Таңмен таласа орыстың бұқа тұмсығы (vaz patriot) бізді жексенбілік ұйқысынан оянбаған қаладан алып шығып кетті.
Бағытымыз — шаһардан 70 шақырым шалғайдағы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің “Боралдай” филиалы. Ал, мақсатымыз — Үлкен Тұра жартасын, Боралдай өзенінің аңғарын, Байқалмақ шатқалын, Ара шоқысын, Ырысымбет үңгірін көріп, Теректі әулие бұлағының суынан дәм тату. Даланың тағы аң-құсын, жабайы өсімдігін көріп, тау жоталарына шығып саф ауада демалу.                                           
Онан да маңыздысы, Боралдай өзенінің жағасында қола дәуіріне жататын көне ескерткіш – петроглифтерді өз көзімізбен көру.
Осы сапар арқылы өлкенің рекреациясын нәсихаттайтын «Өрнек» еріктілер клубымен  ішкі туризмді дамытуға титтей де болса өз үлесімізді қосу.                                                                 
Шымкенттен Бәйдібек ауданына баратын жолдың Боралдай өзені тұсынан өткен соң тура күн шығысқа қарай бұрылдық. Жеңіл көлік бес шақырымдай жүйіткіген соң алдымыздан Теректі ауылы көрінді. Онан ары жол қиындай бастады. Ойлы-шұңқырда тізгіндегі жігіт газды тежемек түгіл жеріне жеткізіп, басып-ақ келеді. Жастықтың буы ма, әлде? Ол жағы белгісіз…
Ауылдан жоғары тағы бес шақырымнан соң филиал қызметкерлерінің күзет тұрағына жеттік.
Әрине, даланың қожасыз аң-құсына жыртқыштардан да қатерлі бір қауіп, ол — браконьерлер. Сондықтан филиал қызметкерлерінің күзет тұрағы жұмыс істеп тұрғаны қуантты.
36 255 гектарды алып жатқан «Сырдария-Түркістан» МӨТП-нің “Боралдай” филиалда көбіне тәуешкі, елік, қасқыр, аюлар мекендейді екен. Арғы беті Жамбыл облысымен шектескен. Мекеме қызметкелерінің айтуынша соңғы жылдары көрші облыстағы заңсыз аң аулаушылардың кесірінен ондағы аң-құс бергі бетке ауған. Қар қалың жауған жылдары жем-шөп жеткізудің өзі қиынға соғады екен.                                                  
Филиал қызметкерлерін толғандырып келе жатқан бір ғана мәселе бар. Ол — көктем мен жаңбырлы күндері ми батпағы шыққан жол. Әйтпесе, мұнда қаладағыдан бір кемі жоқ  VIP котедж, экологиялық монша жұмыс істеп тұр.                                                  
Жауапты сала басшысының “қырық өтірігіне” сеніп келген мамандардың соңғы үміті өзеннен өтетін көпір болса дейді. Себебі, көктем айларында қой тастарды қотара ағызатын өзен арнасы адамға өткел бермейді екен.
Әрине, бұл бір ғана “Боралдай” филиалындағылардың “ғазалы” емес. Еліміздің көптеген туристік, тарихи жәдігерлер орналасқан орындарының “мұң-зары”.
Айтпақшы, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, еліміз 2017 жылы сапалы жол рейтингінде 137 елдің ішінде 115 орынға тұрақтаған. Ал, Сіздер тау ішіне асфальт жол жоқ дейсіздер…                                                                               
Жексенбілік сапарға шықпас бұрын бізді елең еткізген дүние – ашық аспан астындағы петроглифтер болды. 6 мың жылға жуық тарихы бар тасқа қашалған суреттерден өткен тарихымызды оқып, білгіміз келген.                                                                          
Алайда, бұл саналы ойымыз бейғам министрлік, қойшы балалар мен 1975 жылы туған “Байжігіт”,  белгісіз “Бердіханның” кесірінен су сепкендей басылды.
Есесіне, Қола дәуір құндылықтарынан ХХІ ғасырдың “заманауи” туындылары басымдау көрінді. Таланты тас жарғандар өткен тарихтың өшкіндеп бара жатқан тас парақтарына өз «фантазиясын» қашап үлгеріпті.                                                                                     
Тіпті, “Қазақстан Республикасы, Жүзімді тас беті суреттері, Қола дәуірі, Ескерткіш мемлекет қорғауында” деген тақтайшаның өзі табиғат анадан теңдік сұрап жатқандай…
Бір сөзбен, тарихи құнды жәдігер ретінде мемлекет қорғауына алынбаған.  Айналасы қоршалмаған.
Тарихи ескерткіштен 200 метр жоғарыда «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағы орналасқан. Олар да бұл ескерткіштерді парктің қорғауына алу керектігін айтып, дабыл қаққан.
Парк қызметкері Нәсихат Нұрмаханованың айтуынша  бұл аумақ біреулердің жекеменшігінде болып, етектегі ауылдың жайлымдық жеріне айналған.                                                                                                          
Осыдан бірнеше жыл бұрын көршілес елдер жиі-жиі “Қазақтарда ешқашан мемлекеттілік болмаған”, — деп сандырақтаған болатын. Нәтижесінде, елдік, тіпті халықаралық деңгейде тойланған “Қазақ хандығының 550 жылдығы” тарихи мерейтойы бұл бейпіл ауыздардың көмейіне құм құйды.                                               
Алайда, сол жылдары Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған тарихи құндылықтарға бағытталған бірқатар тапсырмалар той біткесін тоқтап қалды. Міне, соның үлгісі Қазақ даласының әр өңірінде шашылып жатқан “Таңбалы тастар”.     
«Боралдай петроглифтері» ең алғаш  өткен ғасырдың басында «Туркестанские ведомости» газетінде жарияланған мақала арқылы белгілі болыпты. 1924 жылы ғалым Петр Комаров ескерткіштің біраз құпиясын ашқан.
Технологияның дамуына орай жартастардың хронологиясын анықтаудың жаңа әдістері шығып, бұл тастағы суреттердің жасы қола дәуіріне тән деп баға берілген.                   
Мұнда көбіне аттылы жауынгердің, жануарлардың, соғыс құралдарының суреті бейнеленген. Тіпті, жәдігерлерді жоғалту, өшіру саясатымен кеңестік кер идеология белсенді әрекет етіп, қазақ топырағындағы көптеген тарихи орындарды әскери сынақ алаңына айналдырған.                                                                                                 
Байқағанымыз, “қаскөйлердің” бүлдіруінен тыс, уақыттың, кейбір геологиялық апаттардың салдарынан бірталай суреттер өшуге айналған.                                          
Айта кетерлігі, Қола дәуіріне тән бұл петроглифтердің ежелгі түркі таңбалы тастарымен ұқсас тұстары көптеп кездеседі. Мәселен, мазмұны жағынан олар екі топқа бөлінген: біріншісі — салт аттылар, қаумалап аң аулау, көшіп-қону, жекпе-жек бейнеленген көріністер.
Екіншісі — ертедегі Түркі қағанатының нышандарына айналған таутекелердің таңбалы бейнелері.
Қазақ хандығы тұсында мұндай таңбалы тастар орналасқан аймақ елдік мүдде шешіліп, ұлттың намысы сынға түсетін алаңға айналған. Таңбалы тасқа қазақтың түп тегін құраған тайпа, рулардың белгілері қашалып, жаз жайлау, күз күзеулік жайлымдар теңдей бөліске салынып отырған.                                            
Өкініштісі, бүгінде сол тастағы тарихымыз қойдың тұяғы мен қойшының табанының астында тозып барады. Бұл жыл тарихымызды түгендейтін “Рухани жаңғыру” жылы болғанымен, күнгейдің шенділері кеңселерінен әлі ұзай қоймаған секілді.
Сол баяғы еңселі ғимараттарда «Қыран құс суреті» (Рухани жаңғыру логотипі) фонында түсініксіз семинарлар мен ұйқыға шақыратын жиындар өткізумен уақыт жоғалтуда…
Автор: Нұршат ТӨКЕН
Фото: Мақсат ШАҒЫРБАЕВ