Емханалардағы ұзынсонар кезекті жоюдың бірден-бір төте жолы – цифрландыру. Медициналық мекемелердің заманауи талапқа сай халыққа сапалы қызмет көрсетуінің негізі міндетті медициналық сақтандыруда жатыр. Реформаның отандық медицинаның дамуына қосатын үлесін Шымкенттегі мамандарға келіп, еліміздің денсаулық сақтау вице-министрі түсіндірді.
Шымкенттегі жедел медициналық қызмет көрсету ауруханасында өткен жиында еліміздің медицина саласындағы жетістіктері паш етілді. Тиісінше, әлем елдері қолға алған жобалардан кенже қалып жатқан тұстарымыз айтылды. Әрине, айтылып қана қойған жоқ, алдын алу шаралары түсіндірілді.
«Жасыратыны жоқ, қазір біздің елімізде жүрек-қантамыр аурулары жасарып барады. Салдары сол, талай жерлесіміз жер жастануда. Одан кейін тыныс жолдары дертінен көз жұматындардың санымен әлемде көш бастаймыз. Қордаланған мәселені шешудің тиімді жолы – дәрігерлердің біліктілігін арттыру. Осы мақсатта қолға алынған семинарда ақхалаттылар да мейлінше мол мағлұмат алды», деді Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев.
Бақытжан Мырзагелдиев – Шымкент қалалық №11 отбасылық-амбулаториялық емхананың бас дәрігері:
«Бұл жиын алдымен, Ақмола облысында бастау алған. Министрліктің мамандары одан кейін, Ақтөбе, Ақтау қаласының дәрігерлеріне кеңес берді. Шымкентте делегация мемлекеттік бағдарламалардың орындалу тәртібін пысықтады. Семинар қорытындысымен үздік аймақтарды анықтап, ісінде әлі шикілік бар облыстармен жұмыс істеу керектігі межеленді».