«Шымкент қаласының полиция қызметкерлері телефон ұрысын ұстады», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі Шымкент ҚІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент ҚІІД Әл-Фараби ПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Ол өз арызында қала көшелерінің бірінде орналасқан аялдамада белгісіз тұлға қалтасынан құны 70.000 теңге тұратын ұялы телефонын жасырын түрде ұрлап кеткені туралы жазып көрсеткен.
Оқиғаға байланысты жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Әл-Фараби ПБ-нің қызметкерлері күдікті ретінде жергілікті тұрғынды ұстады. Қазіргі таңда аталған қылмыс ҚР ҚК «ұрлық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұрлық — қылмыстардың ішіндегі айқын емес, ең қиын ашылатын түрі. 2016 жылдың 12 айында учаскелік полиция инспекторлары халықпен 1219 рет кездесу өткізіп, жалпы 36 613 арыз-шағым қараған. Қазақстан Республикасының «Қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» заңына сәйкес, 149 азамат полицияның қоғамдық көмекшісі ретінде тіркелді.
Отбасы-тұрмыстық қатынастағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтарды болдырмау мақсатында Шымкентте «Қауіпсіз қала», «Құқықтық тәртіп», «Қадағалау», «Тұрмыс», «Шартты» жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілді. Нәтижесінде 3 209 тұлға есепке алынып, 2828 тұлғаға қатысты қорғау нұсқамасы шығарылды. Сондай-ақ 136 құқықбұзушыға ерекше талап қойылды.