«АҚЫЛДЫ ҚАЛА» ЖҮЙЕСІ БОЙЫНША ТҮРЛІ ҚЫЛМЫСТАР ТЕЗ АШЫЛУДА

«Шымкент қаласында «Ақылды қала» жобасы бойынша жыл басынан бері жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы 130-дан астам қылмыс ашылды», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі қалалық ішкі істер басқармасы таратқан мәліметтерге сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жедел басқару орталығында 479 бейне-бақылау камерасы бар. Бұл бейне-бақылау құрылғылары жыл соңына дейін тағы да арта түсетін болады. Олар қоғамдық орындар мен халық көп жиналатын көшелерге орнатылған. Сондай қоғамдық орында қандай да бір қылмыс немесе әкімшілік құқық бұзушылық бола қалса, полиция инспекторлары сол маңдағы бейне-бақылау камералары арқылы, бақылап, қылмысқа күдікті немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаны және автокөлікті анықтай алады. Бұл мәліметтер ары қарай күдіктіні ұстау үшін жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция полкінің арнайы автокөліктегі экипаж құрамына жіберіледі. Одан кейінгі әрекет белгілі – ұсталған азамат оқиға орын алған ауданға қарасты полиция бөліміне жеткізіледі, әкімшілік құқық бұзушылық жасау әрекеті бойынша жергілікті полиция қызметкерлері хаттама толтырады.
Сонымен, осы жылдың 6 айында жедел басқару орталығына қарасты бейне-бақылау камераларының көмегімен жалпы саны 134 қылмыс ашылған. Оның ішінде 76 ұрлық, 5 автокөлік ұрлығы, 15 тонау, 8 бұзақылық және 4 заңсыз қару сақтау жайты бар.