Байқауға 40-тан астам фильм ұсынылған. Оның ішінен 20-сы іріктеліп алынды. Талғамы жоғары қазылар «Элюзия», «CEITNOT», «Мейірім аңсағандар», «Инстинкт», «Балық сорпа», «105», «Анама», «Қараөткел» және «Отау» сынды туындыларға жоғары бағасын берді. Дарынды жастарды қолдап, оларды халық арасында танытуды мақсат тұтқан қысқаметражды фильмдер фестиваліне аудан, қалалардан кино-видео саласында тәжірибесі бар 14-29 жас аралығындағы кино режиссерлар, болашақ киножұлдыздарымыз қатысты.
Аталған іс-шараға арнайы қонақ болып «Жаужүрек мың бала» фильмінде Сартай рөлін сомдаған актер Асылхан Төлепов келді. Сонымен қатар, елімізге белгілі өнер майталмандары, театр саласының актерлары байқауға қазылық етіп, үздіктерді анықтады.
Нәтижесінде ІІІ орынды «СТОП» бейнефильмінің режиссері Хамит Муталиев, ІІ орынды «Дос» фильмін түсірген Олжас Омаров иеленді. Ал, І орын «Балық сорпа» бейнефильмінің режиссері Әлішер Жәдігеровке бұйырды. Бас жүлдеге «Анама» бейнефильмінің режиссері Жандос Бабаханов лайық деп танылды. Үздік фильм режиссерлары мен үздік номинация иегерлері арнайы алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтарға ие болды.