Басты бет Мегаполис ШЫМКЕНТТЕ АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АКАДЕМИЯЛЫҚ ФИЛАРМОНИЯСЫ ӨНЕР КӨРСЕТТІ
Астананың 20 жылдығы құрметіне орай, Бас қаланың мемлекеттік академиялық филармония ұжымы күнгейге гәстрөлдік сапарымен келіп, тұрғындарға ән-жыр тартуын жолдады. «Астанадан ақ тілек» атты кешке келіп, өнерпаздарға қолдау көрсеткен жерлестеріміздің де қарасы қалың болды.
«Қазақ» оркестріндегі — шалқыған шабыт, күмбірлеген күй мен саздың сыйқыры ә -дегеннен-ақ, әлем шығармаларымен үндесіп, келген көрерменді баурап алды. Көпшілік бір тыныспен күйдің құдыретін тапжылмай тамашалағанына куә болдық.
«Астанадан ақ тілек» атты кеш — Елордамыздың 20 жылдығы құрметіне арналған мәдени жоба. Бас қаланың мемлекеттік филармония ұжымы күнгейге мерейтойлық бағдарламасын таныстырып, құнды- қоржынындағы халық қазыналарын паш етті. Шетел шығармалары — әлем жаһұттарымен қоса, вальс падишаһы — Шәмшінің шығармаларын да шарықтай орындады.
Елордалық өнер ұжымы мерейтойлық бағдарламасының бояуы қанық болуы үшін, театрландырылған көріністің де көмегіне жүгінді. Тағлымды сәттер мен тарихи тұлғалар, өміршең өнер — ұлттық қазынаны ұлықтады. Айта өтейік, биыл Астана қаласындағы мемлекеттік академиялық филармониясының қызметін бастағанына — 21 жыл толып отыр. Өнер жасағында 700-ден астам адам жұмыс жасайды.