Сот алдында әйгілі әнші Меруерт Түсіпбаева журналистерге сұxбат беріп, аталмыш мәселеге қатысты өз ойын жеткізді.
«Қазақта бір ән бар. «Теңізді де кешіп өтіп жетпей ме?. Жан ботасын сағынғанда, ару ана», дейді. Сайрагүлдің қандай қиындықтар болса да шекараны кесіп өтіп, ұл-қызымен қауышамын деген сезімін ана ретінде түсініп отырмын. Себебі, мен де бала тәрбиелегендіктен Қазақстанды дүр сілкіндірген сот отырысына қатысып отырмын. Бұл оқиғада өзін қазақпын деген азамат бейқам жатуы мүмкін емес деп ойлаймын.
Ана мен баланы Алла Тағала ғана өзінің әмірімен бір-бірінен айыра алады. Ал, адамдардың ана мен баланы айыруға еш құқығы жоқ. Бүгін мен әнші ретінде емес, барлық қазақстандық аналардың атынан әйелдердің, аналардың құқығын қорғайтын ұйымдардың атынан айтқым келеді. «Ана мен баланы айыруға ешкімнің де құқығы жоқ», деді отандық эстрада жұлдызы Меруерт Түсіпбаева.
Жаркенттегі Панфилов аудандық сотында прокуратура мен айыптаушы тарап уақыт сұрағандықтан сот 2018 жылдың 1 тамызына шегерілді.
Сот отырысына елдің әр өңірінен журналистер мен қоғам белсенділерінен 100-ге жуық адам жиналды.
Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан соттың кейінге шегерілуінен күдіктенудің қажеті жоқ дейді. Танымал заңгер, сондай-ақ, қандасымыздың елде қалуы керектігін баса айтып, бұл істің мән-жайына қатысты мәлімдеме жасады.