Шымкент қаласындағы Қазығұрт шағынауданында үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, өрт шыққан. Үйге жақын жерде тұратын полиция капитаны оқыс оқиғаны байқай сала көп ойланбастан, өз өміріне қауіп төніп тұрса да ерлік танытып, жанып жатқан үйден ер азаматты далаға алып шыққан. Әрі құтқарушылардың келгенін күтіп отырмай қолда бар құралдармен жалынды сөндіре бастайды. Өстіп жүргенде полиция қызметкерінің өзін де күйік шалады.
– Нұрлан шуды естіп далаға шыққан кезде үй жанып жатқанын көреді. Өрт сөндірушілерді күтпей-ақ бірден үйге бет алып, үй иесін сыртқа алып шығады. Өз өміріне қауіп төніп тұрса да көмекке шақырған азаматтарға қол ұшын созған. Бұл іс-әрекетімен полиция қызметкері төтенше жағдай орын алған жағдайда адамдарды құтқару азаматтық парызым деп білетінін тағы да бір дәлелдеді, — дейді тәртіп сақшысының бастығы, облыстық ішкі істер департаментінің шұғыл арнайы жасағының командирі, полиция подполковнигі Талғат Сматов.
Қазіргі таңда Нұрлан Тасболатов ауруханада ем алып жатыр. Жағдайы бірқалыпты. Арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция капитаны ішкі істер органдарында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жоғары білімді заңгер. Бокстан спорт шебері, осы спорттық жетістіктерінің нәтижесінде ішкі істер органдарына қабылданған. Жұбайымен екеуі 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отағасы.
Полиция қызметкерінің оқыс оқиға кезінде өзгенің өміріне селқос қарамай, азаматтық борышын адал атқарғаны ерлікпен пара-пар. Мұндай азаматтарға халықтың алғыстан артық айтары жоқ.