«Шымкенттегі орыс драма театрында Елордамыздың 20 жылдығына орай Қазақстан өңірлеріндегі Астана қаласының мәдени күндері аясында ақын Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясы сахналанды», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі oninfo.kz сайтына сілтеме жасап.
Шымкент шаһарындағы орыс драма театрына халық көп жиналды. Айтулы ақын Серік Тұрғынбекұлы «Шәмші» атты туындысын текті туған дара дарынның ешкімге ұқсамайтын тылсым табиғатына үңілуге, жан сарайының психологиялық иірімдеріне мән беруге ұмтылған. Қашанда қорғансыз, тіршілікке икемсіз шынайы талант иесі, «Вальс королі» атанған ұлы композитор қиялы нені аңсады, жаны неден күйзелді, неге құстай талпынды?! Өнер адамының терең де тұңғиық жан дүниесінің сырын режиссер элегия жанрында ұсынып, осы сұрақтарға жауап іздейді.
Орны ерекше 300-ге жуық әндердің авторы Шәмші Қалдаяқовтың көзі тірісінде «Мен өз өмірімде қанша ән жазсам, сонша жылаған да болуым керек…» деп айтқан сөзі бүгінде рухани мұрасына ие болып жүрген тыңдарман мен көрермен үшін әлі де жұмбақ болмысынан бір белгі береді. Қаллеки театры ұсынатын «Шәмші» элегиясы өнер адамының жан-дүниесіне терең бойлауға мүмкіндік береді.
Шәмші бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуілов сомдады.