ШЫМКЕНТТЕ «ЕРЕКШЕ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҚТАРДЫҢ ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕСІ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

"Шымкентте «Ерекше экономикалық аймақтардың әлемдік тәжірибесі» атты конференция өтті", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі  ҚР Премьер министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған конференцияға «Kazakh Invest» басқарма төрағасының орынбасары Б. Қанешев, «Оңтүстік» АЭА басшылығы, Investment Consulting Associates, World Free Zones Organization өкілдері, сондай-ақ Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстаннан келген делегациялар қатысты.
Конференция барысында шетелдік серіктестер мен қонақтар АЭА резиденттерінің ерекше шарттарымен, сәтті іске асырылған жобалармен, алдағы жоспарлармен және даму тәжірибесімен танысты.
«Бүгінгі өткізіліп жатқан шара «Оңтүстік» АЭА басқарушы компаниясының, АЭА резиденттерінің, уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ әлеуетті отандық және шетелдік инвесторлардың тікелей келіссөздер жүргізуіне арналған алаң, бұл өз кезегінде еліміздегі арнайы экономикалық аймақтардың қызметін жетілдіруді жалғастыруға мүмкіндік береді», — деді Б. Қанешев.
Шара барысында тікелей шетелдік инвестицияларды тартудың өзекті мәселелері, мемлекеттік қолдау шаралары және арнайы экономикалық аймақтар мен индустриалды аймақтарды дамытудың тиімді жолдары талқыланды.
Сондай-ақ, форум аясында АЭА дамыту туралы заң жобасын және проблемалық мәселелерді талқылау бойынша дөңгелек үстел өткізілді, онда оң халықаралық тәжірибені ескере отырып, АЭА басқару компанияларының өзін-өзі қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
Бұл шара сараптамалық ұйымдар, мемлекеттік органдар, АЭА және ИА басқару органдары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа және іскерлік қарым-қатынастарды нығайтуға арналған диалогтық алаң болмақ.