Adym.kz: Ресейлік «Кубань» агрохолдингі мен қазақстандық «Агроимпекс» ЖШС-нің мамандары шаруларға «Ладожский» гибридтік жүгері сорттының артықшылықтары туралы кеңес берді. Сондай-ақ, жүгерінің осы сорттын эксперимент ретінде 3 гектар алқапқа (Отырар, Сарыағаш) егу мәселесін көтерді.
Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар және Сарыағаш аудандарында өткен «Заманауи технология бойынша жүгері өсіру» атты семинар-кеңесте айтылды.
“Бұл жүгері сортын өсіруге өңір климаты өте қолайлы”, — дейді мамандар. Тіпті, бұл дақылды мал және құс шаруашылығына құрама жем ретінде пайдалуға болады. Қажетті технологияларды толық сақтаған жағдайда жүгерінің бір гектарынан 10-12 тонна өнім алуға мүмкіндік бар екен.
Мәселен, наурыз айында егілген дақыл түрі жаздың соңына қарай өнім бере бастайды. Яғни шамамен 98 күнде пісіп жетіледі. Жүгері сортының ең басты құндылығы — құрғақшылыққа, аурулар мен зиянкестерге төзімді келеді. «Ладожский» гибридтік жүгері сорттын шаруалар «Агроимпекс» ЖШС-нің қоймаларынан сатып алуына болады.