ЕКІНШІ ДЕҢГЕЙЛІ БАНКТЕР САЛЫМШЫЛАРЫНАН АЙРЫЛЫП ЖАТЫР

Қазақстан банктеріндегі жеке депозиттер саны ақпан айында 0,4 пайызға, ұжымдық депозиттер — 3,1 пайызға азайды, деп хабарлайды  Adym.kz ақпарат агенттігі FinProm.kz порталына сілтеме жасап.
ҚР екінші деңгейлі банктеріндегі салымдардың жалпы көлемі 2018 жылдың ақпан айының соңында 16,5 триллион теңгені құрады – бұл биыл қаңтар айындағы көрсеткіштен 1,8 пайызға кем. Алайда бір жыл ішіндегі көрсеткіш айтарлықтай өзгерген жоқ. Салымдардың жалпы көлемі былтырғы деңгейде қалса да, құрылымында бірқатар өзгеріс бар. Ұжымдық салымдардың үлесі бір жыл ішінде 53,9 пайыздан 50,7 пайызға дейін төмендеді, яғни 530,1 миллиард теңгеге қысқарып, 8,4 триллион теңгені құраса, жеке салымдар үлесі 46,1 пайыздан 49,3 пайызға артып, 8,1 триллион теңге болды.
Салым көлемінің ұлғаюы бойынша көш бастап тұрған – Сбербанкте 175,7 миллиард теңгеге өсім байқалады. Бұл банк ұжымдық және жеке депозиттердің өсімі бойынша екінші деңгейлі банктер ішінде үздік бестікке кіреді. Одан кейінгі орында Kaspi банкі – өсім көлемі 170,8 миллиард теңге және ForteBank-тегі өсім көлемі — 152 миллиард теңге. Әрі қарай үздіктер тізімінде салым мөлшері 120,8 миллиард теңгеге артқан Qazkom және 113 миллиард теңге өсіммен Тұрғын үй жинақ банкі тұр.