«Томирис» фильмінде сақ патшайымының рөлін сомдайтын актриса белгілі болды. Бұл туралы қазақстандық режиссер Ақан Сатаев өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында жазды.
«Зор қуанышпен басты кейіпкерді сомдайтын актрисамен таныстырғым келіп тұр. Ол 1990 жылы туған — Алмира Тұрсын. Мамандығы — коуч-псиxолог«, – дейді режиссер.
Режиссердің айтуынша ол былтыр мамыр айында Астанадағы жалпықазақстандық кастингке келіп, бірінші турдан өткен. Ал қыркүйек айында режиссерлік бейне байқауға қатысып, екінші турдан да сәтті өткен. Ал үшінші тур жаттығу лагерінде жалғасқан.
Өткен жылдың желтоқсанында фильмнің бас продюсері Әлия Назарбаева мен туынды режиссері Ақан Сатаев Алмираны Томирис рөліне бекіткен.
«Қазір актерлік топ дайындық үстінде. Актерлік шеберлік пен трюктарды үйреніп, жаттығып жатыр. Бұл Алмираның дебюті. Алла жар болсын!» – дейді режисер Ақан Сатаев.
Еске салар болсақ, өткен жылы мамыр айында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша “Қазақфильм” киностудиясы “Sataifilm” компаниясымен бірлесіп, Ақан Сатаевтың ең ауқымды “Тұмар” көркем фильміне кастинг жариялаған болатын.
Қысқаша дерек:
Сақ патшайымы Тұмардың есімі ежелгі жазбаларда Томирис деп көрсетілген. Б.з.д. 530-529 жылдары Мидия патшасы Кир көптеген елдерді өзіне бағындырып, “Азия әміршісі” атағына ие болып, Ұлы далаға қарсы жорыққа шықты. Шайқастардың бірінде Кир патшасы Томиристің жұбайы Рүстемды өлтіріп, Тұмардың баласы Сыпырды қолға түсірген. Тұтқында Томиристің ұлы да мерт болды. Ал Кир көшпенділерге елші аттандырып, олардың ханшасына өзіне тұрмысқа шығуын талап етеді. Тұмар Кир патшаның ұсынысын қабылдамай, оның басын қанға тұншықтыруға уәде етеді. Осыдан кейін патшайым парсыларға қарсы ұрыс жүргізіп, жеңіске жетеді. Сол кезде Тұмар парсылардың патшасы Кирдің басын шауып алып, қан толтырылған сабаға тығып: “Аңсағаның қан еді, іш енді соны!” — деп айқайлады. Бұл оқиғаны грек тарихшысы Геродот “ең кескілескен және ұлы шайқас” деп суреттеген.
Аталған тарихи жобаның авторлары: Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов.