ШЫМКЕНТТЕ 136 ГЕКТАРҒА АГРО-ИНДУСТРИАЛДЫҚ АЙМАҚ ҚҰРУ ЖОСПАРЛАНУДА

«Шымкентте 136 гектарға агро – индустриалдық аймақты құру жоспарлануда», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Шымкентте қазір «Оңтүстік», «Тассай» индустриалды және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймақтары бар. Мұнан бөлек, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бойынша агроөнеркәсіпті дамыту үшін 136 гектарға АГРО – индустриалдық аймақты құру жоспарлануда. Мұнда сауда-логистикалық орталық, қоймалар, көкөніс сақтау қоймалары, автовокзал, бизнес-орталық және қонақүй орналаспақ.
Қала әкімінің баяндамасынан соң Үкімет басшысы Б.Сағынтаев жиынды қорытып, мәжілісте талқыланған жобалардың маңыздылығына, бұл бойынша алдағы атқарылар жұмыстарға тоқталды.
–Елбасы Қазақстан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бес әлеуметтік бастама ұсынған болатын. Алдағы жұмыстардың бәрі де осы жоспар негізінде жүзеге асуы тиіс. Ең алдымен тұрғындардың баспанамен қамтылуы, агросаланың дамуы, микрокредит мәселелеріне жете мән беру қажет. Сосын жоғарғы оқу орындарының көбісі қазір Шымкентте қалды. Яғни, студенттердің жатақханасын шешу де кезек күттірмейтін міндеттің бірі. Шымкенттің болашағы жарқын, тұрғындары кәсіпке бейім, алда қаланың көркеюіне ерекше көңіл бөлінетін болады. Қазір қаржылық жағынан Шымкенттің бөлу балансын өз мерзіміне сай 2 ай ішінде реттейміз деп отырмыз. Елбасымыздың, Үкіметтің тапсырмаларын орындауда және Шымкент қаласының дамуы жолында аянбай еңбек ете берейік, – деп аяқтады сөзін Үкімет басшысы.