ШЫМКЕНТТЕ ӘЛІШЕР НАУАИ АТЫНДАҒЫ САЯБАҚ АШЫЛАДЫ

«Шымкент қаласында өзбек халқының ұлы ақыны — Әлішер Науаи есімін иеленген жаңа саябақ ашылатын болады»,  деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Өзбекстаннан келген бір топ зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Тараптар екі ел арасындағы мәдени, әдеби һәм саяси байланысты берік ету жайын сөз етті. Өз кезегінде Өзбекстан Республикасы Жазушылар Одағының төрағасы Мұхаммед Әли бауырлас жұрт арасындағы байланыстың тым арыда екендігіне тоқталды.
Естеріңізге салар болсақ, 2018 жыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы деп жарияланған болатын. Айтулы  мерекеге орай осы апта Оңтүстікте бірнеше кездесулер мен конференциялар өтеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, биыл қазақ-өзбек әдеби қарым-қатынастарын дамыту мақсатында көрші ел жазушыларының шығармалары қазақ-өзбек тілдеріне тәржімаланбақ. Ал, Шымкентте өзбек халқының ұлы шайыры — Әлішер Науаи есімін иеленген жаңа саябақ ашылмақ.