ЖАНСЕЙІТ ТҮЙМЕБАЕВ: «АСТАНАДА ЕСІЛ, АЛ, ШЫМКЕНТТЕ ҚОШҚАР АТА ӨЗЕНІ БАР»

Adym.kz: Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өткен демалыс күндері Шымкент қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, атқарылып жатқан шаруалармен танысты. Кезекті сапар барысында аймақ басшысы қала көшелерінде жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарын ширатуды тапсырды.
Өңір басшысы қаланың қақ ортасынан ағып өтіп жатқан Қошқар ата өзенінің бойында салынған демалыс орнына аялдады. Биыл жоспар бойынша аталған өзеннің 1,6 шақырым жеріне абаттандыру жұмыстары жүргізілмекші. Атап айтқанда өзен бойы тазартылып, жағасына түрлі сәндік ағаштар егіліп, аяқжолдар мен жарықшамдар қойылмақ.
Бүгінде аталған аумақта тиісті құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Артынша облыс әкімі қалада жаңадан бойкөтерген теннис кортына табан тіреп, су жаңа спорт кешенінің сапасымен танысты. Мұнда 2 бірдей теннис корты Абай саябағының 3,47 гектар жерін алып жатыр.
Жобаның құны 1 млрд. 516 млн. 424 мың теңгені құрайды. Ғимараттың  құрылысы 2016 жылы басталып, ағымдағы жылдың ақпан айында аяқталған. Спорттық нысанның сиымдылығы 100 орындық мінбе, 20 адамға шақталған интернаты және 48 орындық асханасы бар.