Шымкентте жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мамандардың айтуынша қаладағы Астана даңғылының бойынан жаңа жолайырық салынбақ. Соның нәтижесінде қаланың орталық көшелеріндегі көлік қозғалысын азайтуға болады деп есептейді мамандар. Болашақта ұзындығы 6 шақырымға жететін бұл көше Шымкенттің әкімшілік-іскерлік орталығы мен Тассай тұрғын алабын байланыстырады.
Қазіргі таңда Астана даңғылының бойы да көркейтілуде. Мұнда ұлттық үлгідегі шағын сәулет құрылымдары қойылып, жарық тартылған. Сахнасы бар үлкен гүлзар ашылып, шағын гүл алаңшалары егілген.
Бұған қоса, Шымкенттің бас жоспарына сәйкес, Нұрсәт-3 шағынауданының сай-саласында спорт және балалар алаңшалары мен демалыс саябақтары бой көтереді деп күтілуде.
Айта кетейік, Шымкенттегі жолдардың жалпы ұзындығы – 2882 шақырым. Соның 334 шақырымы жолсыз деуге болады. Бұған дейін ұзақ жылдар бойы осы көшелердің тұрғындары қыста – саз-балшықпен, ал күн ыстықта май шаң басқан жолмен жүруге мәжбүр болған еді. Енді биыл олардың талап-тілектері әкімнің назарынан тыс қалмады. Нақтырақ айтқанда жөндеуді қажет ететін жолдардың барлығына тас төсеу жұмыстары қарқын алды. Жоспарлы жұмыстың нәтижесінде жалпы алаңы 1 миллион шаршы метр жолға тас төселетін болады.