««Самал» шағынауданын қақ жарып өтетін Т.Өтегенов көшесінің ұмыт қалған бөлігіне жан біте бастады», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
5 жыл бойы тас, топыраққа көміліп жатқан көшеге жақын арада су жаңа асфальт төселмек. Жолдың алғашқы бөлігі 2012 жылы пайдалануға берілген болатын.
Бірнеше шақырымға созылып жатқан көшенің 400 метрін жөндеу жұмыстары қызу жүргізілуде. Мердігер мекеме «Атем Транс Жол» ЖШС-і бүгінде қазу жұмыстарымен айналысуда.
Мамандар жолдың бұл бөлігі жыл соңына дейін тапсырылады деп отыр. Жұмыс әлдеқашан ерте басталуы қажет екен. Алайда инженерлік коммуникациялар кедергісін келтіріпті. Бастысы мердігер мекеме бүгінде жұмысты ертерек аяқтау үшін қызу кіріскен.
Айта кетейік, қаладағы жол жөндеу жұмыстары бір апта бұрын басталды. Бастапқыда шұңқырлар тазаланып, тегістелді. Қазіргі таңда сол учаскелерге асфальт төселуде. Осыған орай сала мамандары тұрғындардан түсіністік танытуды сұранады. Себебі, көшелердегі шұңқырлардың барлығын бір аптада жөндеу мүмкін емес, бұған қоса жұмыс ауа райына да байланысты жүреді.
Мұнымен қатар Сайрам көшесі де жөнделуде. Бұл жол жаңа технологиямен жөнделмек. Соның нәтижесінде асфальт төсеніші тегіс, бұзылмай сақталады дейді мамандар.