«Ордабасы ауданында жазушы, драматург, қоғам қайраткері Дулат Исабековтың кітапханасы ашылды», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Түркістан облысында ел руханиятына оң әсер ететін іс-шара өтті. Ордабасы ауданы, Жаңатұрмыс ауылында жазушы, драматург, қоғам қайраткері Дулат Исабековтың кітапханасы ашылды. Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков оқырман қауымды қуанышты сәтпен құттықтап, шығармашылығын Ұлыбританиядағы Лордтарпалатасының өзі жоғары бағалаған қаламгердің ел дамуына сіңірген еңбегі мол екенін әрі өзі де Исабековтың шығармашылығымен сусындап өскенін мәлімдеді. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың арнайы жіберген сыйлығын тапсырып, құттықтау хатын оқып берді.
Өңір басшысының құттықтаухатында «Сізді Түркістан облысының Ордабасы ауданы, Жаңа тұрмыс ауылындағы кітапханаңыздың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Сіздің шығармаларыңыз – өмірдің өзінен алынған. Айналадағы күнде көріп жүрген құбылыстар өзіндік құнарлы да қарапайым тілімен әлеуметтік деңгейге дейін көтерілген шыншыл туындылар. Ұлтының көкейіндегі ойынайтып, жоғын іздеуден танбайтын, терең ойлары мен қалам қазынасын қатар ұстап, үнемі сергек жүретін әйгілі жазушы әдеби орта мен жалпы оқырман ықыласына бөленген бақытты жазушы деп сеніммен айта аламыз. Шығармашылық қызметте үздіксіз ізденіс пен табандылықты, қайраткерлік пен тәлімгерлікті қатар ұстанған Сіз әлемдік өркениеттің өрісіне бет түзеген ұлы көштің алдыңғы қатарында келесіз. Алдағы уақытта да еліміздің өсіп-өркендеуіне қосатын үлесіңі зәлі де еселене түседі деп білемін» делінген.
Кітапханың ішінде Дулат Исабековтың шығармашылығынан сыр шертетіндүниелер мен 2500-дей кітапқойылған. Бұл кітаптардың бәрін жазушы Алматыдағы үйінен өзі әкеліп берген. Сонымен қатар, қарымды қаламгердің мемлекеттік және шетелден алған наградалары мен марапаттары да кітапхананың бір бұрышынан орын тапқан. Музей деуге де болады. Ең бастысы, кітапханада оқырманмен кездесетін шағын мәжіліс залы, жазушының шығарма жазатын жұмыс бөлмесі мен тынығатын орны да бар. Енді драматургия мен проза саласының саңлағы туған жерінде шығармашылығын жалғастырмақ.
Кітапхананың ашылу салтанатында ҚР Жазушылар одағының мүшелері, елімізге танымал ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, заңғар қаламгерді қуанышымен құттықтады. Ал, кітапхана иесі Дулат аға белгілі жазушылар Еркінбек Тұрысбеков пен Бексұлтан Нұржекеевтің иығына шапан жапты.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде қолға алынған іс-шараны Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Арыс қаласы мен Ордабасы ауданының әкімдіктері ұйымдастырды. Себебі, осы екі өлке де жазушының туып-өскен жері.
Салтанатты шара соңында Дулат Исабеков жерлестеріне, оқырман қауымға, жергілікті басшыларға алғысын білдірді.
— Кітапханаға үйімнен 2 жарым мыңдай кітапты екі жүк көлігіне тиеп жеткіздік. Кітап сұрыптау да оңай емес екен. Өзім сұрыптап, оқырманға керек-ау дегендерін әкелдім. Мен оқыған кітаптарды оқырмандар да оқысын, рухани сусындасын. Мерейтойым емес, басқа да мереке емес. Бірақ, сонда да туған жерімде осындай құрмет көрсеткен інілеріме, азаматтарға алғысымды айтамын. Мына кітапхана мені ерекше толқытып, толғандырып тастады. Әдетте мұндай құрметті өлгеннен кейін жасап жатады (күлді). Бірақ, азаматтар мені айрықша қуантты. Бұрын өзім шомылып жүрген өзеннің қасында кітапханам ашылады деп кім ойлаған? Бәріңізге рахмет! Менің әңгімелерімдегі кейіпкерлерімнің бәрі осы ауылдан шыққан. Бір бастаманы айту оңай, істеу қиын. Мына ғимараттың қалай салынғанын көрдім. Жігіттер шын ниетпен еңбек етті. Бұл кітапхана оқырмандарға қызмет ете берсін, — деді Дулат Исабеков.
Танымал жазушылар Бексұлтан Нұржекеев пен Мархабат Байғұт кітапханаға кітаптарын тарту етіп, жазушыға ақ тілектерін білдірді. Сонымен қатар, Еркінбек Тұрысов, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса және Құлбек Ергөбек сынды қаламгерлер де бұл іс-шараның шын мәнінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен үндесетінін айтып, жұртшылықты кітапханаға шақырды.
«Адым» — ақпарат.