Шымкенттегі тұрғын үйлер қазанға дейін толықтай жылу маусымына дайын болады

«Қала әкімі орынбасарына Шымкенттегі  тұрғын үйлерді 1 қазанға дейін 100 пайыз жылу маусымына сақадай-сай етуді тапсырды», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкентте 363 бюджеттік нысан бар. Солардың жылу маусымына дайындығы 25 тамызға дейін толық аяқталады. Қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбекұлы 2018-2019 жылдың жылу маусымына дайындық барысы туралы айта келіп, осындай уәде берді.
«Бюджеттің мекемелердің автономды қазандықтары жұмыс істеуі үшін бізге 5526 тонна көмір қажет. Қазір 2338 тоннасы тасымалданды. Қалғаны 25 тамызға дейін жеткізіледі. Сұйық отын да 25 тамызға дейін дайын болады» деген Нұрсадық Ергешбекұлының сөзінен білгеніміз: Қала тұрғындарына үйлерін жылытуы үшін 96 мың тонна көмір қажет. Әзірге соның тек 23 мың тоннасы жеткізілген. Қоймаларда 30 мың тонна көмір бар.
Мұны естіген әкім: «Көмір мәселесі – өте өзекті. Былтыр білесіздер, интернетте роликтер таралды. Көмір тапшылығына байланысты үлкен ажиотаж болды. Баға өсіп кетті, «көмір жоқ» деп шықты. Сондықтан қазірден бастап, қай көшенің тұрғындары көмір жағатынын белгілеп, сондағылармен сөйлесіп, әзірден баға көтерілмей тұрғанда көмір тарату жағын қолға алу керек» деді.
Ал тұрғын үйлерді 1 қазанға дейін 100 пайыз жылу маусымына сақадай-сай дайындауды тапсырды.