ШЫМКЕНТТЕГІ «ОТЫРАР» КІТАПХАНАСЫНДА ЗАМАНАУИ КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің үшінші мегаполисіне сапары барысында шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымовпен бірге «Отырар» өңірлік әмбебап ғылыми кітапханасында ашылған коворкинг орталыққа барды», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Аталған орталық жаңа технологиямен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Мұнда келушілер арнайы конференц залда түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізе алады. Одан бөлек, жаңа орталықта демалыс аймағы, кино залы, кофехана, кітап дүкені және еркін пікірталас аймағы бар. Осылайша дәстүрлі кітапханадан жаңа заман талаптарына сай нағыз білім орталығы ретінде қайта жаңғырған нысан қазірдің өзінде жергілікті жастардың жиі бас қосатын жеріне айналып үлгерген.
Тағы бір партиялық жоба бойынша қалада кітап қорын электронды нұсқаға көшіру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Тек бір ғана «Отырар» кітапханасының өзінде 380 мыңнан астам түрлі оқулықтар бар. Олардың ішінде тарихтан сыр шертетін құнды дүниелер де кездеседі.
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары кітапханаға келген жастармен және қызметкерлермен кездесуінде Елбасының Шымкентке жаңа мәртебе берген тарихи шешімі қаланың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртып,тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға әсер ететінін айтты.
Елбасының қалаға республикалық маңыз беруі Шымкенттің ғана емес, тұтас өңірдің дамуына тың серпін берді. Осылайша Мемлекет басшысы барша шымкенттіктерге зор сенім артып, алдағы уақытта қаланың елімізбен қатар Орталық Азиядағы инновациялар мен инвестициялар орталығы болуына даңғыл жол ашып берді. Сондықтан миллион тұрғыны бар қалада жаңашылдыққа жетелейтін осындай орындар көп болуы керек. Жастар мұндай мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ізденуден, үйренуден, білім алудан жалықпауы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.