Ордабасыда 150 орындық балабақша пайдалануға берілді

Түркістан облысындағы Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында 150 бүлдіршінге арналған «BAL — BALAUSA» бөбекжай балабақшасы ашылып, ауылдықтарды қуанышқа бөледі, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі ERNUR.KZ сайтына сілтеме жасап.
Жергілікті кәсіпкер Марат Құлмаханбетұлы 150 баланы мектепке дейінгі білім мен тәрбие алуына жағдай жасап қана қоймай, оған қосымша 35 азаматты жұмыспен қамтамасыз етті. Ордабасы аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаева мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыру бағдарламасымен 3-6 жас аралығында 5 783 бала қамтылғанын айтып өтті.  Сонымен қатар, оның ішінде 850 бала мектеп жанындағы шағын орталыққа баратынын тілге тиек етті. Ауыл әкімі Өтеміс Мұқтархан, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүнісбай Шалтайұлы да қуанышқа ортақтасып, ыстық ықылас, ізгі тілектерін білдірді. Бұл ізгі іс-шараға ауыл тұрғындары қуанып, игі істің басы-қасында жүрген жандарға алғысын жаудырды. Мерекелік іс – шара балабақша бүлдіршіндерінің концерттік бағдарламасына ұласты.