Adym.kz: Шымкентке көктем ерте келеді. Мұны бірнеше күннен бері 15-26 градус жылылықты ұстап тұрған ауа-райынан ғана емес, гүлдеп жатқан бадам ағаштарына қарап та аңғаруға болады. Арқаның көктемі кешеуілдеп, -7:-17 градуста қапалақтап қар жауып жатқан шақта Шымкентте Раушан гүлдер тұқымдасына жататын бадам ағашы (миндаль) гүлдеді.
Шаһардың Көктөбе көшесіндегі тұрғын үй аулаларының бірінде жеміс ағашы ретінде егілген бадам бүршік жарды.
Мұны тұрғындар көктемнің белгісі санаса, енді біреулер 26 градустық ауа райымен байланыстыруда.Қала тұрғыны былтыр ерте гүлдеген жеміс ағашының үсік шалып, жеміс бермегендігін, алда қатты суық болмаса биыл жеміс салатынын тілге тиек етті. Керек дерек:
Елімізде бадамның 5 түрі кездеседі. Оңтүстік Қазақстан облысында оның шаруашылық маңызы бар (A. communіs) түрі қолдан өсіріледі. Орташа биіктігі 5-10 м, жемісі тәтті не қышқылтым, дәнінде 72 пайыз майы бар. Дәні тағам өнеркәсібінде, майы дәрі дайындау үшін пайдаланылады. Аңыз-әфсаналарға сүйенсек, бадамның алғаш гүлдегенін көрген адамның тілегі орындалады деген наным бар. Сондықтан болар бұл мезгіл жаңалығын алғаш көрген үлкендер ішінен тілек тілеп жатады екен.