ҮКІМЕТБАСЫ ШЫМКЕНТТЕГІ СЕРПІНДІ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

«Премьер-Министр Шымкенттегі серпінді жобалармен танысты», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шымкентке іс-сапармен келді. Үкімет басшысы қала активімен бірге шаһардың даму жоспары талқыланған жиынға қатысты. Қала әкімдігінде Б.Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиынға ҚР қаржы министрі Б.Сұлтанов, білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, ішкі істер министрінің орынбасары Б.Бисенқұлов, қала активі және БАҚ өкілдері қатысты.
Шымкент қаласын дамыту мәселелеріне арналған кеңесте шаһардың ірі серпінді жобалары, алға қойып отырған мақсат-міндеттер таныстырылды. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Шымкенттің еліміздің үшінші мегаполисі атанған тарихи оқиғамен құттықтады. Бұл жаңалық шаһарды одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер туғызып, әр қалалықтың өміріне жаңа серпін беретінін атап өтті.
– Шымкент жаңа мегаполис болып жатыр. Елбасының Жарлығымен Шымкентке республикалық мәртебе берілді. Бұл – үлкен жауапкершілік. Енді қалада біраз өзгерістер болады. Жаңа жұмыс орындары көбейеді, қаланың инфрақұрылымы жаңарып, инвестицияға жол ашылады, бір сөзбен айтқанда жұмыс ауқымды бола түседі, – деді кіріспе сөзінде Үкімет басшысы.