Шымкент қаласында жасанды интеллекті бар бірыңғай бейнебақылау жүйесін құру жоспарлануда. Қазіргі таңда «Қауіпсіз қала» жобасы аясында мегаполисте бейне-бақылау камераларының саны 479-ға дейін артып, интеллектуалды қиылыстар 21-ге дейін ұлғайтылды.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, бұл жұмыстар қала көшелерінде жасалған қылмыстың деңгейін шамамен 17 пайызға төмендетуге мүмкіндік беруде. Қазіргі таңда қалалық әкімдік тарапынан әлеуетті жеткізушілермен нейрондық желілер мен жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, бірыңғай бейнебақылау жүйесін құру туралы келіссөздер жүргізілуде.
Жаңа оқу жылының басында қаладағы криминогендік ахуалы өзекті болып табылатын 30 аумақты қамтыған «Сергек» бейнебақылау жүйесін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылады.
Айта кетерлігі, Шымкентте ішкі істер департаментінің өңдеу орталығы жыл басынан бері 41 мыңнан астам жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтаған. Үшінші мегаполистің аумағында бүгінде 21 дана жылдамдық өлшеуіш құралдары, көше қиылыстарында 21 дана бейнебақылау камералары және жол қозғалысын бақылайтын 6 дана «Крис П» жүйесі үздіксіз жұмыс істеп тұр.