Adym.kz: ОҚО депутаттары Түлкібас Ауданын Түркібасы деп атауды қолдады. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың кезекті ХІ сессиясында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
«Соңғы жылдары бұл мәселе бірнеше рет көтерілді. Кеңес заманында ауданның тарихи аты бұрмаланғаны тарихшы ғалымдарға да белгілі. Сондықтан Түлкібасы атауын Түркібасы деп өзгерту туралы ұсынысты бірауыздан қолдаймын. Аталған мәселе облыстық әкімдік пен облыстық мәслихат тиісті шешім шығарып, облыстық ономастикалық комиссияда қаралды. Соңғы шешімді республикалық ономастикалық комиссия қабылдайтын болады», — деді Жансейіт Қансейтұлы.
Анығында, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңіріміздегі жер, су аттары тарихи атауларына қайта қол жеткізіп келеді. Осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады. Сондықтан, талай тұлғалар түлеп ұшқан киелі мекен Түлкібас ауданының атауын «Түркібасы» деп өзгерту туралы ұсыныс дер кезінде көтеріліп отырғандығын тілге тиек етті жиынға қатысушылар.