Шымкентке «Нұр отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев іс-сапармен келді. Мәулен Сағатханұлы алдымен «Нұр Отан» партиясының жобасы аясында ашылған «Отырар» кітапханасындағы коворкинг орталығына барды. Одан кейін Шымкентте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде іске қосылған №37 «Айгерім» балабақшасының жұмысымен танысты.
Бұдан кейін Мәулен Сағатханұлы «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен XXXIV конференцияға қатысты. Конференцияда Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдіраxымов «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы болып сайланды.
Мәулен Сағатханұлы 12 жыл «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы болған Өмірзақ Мелдеxановқа алғыс айтты.
Айта кетерлігі, Ғабидолла Әбдірахымов Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін (1996) экономист-бухгалтер мамандығы бойынша; Неміс мемлекеттік басқару жоғары мектебін (Неміс әкімшілік ғылымдары жоғары мектебі, Шпайер қаласы) «Болашақ» бағдарламасы бойынша (1999) мемлекеттік әкімшіліктік басқару магистрі мамандығы бойынша бітірген. Қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерін біледі. «Нұр Отан» партиясының мүшесі.