ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНА ҚОСЫЛҒАН ШАҒЫН АУДАНДАРҒА ЖАҢА ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ТАРТЫЛУДА

Бір жекеменшік трансформатордың орнына 6 жаңа трансформатор қойылды. Бұрын бүкіл шағын ауданды 9 трансформатор қуат көзімен қамтып келген екен. Енді олардың орнына 24 жаңа трансформатор қойылмақ.

«Шымкент қаласы Абай ауданындағы Құрсай шағын ауданына жаңа электр желілері тартылып, трансформаторлар орнатылып жатыр», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасап.
Бұрын қуат көзі жекеменшіктің қолында болғандықтан құрсайлықтар жылдар бойы жарықтың зарын тартып келген болатын. Енді сапалы электр энергиясына қол жеткізді. Құрсай шағын ауданында 5 мыңнан астам отбасы тұрады. Оның жартысына жуығы бұрыннан қалаға қарайды. Қалған бөлігін «Жаңатұрмыс» деп атайды.
Осы «Жаңатұрмыс» деп ат қойып, айдар тағылған бөлігі 10 жылдан бері жарыққа жарымай келеді. Онда 2 мыңға жуық отбасы бар. «Трансформаторлардың барлығы жекеменшіктің қолында болғандықтан кез келген уақытта жарық сөніп қалуы мүмкін», — дейді ауыл тұрғындары.
Сәбитбек Құралов, қала маңы электр тарату бөлімі басшысының орынбасары: — Биыл 13 шақырым жерге 0.4 кВт желі тартылып, 450 бағана орнатылды. Ал төрт жарым шақырымға 10 Влт желі тартылып, 150 бағана орнатылды. Бір жекеменшік трансформатордың орнына 6 жаңа трансформатор қойылды. Бұрын бүкіл шағын ауданды 9 трансформатор қуат көзімен қамтып келген екен. Енді олардың орнына 24 жаңа трансформатор қойылмақ.
Қазір Құрсай шағын ауданындағы 1800 абонентке жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 11 толымды трансформаторлы шағын станция іске қосылған. Алдағы қазан айының соңына дейін қалған 13 трансформатор орнатылып, халықты сапалы жарықпен қамтамасыз етпек.