ШАРДАРАДАҒЫ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАДА ЗАМАНАУИ «ТРИАЖ» ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Шардара аудандық ауруханасы елімізде теңдесі жоқ жаңа жүйеге қосылды, деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан облысындағы БАҚ өкілдері Шардара ауданына жасаған іссапары кезінде аудандық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы заманауи техникалық жабдықтарды көрді.
Бүгінде аталған аурухананың негізгі ғимаратына қосымша (3H) «Триаж» жүйесіне арнайы бағытталған ғимарат салынып,  заманауи техникалық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
Аурухананың бас дәрігері Жанар Оспанованың айтуынша, жөндеу-жаңару жұмыстары ауруханасының жеке қорынан (ақылы қызмет есебінен) және демеушілер есебінен қаржыланыпты.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» 2017 жылғы 3 шілдедегі № 450 бұйрығы бойынша көрсетілетін медициналық көмекті ұйымдастыру мақсатында аудандық аурухананың негізгі ғимаратына қосымша (3H) «Триаж» жүйесіне арнайы бағытталған ғимарат салынып, жаңа жүйе іске қосылды. Бөлімше құрылымы толығымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Қазақстан Республикасында жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талаптарына сәйкес жасалған. Аталған құрылыс (триаж ғимараты) бұрын-соңды республикада болмаған жоба ретінде қарастырылып отыр.
Жанар Оспанова, Шардара аудандық аурухананың бас дәрігері:
– Халқымыз «бірінші байлық — денсаулық» деп тегін айтпаған ғой. Бүгінде ауданымызда тұрғындардың денсаулығына жіті көңіл бөлінуде. Шардара ауданындағы денсаулық сақтау саласында бұрын-соңды болмаған елеулі өзгерістер бар. Қазіргі таңда аудандық аурухана барлық құрылымдық бөлімшелерімен аудандағы 79 000 халыққа қызмет көрсетеді. Түркістан облысы әкімі мен денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қолдауымен ауданның медицина саласында маңызды өзгерістер аз емес. Атап айтар болсақ, биыл қалалық емханаға қосымша құрылыс есебінде бір ауысымда 150 келушіге арналған, жалпы құны 1 млрд 600 млн  тг құрайтын ғимараттың құрылысы басталды. Ол 2019 жылдың соңына пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар аудан және ауыл орталықтарынан шалғайда орналасқан елдімекендерге қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында жалпы құны 390 млн тг құрайтын 13 модульдік медициналық тіректерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілуде. Небәрі екі айдың ішінде бой көтеретін заманауи талаптарға сай дайын медициналық бекеттер, неміс технологиясымен жасалған. Жаңа дәрігерлік бекеттер  әсіресе жырақта орналасқан ауыл халқының жылдар бойғы мәселесін шешіп берді.
Қызылқұм, Шардара, Жаушықұм, Ұзын ата елдімекендерде орналасқан дәрігерлік-амбулаторияларда жалпы құны 87 900 989 тг құрайтын күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
2018-2019 жылдарға 171 115,716 тг құрайтын күрделі жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын. Оған сәйкес, әйелдер кеңесі, емхана, төменгі тоғай, Қоссейіт емдеу мекемелері толық жаңармақ.
Аудандық аурухананың сапалық көрсеткіштері де ауыз толтырып айтарлықтай. Шардара ауданы бойынша ана өлімі соңғы екі жылда мүлдем тіркелмеген.  Бала өлімі көрсеткіші облыс аумағында ең төменгі орындардың бірінде тұр.
2017 жылы 1000 тірі туылған балаға шаққанда — 8,6. 2018 жылдың 5 айында 1000 тірі туылған балаға шаққанда — 8,1. құрайды (облыстық көрсеткіш — 9,3).
Туберкулез сырқатымен аурушаңдық соңғы 5 жыл ішінде төмендеу тенденциясы байқалады. Сонымен қатар онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау бойынша іс-шаралар ұдайы жүргізіліп, өз жемісін беруде.
Медицина саласын цифрландыру бойынша басқа да бірқатар жұмыстар атқарылған. Ауданның медицина саласы комплексті медициналық ақпараттық жүйесі (КМИС) бойынша қызмет атқарады. Жалпы медициналық мекемелер жыл соңына дейін толық электронды жүйеге көшуге дайын.