ДАРИҒА НАЗАРБАЕВА: «БАС ПРОКУРАТУРАДАН ТҰТҚЫНДАЛҒАН ЖУРНАЛИСТЕР БОЙЫНША АҚПАРАТ БЕРУДІ СҰРАЙМЫЗ»

«Еуразия медиафорумының ұйымдастыру комитеті төрағасы, сенатор Дариға Назарбаева бас прокуратураға журналистердің тұтқындалуына, сондай-ақ Ratel.kz пен Forbes журналының редакциясында жүргізілген тінтуге қатысты мән-жайды анықтау бойынша өтініш жолдамақ», деп хабарлайды Adym ақпарат агенттігі Интерфакс-Қазақстанға сілтеме жасап.
«Өкінішке қарай, бұл жағдай туралы мен әріптестерден естідім. Шынында не болып жатқанын анықтау керек. Дәл қазір еш нәрсе дей алмаймын, ақпаратқа қанық емеспін, қалай, неге солай болды білмеймін. Жағдайдың анық-қанығына көз жеткізген кезде, біз сіздерге айтамыз, баспасөз релизін жасаймыз. Қазір бас прокуратурадан бұл туралы ақпарат беруді сұраймыз. Шынын айтқанда, бұл мен үшін күтпеген жағдай, не болып жатыр, неге екенінен хабарым жоқ», — дейі Дариға Назарбаева журналистерге бүгін.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын полиция өкілдерінің Forbes Kazakhstan журналы редакциясында және Ratel.kz. интернет порталының кеңсесінде тінту жүргізгені туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ, іле-шала «Әділ сөз» сөз еркіндігін қорғау халықаралық қоры Алматыда Forbes.kz-тің журналисі Александр Воротилов пен Ratel.kz  кеңсесінде Марат Асипов, Сапа Мекебаев пен Анна Калашникованың ұсталғанын хабарлаған болатын.