыл мен ойды Тәңір адамға ғана сыйлаған. Сондықтан әрбір екі аяқты жан өмірден өз мақсатын, өз жолын іздеп табуы керек. Ақылды адам табиғат болмысына түсініп, оған әсер етуі ықтимал,қазақ халқының бір-біріне «Жолың болсын бауырым» дейтіні содан. Бағзы заманғы бабаларымыз да дәл солай жасаған.Мысалға, көне түркілердің дана билеушісі Білге қағанның арнайы айтуымен оның баласы Йоллығ тегін тасқа түсірілген Күлтегін жазба ескерткішінің батыс жақ Жоғарыда көк тәңірі,
Төменде боз жер аралығында.
Екеуінің ортасында адам ұлы жаралған.
Адам ұлының үстіне ата-тегім
Бумын қаған, Істемі қаған отырған.
Таққа отырып, түркі халқын, елін –жұртын,
Біріктірген, иелік жасаған,−деп баяндалған (Еңсегенұлы Т. Көне түркі руна жазба поэзиясы, ондағы философиялық жүйе. Екінші кітап. Алматы: «Білім» баспасы, 2008, 220-бет.). Бумын мен Істемі қағандар таққа отырып, түрік ел-жұртын біріктіріп, иелік жасаған. Неге? Себебі, бабалар уағыздағандай,биік адамгершілікті игерген адам ел басқара, ұйымдастыра алады. Анау өлең жолдарындағы Бумын, Істемін сондай тұлғалар. Меніңше, журналистер соған ұқсас. Олардың бойында да табиғат сыйлаған, аталардан жалғасқан, ата-анадан дарыған қабілет бар. Талантты жастардың журналистика мамандығын игеруге ұмтылатындығының сыры осында шығар. Әрине, таланттың үлкен-кішісі, ет пен терінің арасындағы жел сияқты көбік қабілет те кездеседі.Біздің жоғарыда «Журналист – мейірімді, әділ,адал, қабілетті жандар» деп айтуымыздың төркіні осыған келіп тіреледі.Ақиқатында, журналист бойында Конфуцзы көрсеткен бес қасиет міндетті түрде болғаны жақсы. Әйтпесе ол жұртқа тиянақты қамқорлық жасауға дәрмені жетпей қалуы ықтимал. Конфуцзы мен Абай айтқан таңдаулы қасиеттердің кейбірі журналист бойынан көрінбей жатса, бұл күнделікті жұмыс барысына қажетті қасиеттерді қайткенмен ізденіп толықтырған пайдалы. Бұл бағытта дана Конфуцзының айтары мол. Кәне, кемеңгер кісінің жасаған шығармаларына айрықша ынтамен шұғыл бұрылайық. Өйткені, Конфуцзы да, журналист те адамзатқа қамқорлық жасауды басты қызметіне өзек еткен. Бұған қоса журналист Конфуцзы сияқты ел, халық, мемлекет қамын ойлайды. Бұл айтқанымызға дәлел келтірейік. Конфуцзының «Лунь юй» кітабындағы төртінші тарау 16-бапта ұстаз айтты:
Мейірбан кісі тек әділдік туралы ойлайды,
Жай пенде тек өз пайдасын ойлайды – деп тұжырымдаған. Сол туындыдан кейінгі төртінші тарау 17-бапта ұстаз айтты:
−Дана кісі көрсең,
Соған теңелуге тырыс.
Жай пендені көрсең
Өзіңнің жандүниеңе үңіл,– деп түсіндірілген (Переломов Л.С. «Конфуцзы «Лунь юй». М: Вос. л-ра, 1998, 332-б.). Конфуцзы да, журналист те тек адамға жақсылық жасау үшін жаралған ғой. Журналист ешкімді таңдамайды. Адамға жақсылық жасау үшін іс-сапарға шығады.Конфуцзы да ізгі адамды қалыптастыруды мұрат тұтқан. Сондықтан ол бар ақыл -ойын адамға тек жақсылық сыйлау үшін жұмсаған. Газеттің ақ қағазға басылатыны – журналисттің халық, мемлекет үшін жазған мақаласы ақ ниеті, адал тірлігі сол ақ қағазға түседі.Журналист Конфуцзы түйіндеген бес асыл қасиетті жүзеге асыру үшін тынымсыз күндіз-түні жұмыс жасайды.Сонымен, Конфуцзы да, журналист те «Игілікті кісіні қалыптастырушы». Журналист – халық қамқоршысы. Осындай абройлы мамандыққа түсу үшін кезінде мен жүрексініп біраз уақыт дайындалдым. Ақыры өлең жазған қалың дәптерімді, жергілікті басылымдарда жарияланған мақалаларымды жинақтап Алматыға қарай тарттым. Ол кезде журналистикаға түсетіндердің көбісі ақын, кейбіреулерінің кеудесінде қырық қап жел бар.
Емтихан тапсыру уақыты тақалған шақта журналистика мамандығына бір орынға 25 адамнан келгенін ресми түрде хабарлады. Ал бұл мамандыққа 25 адам қабылдайды екен. Конкурстан өтіп студент атандым. Өмірімдегі алғашқы шаттана қуанған сәтім. Ұнатқан кәсібіме қол жеткеннен бе,лекция оқылған әр сабаққа бекем дайындалам. Орталық кітапхананы жапқанша отыра берем. Әр күнге алдын-ала жоспар жасағанмын. Мақала жазу үшін өндіріс орындарын аралаймын. Алғашқы семестрде «Лениншіл жас», «Жеті су» газеттеріне бірнеше хабар-ошарларым шықты. Ол кезде декан Т.Амандосов «Баспасөз жанрларынан» лекция оқиды. Ол сол пәннен емтихан алғанда жарық көрген мақалаларымды түгелдей көріп шықты да билеттегі сұрақты айтқызбай сынақ кітапшама жоғары баға қойып берді. Ол кісі аяғыңды қия бассаң дәлізде де сұстана қарап, ұрыса салатын. Бәлкім, ұнамсыз әрекеттен алдын-ала сақтандырғаны шығар. Әйтсе де баға қоюда әділдікті сақтайтын, бұл қасиет қажет қой. Әуелгі өндірістік практиканы 1965 жылы Қазалы аудандық «Ленин туы» газетінде өткіздім. Басылым редакторы бір бума еңбекшілер хаттарына жауап жазуға маған берді. Екі апта уақытым соған кетті. Одан кейін көптен жатып қалған бес-алты бет арызды тексеруді әдейі қадап тұрып маған тапсырды және шағым иесі кемшілікке төзбейтін, заңға жетік адам екенін әдейі ескертті. Сол кісіні қолға түсіру қиын болды, зейнет жасындағы ақсақал жан-жаққа қыдырып кетіп қалады.Редактордың орынбасары сол арыз нәтижесін күн аралата сұрайды. Алған бетімнен қайтпай арызды түбіне тақап тексердім. Шағым иесі аудандық мекеменің басшысының көзге сүйелдей қадалатын былығын ашып көрсеткен. Редакция танымал басшыны сынауға барғысы келмейтін тәрізді. Нәтижесінде, арыздың сыр-сипатын шынайы күйінде дәлелдеп жазып, редактордың қолына ұстаттым. Осы шағымды тексеруге бір ай уақытым кетті. Сонымен өндірістік практика уақыты да тақалды. Тұшымды мақала жазудың сәті түспеді. Студентті ыңғайсыз жаққа қарай жұмсамаса да болатын еді ғой. Бұдан кейінгі өндірістік практиканы Қызылорда облыстық газетінде өткіздім. Реті келгенде өз аулыма бардым. Апам «Ана Сәуле шешеңе сәлем бергенің дұрыс, мені іздейтін адам бар екен ғой деп қуанып қалсын» деді. Ол ана совхоздағы Жеткербай көкенің сарайына қоныс теуіпті.Оның жары Тайшабар Қоразбайұлы Сәуле екеуі отау тіккеннен кейін көп ұзамай майданға аттанған, қайтып оралмады. Сәуле шеше үнемі шаруашылықтың қауырт жұмыстарының басында таяққа сүйеніп қалғанға дейін жүрді. Себебі, сол іштегі қасірет дертін еңбек ету арқылы басып, ұмытуға тырысты. Күйеуі кеткелі шаңырақты жалғыз күзетті, ақ босағаны кірлетпеді. Бұл ана арқылы ауылдың сан тарау проблемалары қоса көрсетіліп, «Ақ босаға» атты лирикалық очерк «Ленин жолы» газетінде жарияланды. Сөз арасында бұл мұңлықтың күш-қуатынан айрылғанда бас сұғатын баспанасы болмағаны қабаттаса айтылды. Қазалы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру мекемесі Сәуле Қоразбаеваға «Өркендеу» совхозының орталығынан бір бөлме үй салынып берілгенін кезінде «Ленин жолы» газетіне хабарлады. Лирикалық очеркке мекеме жауап береді деп ойламаппын.
Меніңше, журналистің қаламынан туған кез-келген хабар-ошар да жұртшылықты сілкілеп оятатындай қуатты болғаны жақсы. Алматыдағы ұлттық университетті бітірердегі соңғы дипломдық практиканы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде өткізудемін. Редакторы атақты журналист Ұзақ Бағаев. Ол кісі өте әділ, қаламы жүйрік, ақындығы да бар, дарынды азамат еді. Ұзақ Бағаев адамгершілікке шаң түсірмеген таза, жаны сұлу болғандығынан ба, редакция ұжымы бұл басшыға тік тұрып бағынып сыйлайтын. Бір күні облыстық «Ленин жолы» газетінің апталық шығармашылық жұмысының қорытындысына талдау жасайтын кезекті ұшпа жиналыс өтіп жатқанда қабылдау бөлмесіндегі хатшы келіншек сыртта жүрген маған: «Сізді редактор шақырып жатыр, тез жетіңіз»,–деді.Бойымды аздаған үрей биледі, себебі, одан бір-ер күн бұрын сол басылымда көлемді материалым жарияланған болатын. Ішке ендім. Жиналысты редактор қорытып (ол кезде «Бас редактор» деген сөз «Правда» газетінде ғана жазылатын): «Алдарыңызда тұрған студент-практиканттың мына жазған очеркі оқырманын сүйсіндіретін дүние. Дәл осындай етіп редакция қызметкерлерінің көбісі жаза алмайтынын білем. Бұл студентке біз жайғасып жұмыс істейтін орындық та бермеппіз. Мұндай қабілетті жастарға қолдау көрсету қажет-ақ»,–деді. Университетті бітірер шақта редактор Ұзақ Бағаев қол қойған «Ленин жолы» газетіне қызметке шақырған қатынас қағаз келіпті. Факультет деканы Т.Амандосов бұл жәйтке балаша қуанды. Ұзекең кейін Қазақстандағы баспасөз атасы, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетіне басшы болды. 1968 жылы «Ленин жолы» газетіне әдеби қызметкер болып орналастым. «Партия тұрмысы бөлімінің бастығы қара қылды қақ жарып сөйлеуге құштар Досмағамбет Тасекеев, соғыс ардагері. Ол ой өрісі төмен, білімі тайыз, сырты жылтыр адамды әсте ұнатпайды. Бұл бөлім меңгерушісі талғамынан өтіп, ол кісімен бір бөлімде жұмыс істегеніме редакциядағылар маған ризалық білдірді. 1970 жылдың басында күріш орағы кезінде іс-сапармен Тереңөзек ауданына бардым. Бұл кезде «Ленин жолы» газетінің редакторы болып облыстық партия комитетінің мектеп бөлімінің меңгерушісі Қ.Әбенов келді. Сол ауданның дария жақ бетінде егістік өңірді жарып өтетін канал көпірінің арғы жиегіне төмпешік болып кебегінен арылмаған күріш үюлі жатыр. Сол оқиғаның түп-төркініне көз жеткізу үшін ілгері қарай жүрдім. Жоталана төгілген дән қырманға барып тірелді. Шаруашылық басшылары жауап бергісі келмейді, аудандағы дән сақтау қоймасы бұл іске мүлде қатысы жоқтай басын ала қашады. Автомашина айдаушысы қай мекемеден екенін ешкім айтпайды. Екі күн босқа сандалдым. Ақыры аудандық партия комитетінің идеология хатшысы кабинетіне кіріп, болған жәйтті баяндап, істі ашуға көмек сұрадым. Содан кейін ғана жолым ептеп оңғарыла бастады, оқиға түйіні шешілді. Бұл мәселе жайлы түнімен отырып сын мақала жазып, таңертең редакторға ұсындым. Ол кісі жариялаудан бас тартты. Оған менен бұрын іске қатысты мекеме басшылары келіп кетіпті. Сол сәтте мақаланы тездетіп орыс тіліне аударып, «Путь Ленина» газетіне бердім. Осы басылым мақаланы бірден шығайын деп тұрған газет номеріне салды. Бастығым маған біраз уақыт тіксіне қарап жүрді. Мұндай алмағайып жәйттер бастан талай рет өтті. Өткен ғасырдың жетпісінші жылының басында Қызылорда қаласында микроаудандар салына бастады. Бірақ шырпының қорабындай, бір қалыптан шыққан көп қабатты үйлер тығылыстырып бой көтерді. Әйтеуір іші қуыс. Көп ұзамай «Микроаудан қандай болуы керек?» деген мақала жаздым. Қала басшысы Ыдырыс Қалиев жұмыста отырған маған телефон соқты. Аса қажет мәселені газет бетінде көтергенге ризалығын білдіріп, таяуда осы мақала өз бюросында қаралатынын айтып, соған қатысуға шақырды.
Газет – өмірдің сан алуан саласы бойынша ой-пікір, сыр бөлісетін және тәлім-тәрбие орны. Мерзімді басылымдарға жазылмайды, оқымайды дейміз. Әр оқырман көңілін еріксіз тербеткен мәселелер журналист қаламынан туып жатса, жұртшылық газетті іздеп жүріп оқиды. Өзіме ұлы ұстаз Темірбек Қожакеев «Мен ақын дайындамаймын, ойымен елін оятатын журналист дайындаймын» дейтін. Біздің білім іздеп жүрген кезімізде студенттерді егін жинауға көмектесуге алып баратын. Сонда ортамыздағы ақын жігіттердің бірі таңертеңгі асын асығыс ішіп алып, есіктің алдындағы сабанда шалқасынан түсіп жатады. Топ жетекшісі оған арнайы барып жұмысқа баруды ескертсе, ол «Үндеме, үндеме, шабыт буып жатыр» дейтін. Бірақ оның көңілді селт еткізетін де өлеңін оқымадық. Ондайлар журналистің нанына ортақтасуға құмар. Талай жылдан бері жазған бірнеше дәптер жырларды оқырманға ұсынуға батылдық жетер емес. Өлең жазба деуге ешкімнің қақысы жоқ. Әйгілі ақын Олжас Сүлейменов «Нашар өлең атом бомбасынан қауіпті емес» деген, әйтеуір, атыңа кір келтірмесе болар. 1971 жылдың қысында редактор шұғыл жиналыс өткізіп, «Алматыдағы жоғары партия мектебіне бір адамды оқуға жіберу керек. Кім барады?» деді. Мен Тоқболатты ұсынамын, өзі газетттегі «партия тұрмысы» бөлімінде істейді, барлық жағынан сай келіп тұр, қалай қарайсыздар?» деді. Біразы мақұлдап, қол көтерді. Жиналыстан шығуына әріптестерімнің ішіндегі егде тартқандары топтасып қасыма келіп: «Сенің орның біреуге керек болды ғой. Партия мектебін бітіріп келген соң осы қызметіңе қолың жетпей қалады» деді. Менің орныма бастығым облыстық сауда басқармасының ағайыны, жергілікті пединститутты әзер бітірген, бет әлпеті сөйлескен адамының атағына қарай тоқсан құбылған біреу жайғасыпты. Редакциядағы қартаң кісілер айтқандай, екі жылдық партия мектебін бітіріп келгеннен кейін редакцияға қайта бас сұғу қиын болды.
Өмір қайшылықтан тұрады, бұған қолдан келсе опынбаған, жүрекке сақтамаған дұрыс. Осындайда таңдаған мамандығыңның халыққа қамқорлық жасау бағытына бет бұрған кәсіп екені сүйсіндіреді. Өйткені, журналистер шығаратын газет ешқандай дақ түспеген ақ қағазға басылып, халыққа тарайды… Осы «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінде 24 жыл қызмет атқарыппын. Сол ұзақ уақыттың әр күнінде атқарылған еңбек қорғасын болып балқып, газет бетіне әріп болып құйылатын еді. Шынында да ол кезде газетке басылатын әріп балқып құйылған қорғасынан жасалынатын. Ойланайықшы, ұқсастық па? Сан-салалы өндіріс, кәсіпорын, құрылыс, білім, мәдениет орындарын аралағанда кездескен барша адамдар жұмыстан кейін еркін тынығып, ұйықтап жатқанда өзім солар туралы терең толғанып, шындықпен суарылған ойымды ақ қағаз бетіне шұқшия түсіріп отыратынмын. Өйткені, газет шапшаңдықпен қоректенеді…
− Көркем шығарманың бірнеше жанрына қалам тартқаныңыз байқалады. Проза саласында алты кітап шығарыпсыз, әдеби сын, сатираға да көбірек бет бұрғаныңыз танылады, әдебиеттануда 16 монография, 11 оқу құралы бар екен. Осылардың арасында жаныңызға жақыны қайсы?
− Ашығын айтқанда, әуелі жыр мен ән толқыны болып жүректі тербеді. Себебі, поэзия айдынында еркін жүзген әулеттен шықпасам да әкем Жанбатырұлы Еңсеген ауыл-аймаққа ақындығымен кең танылған кісі еді. Көкем өз көңіліне сезім толқынын тудырған жәйтті әп-сәтте жырға айналдыруға бейімділігі басым болатын. Оған әкемнің:
Жоғалттым Тайшабар мен байталымды,
Шешпедім қалай қарай қайтарымды.
Білмей тұрмын үйінде күтіп отырған,
Сүйген жары Сәулеге не айтарымды,–деп басталатын құрдасы Тайшабар Қоразбаевқа оның елде жүргенде арнаған өлеңінен алынған үзік толық дәлел (Т.Еңсегенұлы. «Бақ құсы», Алматы: «Тоғанай Т», 2011, 221-б.). Ал шешем Үрімкүл Меңдібекқызы ұтқыр, ойлы сөйлейтін, жұртты аузына қаратқан, «Ауыл апасы» атанған, жүзінен мейірім төгілген, кең пейілді ана еді. Көкем де, анам да қой аузынан шөп алмайтын момын адамдар болатын. Содан ба, социализм орнатуда Кеңес өкіметінің шиқылдақ арбасына олар өгіздей болып өмірден өткенше жегілді. Жыр мен әнге құштарлығым менің өмірдегі жолымды табуға, мақсатымды айқындауға мүмкіндік жасады. Өзім 6-сыныптан бастап өлең жаза бастадым. Бірақ сол жырларымды бала күнімнен-ақ біреуге көрсетуге ұяламын. Анда-санда өлеңдерімді топтап Қазалы аудандық «Ленин туы» газетіне жіберетінмін. Араға айлар, жылдар салып бір-екі туындыларым қылт етіп газет бетінен көрінеді. Бірте-бірте өзге газетттерге қарай мойын созуды әдетке айналдырдым. 1961 жылы әскер қатарынан оралғаннан кейін жыр жазуды үдете түстім. Оған, әрине жан дүниеңді түгел өртеп жіберердей болатын ғашықтық алауы себепші болса керек. Болашағы бұлыңғырлау жырдың жетегіне еріп, ұйқы көрмеген талай апта, айлар зымырап өте шықты. Сол махаббат жайлы жырлардың ішінде бір өлең Сыр өңіріндегі аймақтық басылымның назарына ілігіпті.
Ғашықтық алаулаған от қой мүлде,
Мәртебесін асқақ шың еткені ме?
Айтқызбай сүйгеніме бір ауыз сөз,
Ынжықтық түбіме шын жеткенің бе?– деп аяқталатын «Ынжықтық» деген туындымды облыстық «Ленин жолы» газетіне жібердім. Ішекті үзердей ұзақ уақыттан кейін сол басылымнан хат алдым. Онда: «Өлеңіңді оқыдым. Өзіңе сонша налып, сары уайымға салыныпсыз, жаратпадық»,– деп жазып, әдеби қызметкер Р.Бекбергенова қол қойыпты. Ол тұста газет қызметкерлерінің сөзін құранда жазылған сүредей қабыл аламын. Содан біразға дейін қалам ұстамай жүрдім. Кейін Қазалы вагон депосына қарайтын мекемеде жұмыс істегенде Республикалық «Темір жол газетіне» үйірсектік таныттым. Сол басылымға «Аяз бен кондуктор» деген өлеңім жарқ ете қалды. Айым оңымнан туғандай, қайтадан шабыттана кедір–бұдырлы жыр шумақтарын ұйқы көрмей шызбайлай бастадым. Тебен мұрт шыға бастаған шақта байқағаным, талантты жастар газет редакциясын төңіректейді екен. Сондай-ақ, дарынды талапкерлер журналистика факультетіне түсуге ұмтылатыны анық танылды. Мен де солай жасадым. Осылай жырға деген ғашықтық мені журналист етіп шығарды.Студент атанған соң бұл бағытта ізденіс күшейді. Көбіне кітапхананы жаныма жақын тұтып, сондағы Абай, Лермонтов, Пушкин, Гейне, Достаевский, Белинский, Жұмабаевтардың озық ойларын, ақылдарын тыңдаймын. Олардың шығармаларын серік ету сол даналармен өздерімен тікелей сырласқанмен бірдей. Аналар қазірде де жұртшылықты кітапханада күтіп отырған сияқты сырласатын орын ғой. Осылай көркем шығарманы терең ойға, әсіресе шындыққа, зәру мәселеге құруды ептеп үйрендім. Мәселен, «О, муза» деген жырды әділетсіздік алға озып, еңбегің дұрыс бағаланбай, қапаланып жүргенде қағазға түсірдім бұл туынды:
О, Муза, төбемде сәл қалықтай тұр,
Отырғанда келсейші қамықпай бір.
Шалғайымнан сүйрелеп жәдігөйлер,
Кім екенімді жұртыма танытпай жүр.
Әзірге өзіңе айтқан жағдайым ғой,
Біреудің қасын баққан жандаймын ғой.
Көңілім аздап пайыз тапқан кезде,
Өзіңе көгершіндей самғаймын ғой.
Сол сәтте елім жайын сөз етермін
Жалғандығын өмірдің, тез өтерін.
Ойымды бір айтайын, төгіліп бір,
Сонда маған сыйлашы жыр нөсерін, деген шумақтардан құралған. Сондай-ақ,жыл сайын республика бойынша жүздеген студент жоғары білім алып шығады. Кейде, «Сол сабақ берген студенттер қайда жүр? Оларды мен неге ұмытқанмын? Сол жастарды жоғары оқу орындары ұзатқан қызды сағынғандай ниетпен неге іздемейді?» деген ой туады. Соған орай «Ұстаз сағынышы» деген өлең жазып, ән шығардым. Осындай дүниелер жетерлік.
Прозадағы ауқым кеңдігін, психологиялық, философиялық тереңдікті ұнатамын. Ақиқатты білдірсек, өмір сүру – революция сияқты. Бұл табиғи заңдылық. Күшті империяның құлқыны құрдымға құлаған арнадай. Мысалға, Қазан төңкерісі кезінде патшалы Ресей азаттық алуды аңсап «Алаш» партиясын құрған қазақ зиялыларын мұқатып, намысын таптау үшін дуалы ауыз ғалымдарды сондай бағытта пайдаланды. Дәлел келтірсек, солардың ықпалында болған академик В.В.Бартольд: «Қазақ – қарақшы, бүлікшіл, ұрыншақ деген мағынаны білдіретін түрік сөзі»,– деді (Бартольд В.В. Сочинения, Т.5. М: Наука, 1968, 535 с.). Оның бұл сөзіне қарсы кезінде ешкім ауыз ашпады. Соның салдарынан «қарақшы», «варвар» деген сөз Кеңес дәуірінде қазақ жұртының паспортына айналып кете жаздады. Кейінірек осы пікірге тойтарыс беріп өшіру үшін әйгілі жазушы М.Әуезов «Абай жолы» романындағы қазақ халқының ақкөңіл, мейрімді, бауырмал, терең ойлы, әрі жауынгер келбетін дүние жүзіне көркем шығарма арқылы шынайылықпен жеткізді. Оған кемеңгер, ақын, философ Абай Құнанбайұлы бейнесі толық дәлел болады. Ш.Айтматовтың «Боранды бекет» романы (Алматы: Жалын, 1986.) Қызылорда облысы өңіріндегі Сарыөзек тіршілігінің драмасы мен трагедиясын қозғайды. Ол өңірдің негізгі иесі «Паритет» орбиталы станциядағы бақылаушы космонавтар» екен (сонда, 110-б.). Бұл өңір біздің бағзы заманнан бергі ата жұртымыз. Оған Ш.Айтматовтың: «Сарыөзектің түпкілікті халқы – шаруа қазақ –қанша қиыншылық көрсе де ешқайда аумай сол баяғы жерде қалды. Әсте-әсте, бірте-бірте білдірместен, сездірместен Ана Бейіт айналасында атсыз қала пайда болды. Оны тек «Пошта жәшік» деп атайды. Бұрынғының жұрнағынан «Ана-Бейіт» қана қалған. Бұл Сарыөзек атырабының ең ардақты зираты болатын» (сонда, 112-б.). Жуан-жуандар Сарыөзекті басып алып, қолға түскен тұтқындардың шашын тықырлай алып, түйенің қалың төстік терісін буы бұрқыраған күйінде тұтқынның тықыр басын сол көнмен қаптап, Сарыөзек аптабының ыстығына тастайды. Күнге кеуіп тырысқан көн терінің басты шығыршықтай қысып, азиялықтықтың тікендей қайсар шашты шығарға тесік таппай, кері қарай иіліп барып бастың өзін бұрғылай бастайды. «Мәңгүртке айналған тірі өлік баласын жоқтап тұрып Найман-Ана: Сарыөзектің түтінсіз жалынында ажал аузында жатқанда Күнді сен қарғаған жоқ па екенсің?»–дейді (сонда, 115-116-б.). О, ағайын, романда қаптата көрсетілген жәйттерді, зәру мәселелерді қайта еске алып, соларды ой елегіне салып екшеу әлге дейін ауызға алынбай, қалыпты ғой. Әрекетсіз ығып жүре беріп, біз де мәңгүртке айналған жоқпыз ба?
Ескі сарыннан арылып, «өмірді жаңа, бұрын байқалмаған қырынан көрсетіп беретін әдіс» неге ойлап таппаймыз? Жаттанды тұрмыс ағымына, ығына қарай ілесу тобырларға ғана тән әрекет. Дамыған елдерге байлықты біреу жасап берген жоқ қой. Жазушы «Боранды бекет» романында Сарыөзекте ежелден қазақтар тұрып жатқанын неге айтты? Космодром уын жұтып отырған тұрғындарға түскен қаржыдан неге бермейді? Сондай шығарманы аптабына күйіп жүрген өзіміз неге жазбаймыз? Таяқ лақтырса ғалымдарға тиеді. Солар ашқан жаңалық қайда? Ауызша мақтанғанда бізге тең келетіндер шамалы. Романда «Боранды Қаранар, Боранды разьезд, Боранды Қазанғап, Боранды Едіге, Борандылықтар» деп атайды, неге? Ана бейіт Сарыөзек атырабының ең қасиетті зираты. Қазанғаптың сүйегін қоюға рұқсат ала алмай Едіге табанынан таусыла бірнеше күн шетел әскер мекемесі басшылығына кіре алмай жүрді. Кіндік кескен ата мекеніне Боранды Қазанғапты жерлей алмай сандалу не сұмдық? Боранды Қазанғапты өз ата қонысындағы баба моласына жерлеу үшін шетел әскер командирінен рұқсат сұрау қорлау ғой. Шыңғыс Айтматов «Боранды Бекет» романында «Сарыөзек» тағдырына мидай араластырып Мәңгүрт жайлы неге жазды? Жазушы: «Мәңгүрт те ит сияқты иесіне ғана пейіл. Басқа ешкіммен ол сұқбаттаспас. Бар болғаны қу қарнының қамы – қарны тоқ болса болды,»–деп неге жазған? (сонда, 115-б.). Кеңес дәуірінде біз мәңгүртке айналып кеткен жоқпыз ба? Бұл романды «Боранды бекет» деп неге атаған? Осы өңірдің әр күні неге ғасырдан да ұзақ? Шынымен біз тұрған жердің әр күні қытымыр жағдайға толы ма? Бұл қасіреттің бізге қарай соққан бораны емес пе? Мына шығарма бұдан 30 жылдан астам бұрын жарық көріпті. Содан бері туған жер тағдыры жайлы көтерілген мәселе ауызға алынбаған ба? Өз тағдырымыз жайлы әр тұрғын неге толғанбайды? Тіпті, туған жердің әрбір бұтасы жапырағын еркін жайғаны қымбат емес пе? Адам баласына оның туған жерінен қымбат не бар? Екі аяқты пендеге оның ақыл-ойынан қымбат ештеңе жоқ қой? Жоғарыда әлем, негізінен, үштіктен тұратынын айттық. Аспан – Жер, ортасында Адамұлы. Өйткені, Жаратушы тіршілік атаулының ішінде ақыл мен ойды тек адамға ғана сыйлаған. Бұл туралы әйгілі жазушы Ш.Айтматов «Боранды бекет» романында: «Олар құлдарды сап-сау күйінде ақыл-есінен таза адастыру амалын тауып, сол арқылы адам баласының болмысына дүниедегі зұлымдық біткеннің ең бір сорақы–зорақысын қолданған ғой», –деп атап көрсеткен (сонда, 115-б.). Қазақты бауырындай көретін осы жазушы біздің үстіне тау құласа да үндемейтін самарқаулығымызға күйініп айтқан болар. Өмір сүруде қаптаған осал тұсымызды көрсетіп берсе де неге ойланбаймыз?
Адамзатты терең ойға шомылдырып, дүниетанымын биіктететін шын мәнінде көркемөнер. Соның ішінде өз дәуірінің ақиқатын, жақсылығы мен қасіретін психологиялық, философиялық тұңғиық иірімде, эстетикалық биіктікте, тұтастыра кең құлашта көрсету көбіне қара сөзбен жазылатын көлемді шығармалардың үлесіне тиеді. Содан да болар, өзім қалыптасқан әдет бойынша тынысы кең прозаға қарай ұмтылыс таныта беремін. Бұған ілгеріректе шыққан «Тұтқын» атты кітаптың алғашқы бетіне: «Т.Еңсегенұлы – белгілі журналист, танымал әдебиетші ғалым, әрі көркем ойын өлеңмен де өре біледі, ән де шығарады, әдеби сын да туындатады. Солардың арасында проза саласындағы шығармаларынан оның өзіндік қолтаңбасы анығырақ көрінеді», –деп жазылған (Т.Еңсегенұлы. «Тұтқын». Алматы: Мерей, 2002, 2-б.). Ертеректе проза саласында да бірнеше жазған шығармаларымды өзгеге көрсетуге, мерзімді басылымдарға ұсынуға ұялып жүрдім. Жаратушы сыйлаған табиғатым да сондай. Өмірде, қызметте дәрежесі пышақ қырындай жоғары адамдарға жанасып, араласуға келгенде мұздатқышқа салған сазандай қақайып қаламын. Жаман қасиет – өзімді біреуге жағымпазданып жүргендей сезінемін.
Проза саласында 40-тан астам әңгіме, 3 повесть, екі роман жазылып, жарық көрді.Алғашқы кезде жазылған көлемді шығармалардың үш-төртеуін таба алмай қалдым.. Одан кейін жарық көрген әңгімелердің біразын ретімен атасақ: «Қара кемпірдің немересі», «Өмір жыры», «Өлара», «Тырналар, сұлу тырналар», «Ар», «Қызылқұм, сен айтшы», «Аялдама», «Мұңлы келіншек», «Мәңгілік сағыныш», «Шайтан бөрі», «Қос мұңлық», «Өмір деген», «Тәуекел», «Сәуле», «Сұлу жігіт», «Өсиет», «Жол» және басқа шығармалар. Осы аталған шығармалардың ішінде ертелеу туғаны тағдырдың аяусыз езгісіне дүниеден өткенше түскен, сонда да қайғысын айтып егілмеген, өмірде болған Зәуре әже басты кейіпкер етіп алынған «Қара кемпірдің немересі» атты шығарма. «Аялдама» әңгімесі кәдімгі қатынас көлігі тоқтайтын орындар жайлы жазылған шығар деп есептедім, оқысам мүлде басқаша, өмірде емі табылмаған күрделі жәйтті көтеріпті, ойланып отырып қалдым»,–дейді белгілі жазушы Қуаныш Жиенбай 1990 жылының басында осы шығарма жарық көруіне арнайы хабарласып. Әкесінің, таныс, сыбайластықтың арқасында қызметте тоқтаусыз өскен Әлдибек қайта құру кезеңінің әуелгі үйіре, дауылдата соққан қаһарлы екпініне тап болып, креслода қаһарланған, жұмсақ көлікте сәбидей ұйқылы-ояу шайқатылған, атағын аспандатқан қызметтен тұтқиылда босап қалды. Ол жоғары оқу орнын бітірісімен трест инженері, шамалыдан соң бас инженер, араға ай салып трест бастығы, алты айдан кейін республика бойынша күріш совхоздары басқармасының басқарушысы атағын иемденді. Кейде Әлдибек қатар-құрбыларымен бас қоса қалғанда, олар арнайы иінін тауып: «Сенің өсу жолыңда аялдама мүлде жоқ, ғарышқа ұшқан космонавтардай көкке қарай тоқтаусыз зымырадың. Аспаннан құлап батыр атағын алсайшы»,–деп әзілмен түрткілеп сақтандыратын. Жора–жолдастарының жорамалы дөп келгендей. Олар мұның қалай білім алғанын ұмытпаған ғой. Әңгімеде Әлдибекке күн тимей, жел тимей өсіп, айтқаны келіп, атқаны дөп тиіп, дүниені допша теуіп домалатуды қалайтын қуыс кеуде екені символға орап берілген. Бұған дәлел, ол жоғары оқу орнына түсе алмай, ауылға қайтуға ұяттан өртеніп, жасқа булыққан қыздарды аңдып, айламен қолға түсіруді аңсаған қызық қуған тірі пенде. Сондай сырты жылтырлардың айнымас бейнесі.Бұл туындыны кезінде редакторға ұсындым. Ол «Арнайы құрылған комиссия мүшелерінің талғамы бірдей болмады» деп газетке жарияламады. Арасын ұзартпай бөтен басылымға жібердім. «Аялдама» «Жұлдыз» журналының 1990 жылғы № 2 санында жарық көрді.
Мына«Тұтқын» атты роман өзінің «талғампаз оқушысын бей-жай қалдырмай, оның сезімтал жүрегін сергітіп, елеңдетіп, оқырманын бірде қуантып, бірде ызаға булықтырып, арасында мұңға батырып, толғантып, ойын байытатын және мына қым-қуыт өмірге зерделі жанармен қарауға себепкер болатын көркем дүние. Өйткені, мен бұл туындыны жасауда көңіл дариясының терең ағысындағы түйдектеле тулаған жұмбақ сансыз иірімдердің сырын ашуға ұмтылыс жасадым. Себебі, көркем психология дегеніміз – әрбір кейіпкердің ішкі әлеміне үңіліп, оның жұдырықтай жүрегінің соғысын, қан тамырының ыстық бүлкілін айнаға түсіргендей жанды түрде бейнелеу ғой. Сондықтан да осы романның жөн тартар негізгі желі арнасы – әділет пен зұлымдықтың қиянкескі арпалысы, өмірі ымыраға көнбес, қылыштаса кескілескен шайқасы болып табылады. Сол мақсатқа жету барысында кешегі кеңестік заманның тоқырау кезеңінің зәредей шындығы осы кең арна ішімен буырқана тулап, жөңки ағады. Романдағы басты тұлға – Жаңабай Ақтілеуов. Ол ой азығы мол, рухани қазынасы бай, әрі еңбекшіл, іскер, білімді, адамгершілігін кір шалмаған жаны таза адам. Әрі намысшыл. Жаңабай редактор Қарғабай Алтаевтың аяусыз езгісін көреді. Қуғынға түседі. Оған іштей күйініп, шексіз азапқа батады. Әйтсе де ол көнбістілігінен ба, мұндай қорлыққа төзіп, өмір көрігінің от пен жалынының арасында шыңдалып, әділетсіздікке қарсы күресуге тырысады. Сонымен бірге, бұл туындыда аңыз-әңгіме, табиғат, хайуанат бейнелері романдағы басты-басты кейіпкерлер образдарының мінез-құлқын айқындап, толықтыра түсу ниетінде және символикалық тұрғыда қолданылады. Ең бастысы – бұл шығарма өмір болмысының ақықтай ақиқатынан жаратылған дүние сияқты. Содан да мұны кеңестік замандағы тоқырау кезеңінің көркем сөзбен кестелеген шежіресі десе де жарасады. Романды баспадан шығарып алып келе жатқанда вагондағы сапарласым бір кітапты алып ұзақ уақыт парақтады. Мен оған: –Роман жайлы не ұқтыңыз. «Тұтқын» деген сөзге қалай түсінесіз?»–дедім.
–Мына шығарма түрмеге түскен сотталғандар жайлы шығар,–деді.
–Біз алаяқтардың, екіжүзділіктің, жауыздықтың, өтірікші, өсекшілердің, әкімгершіліктің, байлық қуғандардың тұтқынындамыз. Мына романда солар жайлы, әділет пен зұлымдықтың арпалысы шынайылықпен суреттеледі,–дедім. Көршім кітапты өзіме қарай ысырды. «Мәңгілік сағыныш» атты он бірінші томға «Бақ құсы», «Анаға ескерткіш», «Емен» атты повестер және тоғыз әңгіме, бірнеше новеллалар енген. Біз көбіне тұлға мен тобырды ажырата алмай жатамыз. Содан өмір қайшылықтары күшейіп, әділетсіздік кейде алға озып кетіп салтанат құруға ұмтылады. Бұл күрделі мәселенің түйіні – әлі де сананың, ой-өрістің биіктігі әрқилы деңгейде екенін байқататын сияқты. Осы кітаптың атауымен берілген «Мәңгілік сағыныш» деген әңгімедегі мектепті енді ғана бітірген, таңғы шықтай мөлдіреген, ақ қағаздай дақ түспеген екі жастың арманына қарашы!? Сыныптастары Меңлібайға «Сен қайда барасың?» дегенде: –Мен тез арада механизатор мамандығын меңгеріп, шөл даланы қақ жарып Аралға қарай тартылған арналарды қазуға барамын,–дейді.
–Тракторист болу үшін үнемі үздік оқымай-ақ, мен сияқты орташа оқымадың ба?
–Қызылқұм мен Қарақұм Арал теңізінің өкпесін екі жақтан қысып келеді. Шөлді игеріп, теңізді сақтап қалу керек. Сондай күрделі мәселелерді енді біз істеуіміз қажет,–дейді Меңлібай. Ал әсемдігімен айды таңдандыратындай, мектептің үздігі Қырмызы: «Москваға барып оқып, терең білім алып, әлемнің озық жетістігін осы өлкеме енгізуді мақсат еттім» дейді. Байқаса, Москвада оқып жатқандар еліміздегі билік тұтқасын ұстағандардың балалары екен. Күнде туған күн, думан. Қырмызы:–сіздердің сабақты үлгірулерің мүмкін емес қой деді.– Оныңыз рас, оған да айла таптық. «Орысшаға түсінбейміз, немесе басқа ұлт студенттеріне қысымшылық жасаудасыздар», деп оқытушыға өтірік жала жабамыз»,–деді ақсүйек ұрпақтары. Олар ақыры Қырмызыны алдап-арбап түсіріп, қос ғашықтың арманын күлпарша етті. Шығарманың ең соңы екеуінің көңіліндегі мұң-зар толқыны «қайғылы Арал теңізінен айнымайды…» деп түйіндедім. Жинаққа енген «Бақ құсы» повесінің негізгі өзегі – адамды, ұлттық дәстүрді, ана тіліңді сүю және адамгершілік пен ұрпақ бесігін ақ ниетпен тербету. Бұған шығармадағы басты кейіпкер, жетім балалар үйінің тәрбиешісі Сараның: «Енді мұнан да ауыр қасірет тартқан тағы үш жетім тағдыры үшін аянбай арпалысқа түсуім керек. Олар – абақтыға қамалған күйдегі ана тілім, ғасырлар бойы талауға, тонауға түскен ата бабамның асыл дәстүр – салты және анау жетімдер үйіндегі құмырсқадай шұбырған панасыз, мұңлы бөбектер. Осы үш алып бәйтеректі жоғалтсақ – елдігімізден айрыламыз. Онда тірі жүріп не керегі бар»,– деген сөзі дәлел. Повесть бірнеше сатыда дамып, философиялық толғамдар арқылы оқырманын терең ойға жетелейді. Ал «Анаға ескерткіш» повесінде Үрімкүл бейнесі қайғылы, шерлі, апатқа ұшырап әлсіреген Арал теңізі келбетінен аумайды. Өмірбақи іште шемен болып қатып қалған аяулы анам Үрімкүл Жанбатырова жайлы қапалы көңілдің өксігі мен өкініші қосыла түйдектелген қилы-қилы кезеңдердің уытты сырлары сәт сайын көмейге келіп тіреледі.
Сатира мен юмор – дүниенің сұлулығын, тыныштықты қорғайтынын ұнатам. Соған орай бұл салада көбірек қалам тарттым. Осы бағытта жазылған көркем дүниелерді жариялауға қаржы жағы кедергі. Ашығын білдірсек, жат қылықты қаламайтын семсер жанрлар жырмен де және қара сөзбен де жазылады. Соған сәйкес «Шайтан бөрі» атты кітапқа сатиралық поэмалар мен сатиралық повестер, сықақ өлеңдер, әзіл әңгімелер, шартты фельетондар енгізілді (Еңсегенұлы Т. «Шайтан бөрі». Алматы: «Тоғанай Т.» 2011.). Әуелі «Сыбайлас жемқорлар – із білдірмес ұрылар» деген атаумен сатиралық поэмаларды жұртшылық назарына ұсындым. Себебі, соңғы кезеңдері мемлекет байлығына қолын аямай сұғып, «түйені түгімен, машинаны жүгімен» қылғытып жіберетіндер атқа мінерлер арасында тіпті өршіп кетті. Мемлекет байлығын молайтуға басшылық етем деп келген кейбір министрлердің өзі құлқынынан қағынып абақтының ауылынан шықты. Соған сәйкес олардың алаяқтығын ауқымды етіп көрсетіп, алдыңғы қатарға шығардым. Кітаптағы сатиралық поэмалар қатарына: «Құлқынбаев бастаған жылпостар», «Сағдат нағыз жалмауыз», «Жыланша арбап шағады», «Көкесінің күші», «Мамандығын білмей тұтылды», «Солақай тәрбие»,«Сағдат мансапты аңсады», «Құлқынның құлы», «Алаяқтығын әрі қарай дамытты», «Жалмауыз» атты шығармалар жатады (сонда, 3-22 бет аралығы.).
«Шайтан бөрі» кітабындағы «Сықақ өлеңдер» бөліміне 14 өлең еніпті (сонда, 23-38-б.). Келесі, «Әзіл әңгімелер, мысқыл, фельетон» бөліміне 16 шығарма, «Алаяқтар жайлы хикаялар» бөліміне үш сатиралық повесть енген (79-132 беттер аралығы.). Қысқасы, осы «Шайтан бөрі» кітабына енген сатиралық шығармаларда өмірдің көлеңкелі жағына тасаланып, жағымпаз, жылпос, парақор, мансапқорлығымен жыландай жөрмелеп, білдіртпей шағып, уын жайып жүретін қара ниеттілерді жағасынан ұстап, жұрт алдына сүйреп шығарып, аямай әшкерелеуге тырыстым.
Жыртқыш, ет жейтін, қан соратын хайуанаттар қараңғыға бой тасалап жүріп әрекет жасайтын болса, адамдар арасындағы арамтамақ пенделер де содан айнымайды. Олардың әлгіндей залымдық, қиянатшыл болмысы мұндағы шығармалардың көбінде образды түрде бейнеленді–ау деймін. Жинақтағы әрбір шығармаға өмірдің шынайы көрінісі арқау болып тартылып, көркем тілмен жазылғандықтан оқырман көңілін оятып, айызын қандыра берер деген үміттемін. Сатиралық юмор – жақсылықты, шындықты, адалдықты, дүниенің сұлулығын қорғайтынын ұнатам, әйтпесе жамандық төбеге өрлеп кетер еді.
Әдеби сын арқылы көркем шығармаға тереңдік тіледім. Содан болар әдеби сынға деген құштарлық ертерек пайда болды. Осы бағытта жазылған мақалалардың қолда сақталып қалғаны 70-тен асады. Кейінгі кезде соларды топтап «Көркем ойдың көкжиегі» және «Тереңге сүңгіген інжу іледі» деген көлемді екі кітап шығардым. Бұл еңбектерде, әуелі тозбайтын мұра жасауда халқымыз пір тұтқан, сондай-ақ әлем мойындаған тұлғалардың көркем шығарма туындатудағы даралық ерекшелігін ашып көрсету мақсат етілді. Сондықтан ең бірінші, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлына тағзым ете отырып, оның философиялық тереңдікте шығарма жасаудың үлгісін туындатқанына дәлел ретінде ұлы Абайдың «Қара сөздер» атты шығармасындағы сол бағытта жазылған бірнеше ғақлиясына талдау жасалынды. Сосын, есімі дүниеге кеңінен тараған әйгілі жазушы Шыңғыс Айтматовтың көптеген шығармаларының тереңіне үңіліп, сипаттама жасап, соның ішінде дүние жұртшылығын тамсандырған «Ақ кеме» шығармасына жан-жақты талдау жасалынды. Ондағы ниет – әдебиетті сүйетіндер мен қаламгерлерге атақты суреткердің мәңгілік рухани дүние жасаудағы ерен шеберлігінің сырын ашып көрсету және сондай тозбайтын шығарма тудырудағы шеберлік жолын мүмкіндігінше таныту болды. Өйткені, Ш.Айтматов психологиялық тартымдылықпен типтік образдар жасап, философиялық пайымдаулар туындатып, өмірдегі зәру мәселелерді көтеріп, соның бәрін лирикалық тілмен өрнектеп, оқырманын толғанысқа түсіретін көркем ойдың нағыз кемеңгері еді. Сондықтан оның шығармаларының тұңғиығына көз жеткізіп, түсініп игеру де оңайға соқпайды. Соған сәйкес бұл бағытта едәуір ізденуге тура келді. Нәтижесінде, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің 2008 жылғы 17 қыркүйектегі санында «Ақ кеменің әлемі» деген мақалам жарық көрді.
Сондай-ақ, туған жер топырағынан шыққан көркем ойдың алыптары: Мағжан Жұмабаев, Әбіш Кекілбайұлы, Олжас Сүлейменов, Ғабит Мүсірепов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Сәкен Сейфуллин, Әбділда Тәжібаев, Асқар Тоқмағамбетов, Зейнолла Шүкіров, Қадыр Мырзалиев және басқа сөз зергерлерінің көркем шығарма жасаудағы өзіндік ерекшеліктері арнайы сөз болады. Бұған қоса, ілгеріден көркем шығармасымен аты шыққан оншақты жазушылар мен кейін таныла бастаған бірнеше талантты қаламгерлердің шығармалары назарға алынып, орнықты бағасы берілді және әдебиеттану саласындағы қойыртпақ еңбектер де назарға ұсынылады. «Әдеби сын – көркем шығарманың әділ таразысы. Онда: «Шыңғыс Айтматов өз шығармаларындағы философиялық түйіндеулерін айдынды ақылына салып қорытып, сезімтал жүрегінің сүзгісінен елеп – екшеп өткізіп, гауһардай мөлдір қалпына жеткен кезде көгілдір аспанның шырқау биігінде қалықтаған ақша бұлттың ар жағына апарып жасырады. Онысын қалың оқырман тек оймен іздеп табуы керек»,–деп жазады (Еңсегенұлы Т. Көркем ойдың көкжиегі. Алматы: Арыс, 2011, 10-б.).
Кейінірек Еуропа, орыс қаламгерлеріндей модернизм, әсіресе символизм ағымында тозбайтын шығарма жасаған Мағжан Жұмабаевтың ақындық ерекшелігін көрсетуге ұмтылдым. Өйткені, бұл тұлға мұраларын зерттеушілердің көбісі оның символдық, түрікшілдік шығармаларын айналып өте берді. Сол мақсатты орындап, «Түркі дүниесін жырмен оятқан ақын» деген мақаланы екінші әдеби сын жинағыма енгіздім. Онда: «Мағжан ұлтымен бірге күллі адамзат баласын сүйгендігіне оның шығармалары куә. Ол әлемдік тақырыпқа алғаш барған қазақ ақыны»,–деп бағалағаным орынды сияқты (Еңсегенұлы Т. Тереңге сүңгіген інжу іледі. Алматы: Тоғанай Т, 2019, 37-б.). Енді әдебиеттегі модернизм және постмодернизм ағымында жазылған шығармаларға талдау жасаған менің «Мәңгүрт–символдық бейне», «Астыртан майдан алапаты», «Ар-ождан алға шықты», «Үйде көргенін қайталайды» атты сын мақалаларым жоғарыда көрсетілген менің «Тереңге сүңгіген інжу іледі» деген ідеби сын кітабыма енді. Жаңа ағымда жазылған көркем шығармалардың тереңге жасырған сырын табуға көмегі тиер (сонда, 74, 258, 263, 267-б.).
Намыс үшін тың ғылыми жаңалықтар ашылды. Сол мақсаттардың тиянақты орындалғанын айқын таныту ниетінде бірнеше зерттеу еңбектерге қысқаша сипаттама берейік. «Авеста» – тәңірлік дін негізі, қазақ әдебиеті мен философиясының архетиптері» деген монографиялық еңбекте түркілер табынған тәңірлік діннің, қазақ әдебиеті мен философиясының түп-төркіні әлемдегі тұңғыш қасиетті шығарма, 21 кітаптан құралған, поэзия тілінде жазылған, дүние мәдениетін шырқау биікке көтерген «Авеста» кітабында жатқаны тұңғыш рет ғылыми негізде дәлелденді. Осы айтқанымызға бұл кітаптың алғашқы бетіндегі терең зерттеуден туған «біздің бабаларымыз – көне түркілер бағзы заманда-ақ көшпенділер тұрмысына сай түркілік–ұлттық дәстүрін, наным-сенімін, әдет-ғұрпын, тәңірлік дінін, философиялық, күнтізбе жасау жолдарын ойлап тауып, жаһан таныған жетістіктер қатарына елеулі үлестерін қосты»,–деген тұжырым толық дәлел болады (Еңсегенұлы Т, «Авеста» – тәңірлік дін негізі, қазақ әдебиеті мен философиясының архетиптері».Тоғызыншы том. Алматы: Тоғанай Т, 2018, 2-б.). Сол ежелгі бабалар жасаған елеулі жетістіктерді кезінде жете зарттеп, игермегендіктен күшті империяның намысқа тиер кекету сөздеріне тап болдық. Содан көне мәдениетімізді тереңдете игеруге күш салдым. Осы қасиетті шығарманың дәуірін, туған жерін, кім жасағанын, қай аймақтарға тарағанын және біздің бабаларымыздың осы дінге табынғанын, ежелгі ата дәстүрі, даналық мұралары, мифтік шығармалары, келелі аңыздары табиғатқа табыну нанымдары, негізгі кәсіптері сол қасиетті шығарманы жасауға арқау болғанын тарихи–типологиялық, синтездік негізде тереңдете талдау жасау арқылы мәлімденудің нәтижесінде әдебиетіміздің түп-төркіні 10 ғасырға ұзартылды. Тәңірлік дін негізі жазылған «Авеста» және көркемдік әлеміндегі архетиптер біздің әдебиеттану ғылымында тұңғыш рет зерттелінді.Оныншы томдағы: Т.Еңсегенұлы, «Авестадағы заңдар жинағы және қазақ әдет-ғұрып қағидалары» (Алматы; Тоғанай Т, 2018.) деген еңбек менің ұзақ уақыт зерттеуімнен туған құнды жұмыс. Бұрын білдіргендей, «Авеста» кітабының бес бөлімі ғана бізге жеткен. Соның ішінде толық күйінде сақталғаны «Авеста» «Жаманшылық жасаушыларға қарсы заң» атты бөлім. Түйіп айтсақ, «Авеста» шығармасында түркілердің көне тәңірлік дінінің негізі жатқанын пайымдадық. Бұл күрделі мәселеге неге баса көңіл бөліп отырмыз? Жалпылама түрде айтсақ, көне мәдениеті, көне діні, көне жазуы жоқ елдер жабайы, тобырлар қатарына жатады. Соған сәйкес әрбір адамның бойында ұлттық намыс, ұлттық жігер, ұлттық сана, ұлттық дәстүр, тәрбие, ұлттық мінез болуы керек. Сонда ғана әр адам туған отанының, мемлекетінің дамуына өз үлесін қосуға талпынады.
«Авеста» шығармасындағы заңдар жинағын жеке алып зерттеудегі басты мақсат: бірінші, бұл бөлімді тұтастай алып тексеріп, оның дәуірін, туындау себебін, жасалған аймағын анықтап, жинақталған ғылыми қорытынды жасау еді. Екінші, сол заңдар бөліміндегі 22 тарауды түгелдей қазақшаға аударып, бұл жыр үлгісінде жазылған мұраның көркемдік деңгейін, диалогқа құрылу мәнін, жанрын, ғасырларды аттап бізге жеткендегі құндылықтарын саралау болды. Үшінші, «Авестадағы» заңдар бөлімінің қазақ халқының ежелден қалыптасқан дәстүр, ырым, әдет-ғұрып, жораларымен және даланың әділет, құқық, билік заңдарымен салыстырып зерттеп, бағзы замандағы аталар жасаған мәдениет, әдебиет, тарихымыздың төркіні тереңде жатқанын ғылыми негізде дәлелдеу еді. «Авеста» шығармасы әлемде бақытты заман орнатуды, адам ғұмырын ұзартуды, тыныш заман қалыптастыруды көздейді. Сол үшін жаманшылыққа қарсы заң шығарған. Демек, бұл еңбек әрбір адамға саналылықпен өмір сүрудің жолын мегзейді. Осындай құндылықтар көп. «Авеста» кітабындағы заңдар жинағы қазақ жұртына тұңғыш рет жеткізіліп, қазақ дәстүрі, дала заңдарымен алғаш рет салыстыра қарастырылды. Бұл ұлттық ғылымға қосылған тың жаңалық. Қорыта айтқанда, «Авеста» шығармасы бізге жеткен бөлімдері түгел қамтылып, тұңғыш рет тұтастықта зерттеліп, ғылыми тұжырымдар жасалынды. «Авеста» шығармасының туған дәуірі, қай жерде жасалғанын ғылыми негізде тұжырымдадық. Бұл қасиетті мұра ең беріден санағанда б.з.б. ҮІІІ ғасырда Орта Азияда, Сырдария мен Амударияның Арал теңізіне құярлығындағы Хорезм өңірінде жасалғанын дәлелдеп тұжырымдадық. Осы «Авеста» шығармасының өзегі көне түркілер табынған Тәңірлік дін екенін ғылыми негізде дәлелдедік.
«Қорқыт ата – түркілердің рухани кемеңгері» атты жетінші томда бұл баба «Авеста» кітабын жасаған Спитама Жаратуштраның тәңірлік дін ілімін жалғастырушы пайғамбар болғанын ғылыми негізде түйіндегенде, ол түркі дүниесінің рухани кемеңгері атанғанын мәлімдегенімізді, екеуі де адам ғұмырын ұзартудың жолын іздеген, өлімге қарсы күрескен ұлы ойшыл ретінде халық есінде сақталғанын айқындағанымызды жария етуіміз керек. Сондықтан, Қорқыт ата жайлы сөз қозғау жұмысы аса күрделі мәселе. Оған дәлел келтірсек, Қорқыт ата – дүниедегі тұңғыш қасиетті кітап «Авеста» шығармасын жасаған, көне түркілердің тәңірге табыну ілімінің негізін қалаған, әлемдегі тұңғыш философтардың бірі Жаратуштра ілімін тікелей жалғастырушы дара тұлға. Бұл зерттеу еңбектің ерекше құндылығы – Қорқыт ата жайлы сөз қозғағанда, ең бірінші, сол бабамен біте қайнасқан тәңіршілдік әлемінің бүкіл болмысын, табиғатын және оның ішкі жан дүниесін алғаусыз танытатын қазақ халқының қалың аңыздары еске түседі. Өйткені, Қорқыт атаның адам ғұмырын ұзартуды көздеп толғанғаны, сөйтіп, желмаясына мініп дүниені шарлағаны, қара қобызда күй толғап, ажалды тоқтатқаны, қысқасы, өмірде мәңгі жасайтын тек өнер екенін қобыз сазымен меңзегені… бәрі, бәрі Қорқыт ата жайлы қазақ аңыздарында сақталған (Еңсегенұлы Т. Қорқыт ата – түркілердің рухани кемеңгері. Монография. Алматы: «Тоғанай Т», 2016 ж. Себебі, Қорқыт ата уағыздаған көне түркілердің Тәңірлік дінінің басты-басты қағидалары, дұға сөздері, өмір сүру ережелері де қазақ халқының Қорқыт жайлы аңыз, мифтерінен бекем орын тауып бізге жетті. Оның мәні – Қорқыт ата қазақ жерінде ғұмыр кешкен. Сондықтан, бұл баба жайлы зерттеуді «Қорқыт ата –Қазақ аңыздары –Тәңірлік дін – Жаратуштра – «Авеста» және қазақ философиясының төркіні» деп, осылай тұтастыра, жалғастыра тереңдете тексеру жасау арнайы қолға алынып, сол жүйе бойынша біліктілікпен талдау жүргізіліп, орнықты ғылыми тұжырымдар жасалынды.
Сондай-ақ, осы монографияда «Қорқыт ата кітабы» эпосының зерттелуі, оған В.В.Бартольдтің қосқан үлесі, Қорқыт ата дәуірі, оның өмір сүрген кезеңі, тарихи келбеті, баба жырының құрылысы, басты тұлғалар бейнесі, «Қорқыт ата кітабы» «Оғызнама» шығармасының жалғасы болып саналатыны, өзектестігі, баба жырының қазақ поэзиясына ықпалы және басқа да сөз етуге қатысты күрделі мәселелер кең тұрғыда зерттелініп, жаңа ғылыми қорытындысы шығарылды.
«Сыр бойы ақын-жыраулары, олар жасаған шығармалар ерекшеліктері» атты еңбекте шамамен ХІХ ғасырдың бірінші жартысы мен ХХ ғасырдың екінші жартысы аралығында өмір сүрген, табиғи дарындылығымен ерекше танылып, ел есінде сақталған Сыр бойы ақын-жырауларының артында қалдырған рухани мұралары алғаш рет толымды түрде, ғылыми негізде жеке алынып, жүйелі зерттелінді және сол ғасырлар арасындағы қазақ әдебиеті тарихының іргелі мәселелері қоса көтерілді. Ең бастысы, бұл жыр дүлдүлдерінің ұмытыла бастаған есімдері қайта тіріліп, екінші рухани ғұмыры басталды. Осы өнер бәйгесінде суырылып алға озып, ерен дарындылығымен танылғандардың есімі ел аузында жатталады. Олар: Балқы Базар, Ешнияз сал, Әзілкеш Шымырұлы, Қарасақал Ерімбет, Бұдабай Қабылұлы, Дүр Оңғар, Құлан Алдабергенұлы, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Күдеріқожа Көшекұлы, Керейт Даңмұрын Кенжебекұлы, Қаңлы Жүсіп Қадірбергенұлы, Шәді Сеңгірбайұлы, Тұрмағамбет ақын, Ыспан Сүлейменұлы, Найман Жұманазар Үрімқұлұлы, Кете Есенжол, Абақан – Кете Аманжол, Кете Есімбай, Керейт Құлмағамбет, Жаппас Кеншімбай, Шобдар Сәрсенбай, Кете Шахар, Таубай Қирабайұлы, Молда Бәйім, Табын Сейдәлі, Әлім Сайын, Жақайым Еспембет, Құлжан Келімбердіұлы, Нұрмағанбет Қосжанұлы, Дәріқұл Өмірқұлұлы, Қобылан Қожаназарұлы, Әбділдә Махамбетұлы, Нұрғали Балтамбекұлы, Ырысты, Ділдә, Мекеш қыз және басқа ақын-шайырлар (Еңсегенұлы Т. Сыр бойы ақын-жыраулары, олар жасаған шығармалар ерекшеліктері. Сегізінші том. Алматы: «Тоғанай Т». 2016, 6-б.). Сыр бойы ақын-жыраулары дәуір шындығын жырлауда эстетикалық талғам биігінен танылып, мәңгі тозбайтын мол мұралар жасады; өлең, дастандарды өнер аспабымен толғап туындатып, тың мақамдарды дүниеге әкелді; Қорқыт ата сарынын жалғастырып, философиялық жырлар арнасын кеңейтті. Жазба айтыстың бірнеше түрлерін өмірге енгізді; Сыр сүлейлерінің рухани мұралары ұлттық құндылықтардың гауһарына айналды; Тұңғыш рет толымды түрде зерттелініп, ғылыми бағасы берілді.
Ұлттық рухани байлығымызды бұрынғыдан да кемелдендіре түсіріп, әлемге таныту үшін әдебиеттану ғылымының барлық саласына, әрбір жанрына терең талдау жасап, ғылыми тұрғыда сыр-сипатын ашып, бұрын игерілмеген соны жаңалықтарды өмірге енгізуіміз керек. Сондай құнды тақырыпқа жазылған жұмыстардың бірегейі әдебиеттануда тұңғыш рет тұтастықта зерттелген «Қазақ мысал жанрының тарихы мен теориясы» атты монография. Турасын айтсақ, бұл сатиралық жанр қазақ халқымен бірге жасап, тозбайтын көркем мұрасына айналса да әлі толымды түрде тереңдете тексерілмепті. Осы жанр бойынша ілгеріде кандидаттық диссертация қорғауды қолға алдым. Сонда байқағаным Кеңес дәуірінің алғашқы кездерінде кейбір зерттеушілер мысал өлеңдер қазақ жеріне Крылов мысалдары жеткеннен кейін пайда болды дегенді шығарады. Қазір осы әдейі қарастырылған еңбекте сол күрделі мәселелер ғылыми негізде шешімін тапқан сияқты. Атап айтқанда, қазақ мысалының тарихының өзін халық ауыз әдебиетіндегі мысал, Абай дәуіріне дейінгі, Абай дәуіріндегі қазақ мысалы, ХХ ғасыр бас кезіндегі және Қызыл империя дәуіріндегі қазақ мысалы деп сегіз тарауға бөліп зерттедім (Еңсегенұлы Т. «Қазақ мысал жанрының тарихы мен теориясы». Онүшінші том. Алматы: «Тоғанай Т», 2019, 249 б.). Бұл жанр теориясын ашуда, әуелі оның дара құрылысына терең талдау жасалынып, мысалдағы сюжет, сатира, персонаж, образ, тіл, стиль даралығына жеке-жеке тексеру жүргізілді және мысалдың фольклормен етене туыстығының сырын ғылыми негізде аштым. Үнемі ескерусіз қалып келе жатқан А.Байтұрсынұлының халқын оятуға арналған дауылпаз шығармасы «Қырық мысал» кітабына жан-жақты талдау жасалынып, бұл мұраның құндылығына шынайылықпен көз жеткізілді.
Түркі руна жазба ескерткіштері тұңғыш рет тұтастықта зерттелінді. Оған себеп ежелгі дәуірдегі бабаларымыз көне түркі руна әрпімен биік қабырға тастарға және қағазға жазып, келешек ұрпаққа құндылығы жоғары, аса мол рухани мұра қалдырды. Сол көне түркі руна жазба шығармаларды түгел жинастырса ең кемі алты-жеті томдық еңбек болады. Бұл құнды жазбалар осы кезге дейін түгел жинастырылып, транскрипциясы мен аудармасы жасалынып, тұтастықта арнайы зерттелінген емес. Қазірде де анау мәңгілік рухани мұраларға бетбұрыс барысы самарқау. Түркілік-ұлттық мұраны жоғалтып алмас үшін Енисей, Талас, Алтай, Тұрфан, Орхон бойындағы биік қабырға, жалпақ тастарға түсірілген және ақ қағазға жазылған көне түркі руна жазба ескерткіштері мүмкіндігінше тұтастай тереңдете зерттелініп, 5 томдық монографиялық еңбек етіп жазып, жария еттім.
Бірінші том «Енисей бойындағы көне түркі руна жазба өлеңдері, оған қазақ тайпаларының қатысы», деп аталады. Көне түркі руна жазба ескерткіштерін: көне түркі руна жазба өлеңдері және көне түркі руна жазба дастандары деп екіге бөліп зерттеу қолға алынды. Бізге дейін «Көне түркі жазба өлеңдері» деген сөз ауызға алынбаған. В.В.Радловтың мола басындағы құлпытас деген сөзі үстемдік құрып тұрды. Сонымен, біз жасаған бірінші том – «Енисей бойындағы көне түркі руна жазба өлеңдері» деп аталды. Шын мәнінде, Енисей бойындағы жазба ескерткіштер – түркі тайпаларының билеушілері мен батырларына арналған өлеңдер еді. Айрықша айтарымыз, бұл руна жазба ескерткіштерді дүниеден өткен тайпа тұлғалары атынан жазылды. Осы мәдени ескерткіштерде қайтыс болған адамның ерлігі мен бірге оның тайпа билеушісіне адал қызмет көрсету арманына жете алмай кеткені көбірек баяндалады. Соған орай, бұл ескерткіштердің көбісі жоқтау түрінде қалыптасты. Көне түркі руна ескерткіштерін поэзиялық шығарма деп ғылыми тұжырым жасаған И.Стеблева еді. Зерттеуші М.Жолдасбеков арасында қара сөздер де кездеседі деп айтқан, бірақ орнықты дәлел келтірмеген. Шетел зерттеушілерінің көбісі көне түркі руна ескерткіштерін «Мола басындағы құлпытас» деуден әрі аспады. «Енисей бойындағы көне түркі руна жазба өлеңдері» атты еңбекте руна жазбаларына талдау жасау синтездік тұрғыда жүргізілді және көне түркі мәдениеті, тарихы, нанымы, жазуы, кәсібі, түркі психологиясы қоса зерттелінді. Руна жазуының түркі, қазақ тайпаларының таңбаларымен етене ұқсастығын салыстырмалы түрде зерттеп, бұл пікірдің дұрыстығын ғылыми тұрғыда дәлелдедік(Еңсегенұлы Т. Енисей бойындағы көне түркі руна жазба өлеңдері. Монография. Бірінші том. Алматы: «Тоғанай Т». 2013, 13-б.). Көптеген тастарға ойып түсірілген суреттер тәңірлік діннің қағидаларына сүйеніп жасалынғанын ғылыми негізде түйіндедік.
Екінші том «Ырқ бітіг» кітабы және қазақ, шығыс даналығы» атты еңбек ерекше тың жаңалықты көтеріп шықты. Ол қағазға түсірілген түркі руна жазба мұралары. Көне түркілер биік жалпақ тастарды дәптер етіп, мәңгілік рухани мұралар жасаумен бірге сол көне түркі руна әрпімен ақ қағаз бетіне де түсіріп, бума-бума жазбалар қалдырған. Оған Турфан аймағынан табылған бірнеше папка жазбалар мен «Ырқ бітіг» – «Алдыңды болжап бал ашатын кітап» атты өлеңдер жинағы дәлел.(Еңсегенұлы Т. «Ырқ бітіг» кітабы және қазақ, шығыс даналығы. Монография. Екінші том. Алматы: «Тоғанай Т». 2014, 10-б.). Мына еңбекте көне түркі руна әрпімен қағазға түсірілген осы жазбалар мен «Ырқ бітіг» кітабы түркітану саласында алғашқылардың қатарында зерттелініп, негізгі мәтін мен транскрипциясы, қазақша аудармасы жарияланып, оған әдебиеттану тұрғысынан терең талдау жүргізіліп, қазақ халқының және шығыстың даналық шығармаларымен салыстыра қарастырылып, ғылыми орнықты байлам назарға ұсынылды.
Үшінші том «Алтай, Талас жазбалары: уақыт пен кеңістіктегі көне түркі іздері» деп аталады. Таулы Алтай – әлемдегі ең қасиетті орын. Соның ішінде біздер –түркілер үшін көне бесік. Себебі, Алғашқы адамзат Африкада пайда болып, өсіп-өніп, сол жерге сыймай, тасқын судай ақтарылған адам баласының қалың легі ұзыннан–ұзақ созылып жатқан Таулы Алтайды мекендеп, Алтай қауымдастығы пайда болды. Солардың ішінде түркі тілдестердің орны ерекше, бұл өңір олардың құтты мекеніне айналды. Таулы Алтай жоталарынан осы уақытқа дейін 83 көне түркі руна жазба ескерткіштері табылды. Сол мәдени мұралар бірсыпырасының қазір орнын табу да қиын. Соған орай, жанұшыра еңбектеніп бабалардан қалған жазба мұралардың көпшілігін жинап алдым, тастардағы негізгі мәтіндер көшірмесі қолымызға түсті. Ал жоғалып кеткен көне түркі руна жазбалардың көшірмесі сол өңірлердегі мұражайлардан табылды.
Таулы Алтай бағзы заманнан ежелгі түркілердің құтты мекені болған. Сондықтан зерттеу жұмысын тарихи-типологиялық, синтездік тұрғыда жүргізіп, адамзаттың Таулы Алтайды қоныстануы және Алтай тілді қауымдар мәдениетінің қалыптасуы, уақыт пен кеңістікті игеруден жазу мәдениетінің туындауы, түрік сөзінің, түркі жазуының түп негізі, түркі дәстүрі, олардың қаһармандық ерлігі, түркі кәсібі, бәрі, бәріне сабақтастырыла терең талдау жасалынып, ғылыми бағасы берілді. (Еңсегенұлы Т. «Алтай, Талас жазбалары: уақыт пен кеңістіктегі көне түркі іздері». Монография. Алматы: «Тоғанай Т». 2014). Талас жазбаларына тереңдете ғылыми сипаттама жасалды, өзіндік ерекшелігі, дәуірі, тарихы жан-жақты көрсетілді (осында, 268-б.).
Төртінші том «Күлтегін ескерткішінің сарыны және қазақ тайпаларының іздері» деген атаумен жарық көрді.Бұл жазба ескерткіш түркі империясын орнатуда даңқы шыққан атақты қолбасшы Күлтегіннің ерен ерлігін шынайы қалпында баяндайды. Осы жазба ескерткіште түркі мемлекетін орнатудағы ұлы жорықтардың көшбасшысы атанған қағандар: Бумын мен Істемі, Елтеріс пен Қапаған, дара туған дана Білге қағандардың ел басқарудағы таланты айшықталып, олардың образдары сомдалған. Сондықтан Күлтегін жазба ескерткішін бірнеше жыр-дастаннан құралған эпопеялық шығарма деуге негіз бар. Сол қаһармандық жорықтардың бәрін дәу қабырға тас бетіне тор көз дәптерге жазғандай етіп сығылыстырып түсірген Күлтегіннің немере інісі Білге қағанның баласы, ақын қаған Йоллығ–тегін еді. Бұған оның осы тасқа түсірілген жазбаларының соңында: «Осыншама жазбаларды тасқа түсірген Күлтегін тұқымы Йоллығ–тегін мен жаздым, жиырма күн отырып…» деген сөзі негіз (Еңсегенұлы Т. Күлтегін ескерткішінің сарыны және қазақ тайпаларының іздері. Монография. Алматы: «Тоғанай Т», 2015, 54-б.).
Бесінші том «Орхондағы түркі империясын құрудағы жорық жазбалары және қазақтың батырлық жырлары», деп аталады. Орхон бойы – біздің бабаларымыздың түркі қағандығын–түркі империясын орнатудағы құтты мекені. Ыдыраған түріктердің басын біріктіріп, мемлекет еткен, қағандық құрған қасиетті бесігі. Көне түркілердің алтын ғасыры. Түркілердің намысы артып, ұлы жорықтардың бой көтерген жері (Еңсегенұлы Т. Орхондағы түркі империясын құрудағы жорық жазбалары және қазақтың батырлық жырлары. Монография. Алматы: «Тоғанай Т», 2015, 86-б.). Бағзы заманнан дүниенің төрттен біріндей жерді тұтастыра жайлаған көне түркілер әлемдегі жазуы, дәстүрі, діні, кәсібі, өнері ерте дамыған елдердің бірі. Бұған қоса, олардың түркілік–ұлттық рухы бекем қалыптасып, кезінде «Көк түрік» атанып, Орхондағы байырғы мекені Өткенге шоғырланып, түркі империясын құрып, Тәңірге табыну нанымы – мемлекеттік дін болып, көне дәуірде-ақ түркілердің алтын ғасырын орнықтырып, даңқы шықты.
Онекінші том «Тереңге сүңгіген інжу іледі» деп аталады. Осы еңбектің бірінші бөліміндегі әдеби сын мақалаларды терең ойдың жиынтығы деуге болады. Себебі, кез-келген шығармаға баға беруде сол дүниені жасаған автордың дүние танымының биіктігін, оның көркем шығарма жасаудағы шеберлігін және ақыл мен ой тереңдігін аңғаруға болады. Бұл әдеби сын еңбек, түйіп айтқанда, көркем ой биіктігімен ретіне қарай орналасқан. Мына кітапта бірінші тұрған Абай Құнанбайұлының Ғақлиясында оның «Қырық бесінші сөз» атты туындысына талдау жасалынады. Неге? Осы туынды таза философияға құрылған дүние. Дәлел келтірейік, осы шығармада: «Адамның алды- махаббат, ғаделет сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, керісінше, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол–жаратқан тәңірдің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат да махаббат сезім бар. Бұл ғаделет, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі – ғалым, ол – ғақлия»,– дейді (Еңсегенұлы Т. Тереңге сүңгіген інжу іледі. Алматы: «Тоғанай Т», 2019, 10-б.). Бұл сөздің мағынасы кең. Мәселен, ананың балаға деген махаббаты. Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасында: «Бала дүрбісін көзінен алмастан бұзауды айдайды». Бір сұмдықтың болатынын бала сезеді. Кішкентай көріністен автор күрделі мәселе туындатып тұр (Айтматов Ш. Ақ кеме. Алматы: Жазушы, 1973, 30-б.).
Қысқасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор, журналист Тоқболат Еңсегенұлы жыр жазуды ертеден бастады, сатиралық шығармалары бір төбе, сын саласында өнімді еңбек етті, прозада құнды, символға суарылған психологиялық шығармалар жасады. Ғылым саласында: әлемдегі тұңғыш қасиетті кітап «Авеста» шығармасын тұтастай зерттеп, қазақшаға аударып, халқына ұсынды. Енисей, Орхон, Талас, Алтай, Тұрфан бойындағы көне түркі туна жазба ескерткіштерін халықаралық деңгейде тұңғыш рет тұтастай зерттеп, бес том етіп шығарды. Қағазға руна жазуымен түсірілген «Ырқ бітіг» − «Бал ашатын кітап» атты поэзиялық шығарманың түп нұсқасын тауып, зерттеп, қазақшаға аударып, шығыс даналық мұраларымен салыстырып, бірнеше кітап етіп алғаш рет жария етті. Абайдың қара сөздерін тұтастай зерттеді. Қазақ мысал шығармалары ауыз әдебиетінен бастап осы кезге дейін ең бірінші болып тұтастай зерттелді. «Қорқыт ата кітабы» поэзиялық және философиялық негізде жеке-жеке монографиялық еңбек болып зерттелінді, Сыр бойы ақын-жыраулары мүмкіндігінше тұтастай тексеріліп, ғылыми бағасы беріліп, жоғалмайтын мұраға айналды. Мағжан Жұмабаевтың символикалық поэзиясына алғаш терең талдау жасалынды.