«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музей қорына сапыны сексенінші жылдары Қабанбайдың ұрпағы, халық суретшісі Сахи Романов әкеліп тапсырған. Жәдігер негізгі екі бөліктен тұрады: сапы және қыны. Сапының ұзындығы-34 см, болаттан соғылған жүзінің ұзындығы-21,4см. Жүзінің жоғарғы жағында-жетесінен бастап ұшына 3 см-дей жетпей кідірген екі кертік сызығы бар, сабының қоспасы жартылай «овал» пішіндес таза күміспен көмкерілген, онда қаралау әдісімен гүлді ою бедерленген. Бұдан кейінгі жете бөлігі 2 см. көлемде қорғасынмен қапталған, оған күміспен жиектелген көк және жасыл түсті жартылай бағалы асыл тасты (бирюза) төртбұрышты тізбек әшекей ұласқан. Сарғыш тартқан сабының ұзындығы-11см, ол батыр ұрпақтарының айтуынша пілдің тісінен жасалған.
Жәдігердің екінші бөлігі-оның былғары қыны. Қынның-ұзындығы-52см, ол «алақан», «қын» және «белдемеден» тұрады. Бесбұрышты алақаны, төртбұрышты белдемесі қынға сән беріп қана қоймай, арнайы қызметтер атқарған. Қынның өне бойы өсімдік тектес қазақы оюмен өрнектелген. Сапының жүзін мұқалтпас үшін әрі қару қынды кесіп кетпес үшін ағаштан жонылған «кіші қын» негізгі қынға нығыздала кигізіліп, өрме шашақты белдемеге таспамен біріктірілген. Жәдігер мұражай қорының қор сақтау бөлмесінде көздің қарашығындай сақтаулы.
ТҮРКІСТАНДА ҚАБАНБАЙ БАТЫРДЫҢ ҚАРУЫ САҚТАЛҒАН
Adym.kz: "Музейде Қабанбай батырдың қаруы сақталған", деп хабарлайды "Əзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мəдени қорық-музейінің баспасөз қызметі.