СЫРЛЫ СОЗАҚТЫҢ 90 ЖЫЛДЫҒЫ ТОЙЛАНАДЫ

Созақтағы «Мыңжылқы» мәдениет сарайында Созақ ауданының 90 жылдығына орай аудандық «Теріскей таланттары-2018» халықтық өнер фестивалі өтті, - деп хабарлайды Созақ ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі. 1998 жылы Созақ ауданының 70 жылдығына орай бастау алған бұл өнер фестиваліне биыл - 20 жыл толып отыр.

Аталған фестиваль сегіз жанр бойынша өз жеңімпаздарын анықтайды. Олар: «Сырлы саз әуендері» — эстрада жанры; «Зерлі қалам» — бейнелеу өнері қыл қалам шеберлері  жанры; «Күміс керуен» — қолөнер шеберлері жанры; «Сырлы дүние»-жыр мүшәйрасы және көркемсөз оқу  жанры; «Гауһартас» — халық әндері жанры; «Сәукеле» — би жанры; «Сахна иірімі»- драма жанры;  «Халық – өнер қайнары» ұжымдық көркемөнерпаздар байқауы.
Атап айтар болсақ, «Теріскей таланттары» байқауынан  ҚР Мəдениет қайраткері, əнші Жұбаныш Жексенұлы, Сəкен Майғазиев, Кенжебек Жанəбілов сынды өнер жұлдыздары қанат қақані.
Биыл өткелі отырған фестивальдің  жүлде қорына аудан əкімдігі тарапынан —  2 млн 500 мың теңге тағайындалған. Жеңімпаздар гала-концертте марапатталады.
Созақ ауданына 90 жылдығына орай 2 республикалық, 5 облыстық (А.Сүлейменовтің 80 жылдығына орай «Сөз зергері» атты көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, Б.Батырбекованың 90 жылдығына орай «Созағым менің жыр елі» атты жазба ақындар арасында мүшәйрасы, «Теріскей, айналайын келбетіңнен…» жаңа әндер байқауы, Үздік сценарийлер байқауы, Т.Әлімқұловтың 100 жылдығына орай облыстық «Тәкен оқулары» байқауы, Төлеген Момбековтің 100  жылдығына арналған «Күй құдіреті» күйшілер байқауы, «Сырлы Созақ» атты республикалық ақындар айтысы) және Теріскейде туған тұлғалардың мерейтойларына орай республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілмек.