Таяуда Түркия Республикасының Бурса қаласында өткен XXXII «Алтын Қаракөз» Халықаралық би фестивалінде 23 мемлекеттің ішінен еліміздің намысын қорғап барған Түркістан облысының «Фараб» би ансамблі топ жарды.
«ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының арнайы жүлдесіне ие болған бишілер тобы жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін фестиваль лауреаты атанып, Түркияның Инегел қаласында өткен Мәдениет және өнер фестивалінде жүлделі бірінші орынды иемденді.
Құрылғанына бір жылдан енді ғана асқан би ансамблінің Түркиядағы сапарына Түркістан облысының әкімдігі, Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, Түркістан облысының Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы қолдау көрсеткен.
Тұңғыш рет халықаралық байқауға қатысып, жұлдызы жанған шығармашылық топ келген көпшілікті «Фараб», «Жетіген», «Көктем», «Аққу», «Қоштасу» билерімен тәнті етіп, көрермен көзайымына айналды.
Бүгін Шымкент әуежайында Түркия Республикасы Инегел қаласында өткен Халықаралық Мәдениет және өнер фестивалінің бірінші орын және Бурса қаласындағы XXXII «Алтын Қаракөз» Халықаралық фольклорлық би фестивалінің арнайы жүлде иегері атанған «Фараб» би ансамблін жерлестер зор салтанатпен күтіп алды.