ҮШ ОБЛЫС, БІР ҚАЛАНЫ СУ БАСУ ҚАУПІ БАР

Adym.kz: Ауа-райының жылынып, қар еруіне байланысты Қазақстанның бірнеше өңірінде дабылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Синоптиктердің мәліметінше, 10-12 наурызда ауа температурасының күндіз жылынуына байланысты және Шығыс Қазақстанның аласа таулы аймақтарында жауын-шашын түсуіне орай ағын су пайда болуы мүмкін.
«11-12 наурызда Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары және Алматы қаласының аласа таулы аймақтарындағы өзендерде жаңбыр жаууына байланысты су басу қаупі туындап, таудан және жергілікті өңірде ағын су жинақталуы мүмкін», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 10-11 наурызда Жамбыл облысында оңтүстік-батыс, батыстан соққан желдің екпіні кей жерлерде 15-20, ұйытқуы 23-28 м/с, 10 наурызда күндіз, 11 наурызда күні бойы облыстың оңтүстік-батысында 30 м/с және одан асады. Дауыл ықтималдығы 90 пайыз.