«7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесімен қатар Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесіне орай Қазығұрт ауданында 7416-ға жуық боздақтың есімі жазылған ескерткіш тақтайша орнатылды», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі журналист Әсет Әссандидің фейсбук парақшасына сілтеме жасап.
Аталған ескерткіш тақтайшаға аудан аумағынан қанды майданға аттанған сарбаздардың есімі жазылған.
Сонымен қатар, аудандағы ардагерлер аллеясында осы өңірдің тумасы, Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Рахымовтың мүсіні орнатылған.
Естеріңізге салар болсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын Өзбекстан билігі Ташкент, Самарқан, Үргеніштегі бірқатар географиялық нысандардан генерал Сабыр Рахымовтың есімін алып тастаған болатын.
Ал, бүгінде Өзбекстан Президенті Шавқат Мирзияевтің пәрменімен Ташкент қаласының орталығына Кеңес Одағының Батыры, генерал Сабыр Рахымовтың ескерткіші қайта оралатын болды.