ОСПАН БАТЫР: «ТЕҢГЕ-МОНШАҚТЫ БІЗДІҢ ЕЛДЕ ТЕК ҚЫЗ-КЕЛІНШЕКТЕР ТАҒАДЫ»

Adym.kz: "Шығыс Түркістан деп аталатын Жоңғария даласы мен Алтайдың арасында жатқан ұланғайыр даланың азаттығы үшін күрескен Оспан  Исламұлының  дүркіреп тұрған шағында, Сталин оны өз жағына тартып, пайдаланбаққа әрекет еткен екен".

Оспанмен байланыс жасау ісін Сталин КСРО Қауіпсіздік министрлігінің барлау қызметінің басшысы генерал Ланфанг, кеңесшісі Греднев, Ішкі Істер министрінің кеңесшісі генерал Пахомов, Моңғолиядағы КСРО елшісі Ивановтарға тапсырған. Бұлар құпия тапсырманы орындау үшін Оспан мен Моңғол елінің басшысы Чойбалсынды 1944 жылы 5  қазанда екі ел шекарасы маңында кездестірген.
Сөйтіп, Кеңес Одағы Моңғолдың атынан Оспанға бірталай қару-жарақ берген. Соңында, батырға ең жоғары награда «Қызыл Ту» орденін әспеттеп ұстатады. Оспан батыр алтын сияқты жарқ-жұрқ еткен орденді салмақтап ұстап көріп:
Мынаны біздің жақта теңге дейді, мұны қатындар шылауышына тағады, мен жылтырақ тағатын қатын емеспін — деп, пеш түбінде тезек көсеп отырған әйелге.
– Мә, Бәтіш қарағым, мынаны сен ала ғой, – деп лақтырып жіберіпті.
Келесі жылы көтерілісшілер Алтай аймағын Гомиданнан (қытай басқаруынан) толық азат етеді. Үш аймақ (Іле, Алтай, Тарбағатай) үкіметі құрылады. Үкіметтің әскери басшысы генерал-лейтенант Ысқақбек Мононов Алтайға келіп, Оспан батырға сол кездегі Қытайдың ең жоғары атағы «Азаттық» орденін береді.
Мырс етіп күлген батыр: «Теңге-моншақты біздің елде тек қыз-келіншектер тағады», деп әйеліне қарай лақтыра салады.
Осылайша сахараның соңғы көкжалы өзінің азаматтық ұстанымын жылтырақ орденге, арзан атақ-даңыққа сатпады. Әрі, алданбады. Халқына қорған болған Оспан батыр Исламұлы 1951 жылдың 29 сәуірі, Қытайдың Үрімжі қаласында атылды.