Adym.kz: “Шымкентте бар-жоғы тозығы жеткен 15 кабинеті бар мектепте 3 аусыммен 33 сыныпта 770 оқушы оқиды”. Бұл туралы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ғани Ташқараев мәлімдеді.
Халық қалаулысы келеңсіз жағдаймен Таскен елдімекенінде Балқыбеков көшесін жұмысшы комиссия құрамында тексеру барысында танысқан.
“9 жылдық №115 Оразбай атындағы орта мектептің ауласында жатқан сапасыз көмірді байқап, мектепке кіріп, қал-жағдайын білдім. 1990 жылы жартылай сабан мен қыштан салынған мектептін жағдайы қуантарлық емес. Бар-жоғы тозығы жеткен 15 кабинеті бар мектепте 3 аусыммен 33 сыныпта 770 оқушы оқиды”, — дейді халық қалаулысы.
Бұл ескі мектептің шаһардағы жаңа оқу ғимаратын қажет ететін білім ұясы екенін ескерген депутат Шымкент қалалық маслихат сессиясында аталған мәселені көпшілік назарына ұсынған. Нәтижесінде, 2018 жылдың бюджетіне 785 301 482 тенгеге 300 орындық жаңа мектептің қаржысы қаралып, бекітілген.
“Қазіргі таңда Шымкент қаласының құрылыс бөлімімен мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізіліп, нәтижесі ақпан айының соңында белгілі болмақ. Ал, оқушылар болса осы жылдың желтоқсан айының соңына қарай жаңа мектептің табалдырығын аттайды деген сенімім бар”, — дейді Ғани Ташқараев.