«Түркияның Стамбул қаласынан жеткен Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» қолжазбасының түпнұсқасы «Әзірет Сұлтан» қорық—музейіне табыс етілді», деп хабарлайды Adym.kz ақпарат агенттігі «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің баспасөз қызметіне сілтеп.
Құнды мұраны Түркістан топырағына түркиялық ясауитанушы ғалым, Қожа Ахмет Ясауидің 27-ші ұрпағы, «Yesevi ocaklari» журналының бас редакторы Исметулла Ясауи алып келген.
Өз кезегінде музей директоры Нұрболат Ахметжанов түбі бір түркі елінен келген қонаққа ұжым атынан сый-сияпат көрсетіп, Наурыз көжеден дәм татқызды.
Айта кетерлігі, «Ақыл кітабы» — 1212 жылы шағатай тілінде жазылған. Ясауитанушының айтуынша он үш ғасырға жуық сақталып келген құнды жәдігердің түпнұсқасында жарыққа шықпаған көптеген дүниелер бар. Алдағы уақытта аталған құнды жәдігерді Астана қаласындағы Ұлттық сирек кітаптар мен қолжазбалар орталығында аударма жұмыстарын жасату жоспарлануда.