ШЫМШАҺАР КҮН ӨТКЕН САЙЫН ШЫРАЙЛАНЫП КЕЛЕДІ

"Шымкент Қаласында жалпы 156 орталық көше, 8 саябақ, 32 гүлзар, 46 ескерткіш бар. Әрі олардың тазалығына жауапты мекемелер үшінші мегаполисті таза ұстауды өздеріне міндеп санайды", деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қалалық тұрғын үй коммуналды-шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрлан Бектұрсыновтың ақпаратына сілтеме жасап.

Бүгінде бұрынғыдай көше шамдарын сындырып кету, көгалды таптау, гүлді жұлу оқиғалары едәуір азайған. Керісінше, қала тұрғындары көріктендіру жұмыстарына бір-бірімен жарыса атсалысуға тырысады. Өз ауласы мен көшесін гүлдендіріп, «Таза қала» байқауына қатысып жатқаны қаншама?! 2018 жылы қаланың саялы орындарын Бекет батыр көшесіндегі гүлзар мен «Астана» аллеясы және Қошқар ата өзенінің абаттанған жағалауы толықтырды.
– Қаланың тазалығына «ЛТД Тұрмыс», «СМД-Құрылыс», «Бәйтерек-ЛБ», «Югдорсервис» ЖШС мердігер мекемелері жауапты. Қазір күн ыстық, жаз маусымында атқарылатын жұмыстың негізгісі – көшелерді жуу, қала аумағындағы гүл, ағаш сынды жасыл желекті күтіп ұстау, суару жұмыстары кестеге сай атқарылуда. Бұл шаруалар көбіне кешкі және түнгі уақыттарда атқарылады, – дейді Нұрлан Қарабалаұлы.
Бұдан өзге қаладағы 1 146 аялдаманың бірқатары жекеменшікке берілгенімен, басым бөлігі мемлекет меншігінде. Оларды күтіп-ұстау жұмыстары – ТҮКШ бөлімінің құзырында. Қоғамға жайлы әрі ыңғайлы болу талабына жекеменшік аялдамалар да сай болуы тиіс. Осы талап негізінде алдағы уақытта бірқатар жұмыстар қолға алынбақ. Талапты орындамаған жағдайда аялдама мемлекет меншігіне өтеді.