ШЫРАЙЛЫ ШЫМКЕНТ САЯБАҒЫ КӨП ШАҺАР

«Шымкент саябағы көп қалалардың бірі. Мұнда Дендросаябақ, «Тәуелсіздік», «Жайлаукөл», «Қиял әлемі», «Абай», «Орталық», «Кең баба», «Жеңіс», тағы басқа саябақтар мен «Шәмші гүлзары», зообақ қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.
Міне сондай нысанның бірі жасыл желек жамылған дендросаябақ. Өйткені, жаздың аптап ыстығында жанға сая. Тыныштықты жаны сүйетіндер үшін бой сергітіп, таза ауамен тыныстауға таптырмас орын. Жап-жасыл. Құстардың сайраған үні жаныңды сергітеді. Шымкент дендрологиялық саябағы 1979 жылы белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен құрылған. Оған дейін қаланың бүкіл қоқысы мен қалдығы осы аумаққа әкеліп төгілетін. Бастамашы топ оларды тазалап, сырып, орнына жас шыбық қадап, көктеп-көгеруіне, жайқалып өсуіне бар күш-жігерін жұмсайды. Нәтижесінде, бірер жылда дендросаябақ бой көтерді.
Бұл дендросаябақ Шымкентте отандық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін интродукциялау, оларды сақтау, кешенді түрде зерттеу және тиімді пайдалану жолдарын анықтау мақсатында құрылған. Ағаш-бұта өсімдіктерін өңірімізде интродукциялауды жоспарлы түрде жүргізген алғашқы ғылыми мекеме болып есептеледі. Дендросаябақтың аумағы Қазақстан және Орта Азия зонасы, Еуропа, Қырым, Кавказ, Қиыр шығыс, Сібір, Шығыс Азия және Солтүстік Америка және көшеттерді өсіруге арналған көшеттік және көл деп 5 флористикалық аймаққа бөлінген.