Белгілі ақын, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, «Жазушы» баспасының директоры Есенғали РАУШАНОВПЕН сұхбат.
КҮНДЕРДІҢ КҮНІНДЕ БІЗ МҰНЫ АШЫҚ АЙТАТЫН БОЛАМЫЗ… — Есенғали аға, «Құстар мен перiштелер» және «Бозаңға бiткен боз жусан» атты еңбектерiңiзде құстар туралы көп қалам тербедiңiз. Одан кейiн де Қазақстанда мекендейтiн қанаттылар жайлы зерттеу еңбектер жаздыңыз. Бұл соқпаққа түсуiңiзге не түрткi болды?
— Құстар тақырыбына не үшiн келдiм? Анығында, қазақ баласының мiнезi Қамбар ата түлiгi мен Шопан ата зәузатына, жалпы төрт түлiкке көбiрек ұқсайды. Құстарды жақсы көретiн себебiм, Алла әлiмсақтан екi тiршiлiк иесiн азат қылып жаратқан. Олар — құстар мен адамдар. Соның iшiнде ең еркiнi – құстар. Мендегi құстарға деген сезiм – еркiндiктi, тәуелдi болмауды ойлағаннан туса керек. Құстар азаттық үшiн жаралған. Адам да сол тектес. Бiрақ бiз тұтас азат бола алмадық. Ал, олар азат. Әнеу, көкте қалықтап жүр. Күнде кеңседегi терезе жақтауына бiр құс келiп қонақтайды. Терезеге қарамай-ақ оның сонда отырғанын сеземiн. «Азаттық» дегенiмiз ол сенi мен менiң құл болып кетпеуiмiз үшiн Алланың жiберген елшiсi. Әйтпесе, құстарда алты аласы, бес бересiм жоқ. Бәлкiм жылқылар туралы жазсам да болатын едi. Ал, құстардың ғажаптығы, бiз ұнатып тұратын тұсы, оның азаттығында жатса керек. Адам өзiнiң қолынан келмейтiнге қызығады емес пе? — «Құстар бiздiң досымыз» деп жаздыңыз. Қазақтың жанына жақын бөгенайы бөлек деп қай құсты айтар едiңiз?
— Достарым туралы сұрағанда айтпап едiм, менiң достарым – құстар. Сондықтан болар, мерзiмдi басылымдарда достарым туралы құлаш-құлаш мақала жаздым. Кейiннен жинақталған еңбегiм кiтап болды. Оны көршi өзбектер өз тiлiне аударып, мемлекеттiк оқыту тапсырмалары бойынша мектеп бағдарламасына енгiзiптi. Қырғыздар да қалыспапты. Менiң сол кiтабым қырғыз мектептерiнде биология пәнiне қосымша ретiнде оқытылады екен. Ал, қазаққа Қазақияда мекендейтiн құстардың барлығы жақын, оның iшiнде бөгенайы бөлегi бозторғай. Ол — жыл құсы. Сосын халық әуендерiне арқау болған «қараторғай, ұштың зорға-ай, бейшара шырылдайсың жерге қонбай» дегендегi қараторғай. Осылар қазақтың қоңырлығына, бейбiттiгiне бейiмдеу. Мұқағалидың «Сазға тағы оралды сарыала қаз, Сарша тамыз тағы да бола ма жаз» деген жыр жолдарындағы сары ала қаз да қазаққа етене жақын құс. Ол — елiмiздiң оңтүстiгi мен Арал маңында ғана кездеседi. Ал, аққу тым аристократ құс, екiнiң бiрiнiң, егiздiң сыңарының қолына қонақтамайды. Ол таза суға ғана қонады. Каспийге қонатыны туралы ғылыми деректер келтiрiп жазғанмын. Каспийде атом су тұшытатын қондырғы бар. Содан сарқынды жылы су шығып тұрады. Анығында аққудың жылы суға қонғанын бiздiң жұрт «жерiмiз қасиеттi» деп алаөкпеленiп жатады. — Жырларыңызға арқау болған туған жерiңiз туралы айтып берсеңiз?
— Жұмекен Нәжiмеденов ағаның мынадай өлеңi бар:
— «Туған жерiң қай жер? — дедi , —
жаңа ақын,
— Ол жерде де аспан мен күн болатын.
— Туған жерiң қай жер? — дедi бiр келiншек
Күлекеш.
— Қара жер!—деп, жауап бердiм, — су емес.
….Бұлттар маңып жататұғын биiкте,
Бар едi онда бұралқы ит те, киiк те.
…Отанның қай жерiне де күн мен ауа
тарайды,
Қай төбенiң аспаны да арайлы,
Қай төбе де туған жер деп мақтануға
жарайды».
Мiне, қазақтың қайсыбiр зиялы қауымына қойылатын туған жер туралы сұраққа Жұмекен ағаның осы өлеңi дұрыс жауап деп ойлаймын. Себебi, қазақтың қай жерi де менiң туған жерiм деп мақтануға жарайды. «Сенiң туған жерiң анау, менiң туған жерiм мынау» деген адамды өсiрмейтiн, қайта өшiретiн дерт. Тәуелсiздiк алған жылдардан берi бұл дерт өрши түстi. Туған жерге, ұлтқа деген түсiнiк тар шеңберде, өзiнiң көң-қоңысын меңзейтiндей күйге түсiп барады. Жаңа буын жастарды ұлттың өзегiне түскен осы «аурудан» арашалап алуымыз керек. Себебi, оның ар жағында құлағы қылтиып жершiлдiк, рушылдық бұғып жатыр. Бiздiң қоғамның мына екi мәселе бойынша дуалы сөз айтатын жөнi бар едi. Анығы, әлi жүйелi пәтуа айта алмай отыр. Бiрiншiсi — рушылдық пен жершiлдiк. Бұл қазаққа өте қауiптi дерт. Екiншiсi — мораль. Яғни әдеп, ақыл, ұят, иман, обал-сауап. Осы екi ескiлiк туралы ресми түрде айтылмады да. Әрi құлық танытқан да ешкiм жоқ. Бiле бiлсеңiз, қазақ үшiн сыртқы жаудан да қатерлiсi осылар. Әңгiме туған жер дегенiңнен шықты ғой, әркiм өзiнiң туған жерiмен мақтансын, жетi атасын бiлсiн. Бiрақ ол «менiң жетi атам сенiкiнен мықты» деп ата жарыстыруға айналмауы керек. Қазiргiдей жаһандану жалпаңнан түсiретiн кезеңде рухани жүдеулiктiң әсерiнен айтылмағанмен, күндердiң күнiнде бiз мұны ашық айтатын боламыз. Бұл туралы жаздым да. Дегенмен, соған орай айналамнан естi әңгiме де естiмедiм. Әңгiме жекелеген адамдардың ой-санасының тарлығы емес, ұлт генофонының азуы туралы болып отыр. Ертең Хақтан хабар келiп, келместiң кемесiне мiнермiз. Алайда, жұмыр жерде қазақ деген ұлт қалады. Баяғыда аталарымыз «Жердi көк өгiз екi мүйiзiмен көтерiп тұрады екен. Мүйiзiн шайқағанда зiлзала болады екен» деушi едi ғой. Сол айтқандай, қазақты о бастан төбесiне көтерiп сақтап тұрған төрт қастерлi ұғым бар. Ол — ар-ұят, иман, обал, сауап. Бiз соның тамырына балта шауып жатырмыз…
«ПЫСЫҚТАР» ОРТА ЖОЛДАН ОЛЖА АЛЫП КЕТІП ЖАТЫР — «Ғайша бибi» поэмаңызды оқып шықтым. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы да осы еңбегiңiз үшiн берiлдi. Бүгiнде аталмыш сыйлықтың қадiрi қашып, екiнiң бiрi, егiздiң сыңары иеленiп жүр деген де әңгiмелер айтылып қалады. Осы тұрғыда не айтасыз?
— Жалпы, сол халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы марқұм Қалдарбек Найманбаев ағаның идеясымен жүзеге асып едi. Ондағы негiзгi мақсат шеттегi 5 миллион қазақтың тiлiн, әдебиетiн, мәдениетiн қорғау, қолпаштау болатын. Барлық жақсы сыйлықтар секiлдi бұл сыйлықтың да ә дегенде дүбiрi жер жарды. Ең алғаш, оны «Құран Кәрiмдi» алғаш қазақ тiлiне тәржiмалаған Халифа Алтайға, Алтайдың «Кербұғысы» Оралхан Бөкейге, сосын сол бiр кезекте маған да берiлдi. Қазiр де лайықты, лайықсыздығына қарамай «Алаш» әдеби сыйлығы берiлiп жатыр. Құдайға шүкiр, «Алаш» әдеби сыйлығының шын лайықтылары бар. Иә, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты болғандықтан «Ақорда», осы салаға қатысты басқа да түрлi мемлекеттiк мекемелер кейде бiзден пiкiр сұрайды. Сонда мен осы атаққа шын лайықты азаматтарды айтып, жазып беремiн. Алайда, айтқанымды елеп-ескерiп жатқан ешкiм жоқ. Айтар болсам, прозадан Тынымбай Нұрмағамбетов, поэзиядан Жәркен Бөдеш пен Серiк Ақсұңқарұлы осы сыйлыққа әбден лайық. Қазақ әдебиетiне еңбек етiп келе жатқан ағалардың төккен терiнiң өтеуi орындалған болар едi. Амал нешiк, бiз құптамаған «пысықтар» орта жолдан олжа алып кетiп жатыр. Бұл туралы тиiстi орындарға арнайы хат та жазғанмын…
Жоғарыда айтқандай, шетте де қаншама қазақ жазушылары жүр. Анау Тарбағатайда Қажығұмар Шабдан деген ағамыз өттi дүниеден. Ел болсақ, мықты болсақ сол ақсақалға Мемлекеттiк сыйлық берер едiк. Бiзде қайтыс болғаннан кейiн де талай тұлғаларымызға Мемлекеттiк сыйлық берiлдi. Мәселен, Асқар Сүлейменовке, тағы басқаларға құрмет көрсетiлдi. Бұл ағылшындар айтатын «оған ұрпақ тарапынан жасалынған үлкен құрмет» болар едi. «Бозадағы сөз бос сөз» демекшi, тек ұсыныс болып қалды. Бүгiнгi қазақ көркем әдебиетiнiң деңгейiмен қарағанда Қажығұмар ақсақалдың еңбегi одан төмен болуы, тiптi оқылмауы да мүмкiн. Әңгiме онда емес. Сөз қазақ деген атқа келiп тұмсық сүйеп тұр. Соны жүйелесек, ел екенiмiздi, қазақшалап айтар болсақ, дөңайбатымызды шетелдiк әдеби жұртқа бiр көрсетiп алар едiк. Жұмекен аға бiр өлеңiнде, «мен соңғы кездерi әйелiме көп ренжитiн болып жүрмiн, соған қарағанда жеңiлген болуым керек» дейдi. Шамасы менiң күйiм де сондай болып тұр-ау (күлдi). — Әдебиет сыншылары «қазақ әдебиетi Кеңес Одағы тұсында аса бiр жылдамдықпен дамыды. Аға буын, орта буын, жас буын бiрiн-бiрi қолдап, қуаттап, сынап, тезге салып, бiрлiкте дамып отырды» дейдi. Бүгiнде сол үрдiс бар ма? Төл әдебиетiмiздiң қазiргi халi қалай?
— Тек жұмысыма байланысты ғана парақтағаным болмаса, қазiр көркем әдебиет оқымаймын. Сондықтан қазiргi жастар шығармашылығынан хабарым аздау. Кереметтер жоқ та шығар-ау. Егер болса жарып шығар едi. «Неге кеңес өкiметi тұсында көп нәрсе жасалынды?» дегенге келсек, есiк жабық болса кiргiң келiп тұратыны сияқты, қаншалықты қарсылық күштi болса, соншалықты ұмтылу мен құмарту көп болады. Алпысыншы жылдардың басы мен жетпiсiншi жылдардың соңында қазақ әдебиетi мiне, осылай дамып кеттi. Сонда ұлы Мұхаңның «жыл келгендей жаңалық сеземiз» деп аталы сөз айтқаны бар. Ол сол сөзiнде Қадыр Мырза Әли, Тұманбай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, Жұмекен Нәжiмеденов, Мұқағали Мақатаевтарды меңзеген. Аттары аталған дарын иелерi әдебиеттi белгiлi бiр деңгейде алға сүйредi. Одан кейiнгi буын қазақ өлеңiнiң көкжиегiн одан әрi кеңiттi. Расында да Қадағаңның «Бабамыздың шоқ басқан табанымен, Бiрдей екен жақсысы жаманымен», Тұмағаңның «Мен сенi жақсы көрдiм бала күннен, Солықтап көзiмдi алмай қарадым мен» және Мұқағалидың «Жайлау едi, Жайлы бiр iңiр едi, Жұлдыз тамып кетердей кiдiредi» деген тiркестерiнен байқап тұрсаң, көз алдыңда қалатын пейзаждар өмiрдiң суретiн бередi. Ал, сексенiншi жылдардағы әдебиет бұл игерiлген ұғымнан да iлгерiлей түстi. Қаламгерлер адамның iшкi жандүниесiне үңiле бастады. Асылында, әдебиеттiң өз мiндетi сол болатын. Қазiргi жастарға әдебиетке келудiң қиын болатыны сол игерiлiп қойған дүниелерден де өзгеше дүние табу. Жаңа сүрлеу салу қиынға соққасын жастар өткенге елiктеу, нәзиралау, қайталауға бой алдырып, аға буын салған сүрлеуден шығып кете алмай жатыр. Әрине, iздену керек. Жұмекен мен Мұқағалидан соң өлең жазбай кетемiз бе деген де ой болған, тiптi, «Абай жолынан» асырып не жазамыз деп жүргенде жақсылы-жаманды еңбектер дүниеге келдi. Хақ тiл мен жақты сүрiндiрмесе, буындар сабақтастығы өз жалғасын табады деген ойдамын. — Бүгiнде қазақ поэзиясында мектеп бар ма? Аға буыннан жас буынға жол сiлтеп, бағыт-бағдар берiп тұратын кiмдердi айта аласыз?
— Екi-үш мектеп бар. Мысалы, Қадағаңның, Мұқағалидың, Жұмекеннiң, Тұмағаңның мектептерi. Бiрақ осының қай-қайсысынан да тереңiрегi Жұмекен ағайдiкi. Әлi де мектептер қалыптасып келедi. Бiрақ олар туралы айту ертерек шығар. Қазақтың ғаламат ақыны Әбдiлда Тәжiбаев кезiнде Мұқағалиды қатты қолпаштады. Мұқағалидың «Тұрғанда ұйқы-тұйқы ақ самайың, Мен қалай, Әбе, сенi жат санайын. Абыржып асаңды ұстап отырғаның, Ашулы Грозный патшадайын» деп еркеледi. Бiрде «тентек» Мұқаң «Әбеке, сiз менi қолдап, «ақын болады» деп желпiндiрмегенiңiзде, мен осы күнi обком хатшысы болатын едiм» деген екен. Қазақтың Әбiшi мен Мұхтарлары қолтығымнан демемегенде мен де түйешi болып кетер ме едiм? Иә, бүгiнде жастарға әдебиеттегi осындай аңыз керек. Аманхан Әлiм деген ақын досым бар. Мiне, сол менiң аңыз кейiпкерiм. «Жалаңаш бар да жауға ти, ажалың келмей өлмейсiң» дегендей, ол өзi жалаңаш батыр. Кей әрекеттерi шындық үшiн желдиiрменмен күрескен Дон Кихотқа ұқсаңқырағанымен, әдебиетке деген адалдығына сүйсiнесiң. Жұрттар оны әпiл-тәпiл сөйлейдi деп көп ұната бермейдi. Басымды иетiнiм — шындықты айтуда ол үнемi алда жүредi. Жастайымнан әжемнiң тәрбиесiнде болғандықтан жүрегiм жұмсақтау. Менiң осы олқылығымның орнын досым толтырып жүредi. Жастарға айта алмайтын сын-ескертпелердi осы досым бетiң-жүзiң бар демей ақтара салады. Тiптi, кейбiрiне «мына өлеңiң нашар, сондықтан әдебиеттi қой. Әлi жассың, одан да ертең өкiнiп қалмайтындай харекет қыл, басқа кәсiптен бақытыңды iзде» деп шорт кесетiн. — «Әдебиетiмiзге жаңа келген жастарды «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелге жiберiп оқытса, төл әдебиетiмiздiң өзге елдерде насихатталуына жол ашылар едi» деп едiңiз бiр кездерi. Нәтиже бар ма?
— Неше жылдан берi осы мәселенi айтып келе жатырмын. Онымен айналысатын адам жоқ. Әдебиетшiлердiң Мәдениет министрлiгiне де, Бiлiм министрлiгiне де керегi болмай тұр. Қазiр жыл сайын 3 мыңдай бала шетелде бiлiм алып келедi. Оның басым бөлiгi экономист, инженер мамандықтары, iшiнде әдебиет пен мәдениет жоқ. Сондықтан қазақтың генофонды әлсiреп бара жатқаны анық. Мәселен, шетелден мықты экономист шақырып, екi жылға дәрiс бергiзуге болатын шығар, алайда, екi жылға келiп әдебиеттi жасап бер деп шетелден маман шақыра алмайтынымыз анық. Шетелде қазақ әдебиетiнiң насихаты аз. Рас, бiраз дүниелер көршi түркi тiлдес ағайындарға там-тұмдап аударылып жатыр. Кеңес Одағы кезiнде «Әдебиеттiң достығы — халықтар достығы» деген ұран болған, көршi орыс пен өзбек бiздiң кiтаптарымызды аударды ма, бiз де олардың танымал тұлғаларының еңбектерiн тәржiмалайық. Осы iстi Жазушылар одағы үйлестiруi керек едi. Алайда, 20 жыл көлемiнде елдi елең еткiзетiндей ештеңе атқарылмады. Барлығы дерлiк бетiмен кеткен ат секiлдi. Түбi қай жерге барып тоқтарымызды Құдай бiлсiн. Көршi өзбектерде «Жаһон әдәбиәтi» деген журнал бар. Онда әлемдiк әдебиеттiң жауһарларын ұдайы берiп тұрады. Ол бiзде де бар. Бiрақ таралымы аз болғандықтан Астанадан берi қарай ешкiм оқымайтынын ескермеймiз. Түптiң түбiнде мемлекет әдебиеттi өз қамқорлығына алмаса болмас.
АЙТЫС ШОУҒА АЙНАЛЫП БАРАДЫ — Жас буында елiктеу басым дейсiз. Қазақ поэзиясында қарапайымдылықтан тереңдiкке ұмтылған ақын ретiнде жастарға қандай ақыл-кеңес айтасыз?
— Жастарды оқымаймын дегенмен де, арасында бақылап отырамын. Маған елiктейтiнiн, сүйектi ой, сүбелi ұйқастарымды «барымталап» жатқанын да бiлiп, көрiп жүрмiн. Ол үшiн жас буынға өкпе арту артық болар. Кейде, жас қыз-жiгiттер тура менi қайталап, онысын өзiме оқытып, баға сұрайтынын қайтесiң?! Былай қарағанда өз өлеңiмдi өзiме сынатып отырады. Айналайын-ау, өз соқпағымды қалай жаман деп айта аламын? Жас кезiмде мен де мүйiзi қарағайдай Тоқаш Бердияров пен Қуандық Шаңғытбаевқа елiктедiм. Арысы Мағжан Жұмабаевпен «ауырдым».
Сонау жылдары Алматыдағы Абылай хан көшесi мен бұрынғы Киров көшесiнiң қиылысындағы бас пошта алдында бiр татар кемпiр «Китап ал, китап ал, геометрия ал, биология ал» деп тұратын. Қанша десең «25 сом» дейтiн. Ол кезде оқулық небәрi 20 тиын тұрады ғой. Ал, iшiн ашып қарасаңыз Мағжанның өлеңдерi. Сыртын оқулықтардың тысымен тыстап қойған. Студенттiк жылдары соны жаттап өстiк. Кейiннен Мұрат Әуезовке бергенiмде Мағжанның жырларын сүйiп тұрып, маңдайына басқанын көрдiм. Негiзiнде елiктеу намаздыгер мен ақшамның арасындай болуы тиiс. Одан арғысы талапкерге сын. Бiздiкi сол жастың күнi ертең өз соқпағын, өз жазуын тауып кетер деген үмiт қана. Поэзияда мектеп деген ұғым бар. Қазақ поэзиясында өзiндiк мектебi бар ақын ретiнде Қуандық Шаңғытбаев ағаны қатты бағалаймын. Ұлттық поэзияның негiзiн салды. Анығында, негiзiн салу деген өлеңдi жақсы жазу деген сөз. Мен алдыңғы буын ақсақалдардан бiр жақсы қасиет жұқтырдым. Ол қандай қасиет десеңiз қалам мен ақ қағазға адалдықты, әдебиетке адал қызмет етудi үйрендiм. Қазақ деген халыққа адал қызмет етудiң жолында атақ, ақша, мансап дегеннiң түкке тұрғысыз екендiгiн сол абыз ақсақалдар өз iстерiмен дәлелдеп кеттi. — «Әдебиеттiң табалдырығын жаңа аттаған жас ақын-жазушылардың шығармашылығына арнайы қаржы бөлiнедi. Әрi мемлекеттiк тапсырыс арқылы туындылары жарыққа шығады» деген үмiтке толы әңгiмелер айтылды. Қаншалықты шындық?
— Жас жазушылардың кiтаптарын шығаратын «Жалын» деген баспа бар. Өзiм басқаратын баспа болмағандықтан «Жалынның» бұл мәселемен қаншалықты айналысып жатқандығынан хабарым жоқ. Бiлетiнiм, қай бiр жылдары мәдениеттiң басында әдебиеттi түсiнетiн, руханиятқа жақын азамат Мұхтар Құл-Мұхаммед отырған шақта жастарға жап-жақсы қамқорлық жасалды. Оның алдында, Жұмағалиевтiң кезiнде жағдай қиын едi. Негiзi жастарға кiтап шығару түк те қиын емес. Әлеуметтiк маңызы бар әдебиеттер тiзiмiне жастар шығармашылығы да енедi. Өзбек, тәжiк, қырғыз ағайындарда мұндай мүмкiндiктер жоқ. Бұл елiмiздiң жерiнiң асты мен үстiне берiлген ен байлықтың арқасында келiп отыр. Өкiнiшке қарай, «Күрiштiң арқасында күрмек су iшедi» дегендей, парақталмайтын да кiтаптар шығып кетiп жатыр. Мәдениет министрлiгiнiң жанында арнайы комиссия бар. Бiрақ ол комиссияны жүйелi жұмыс iстейдi дей алмаймын. — «Сiз саясатпен айналыспасаңыз, саясат сiзбен айналысады» деген тәмсiл бар. Ақындардың саяси белсендiлiгiне қалай қарайсыз?
— Мұхаң (М.Шаханов) қалай болғанда да елдiк мүдде жолында күресiп келе жатқан тұлға. Сондықтан мен Мұхаңды қолдаймын. Осыдан бiраз бұрын «Мәдениет» телеарнасындағы «Кiтапхана» бағдарламасында ол кiсi туралы жылы пiкiр айтқанмын. Қазаққа деген жамандық бұл кiсiде атымен жоқ. Қалай болғанда да «қазаққа болсын» деп жүрген адам. Бұл кiсiнi мазақтайтындар көп, «тракторшы», «интеллектуалдық деңгейi төмен», «Созаққа немесе Жетiсайға барып қазақ тiлi туралы әңгiме айтады. Орысты емге таппайтын қазақтың қайнаған ортасында жастарға ағылшын, орыс тiлдерiн үйрен деп айтуы керек едi» деп ақылгөйситiндердiң мазағына әлi тойтарыс берiп келемiн. — «Әйелден ақын шықпайды, бишi не күйшi болмаса» дейсiз. Осы көзқарасыңызда қаласыз ба?
— «Пайғамбарлық пен ақындық бұйырған бастан еркекке» деп жырлағанмын. Сол ойымда қаламын. Жалпы әлемде 124 мың пайғамбар бар делiнедi. Ал, «Құран Кәрiмде» 21 пайғамбардың аты бар. Сол пайғамбарлардың iшiнде бiр әйелдiң аты жоқ. Әйтсе де олар да анадан туылған. Ақындықты қимай отырған жоқпын. Ақындық азапты жол. Басыңа мың батпан жүк артып аласың. Оған нәзiкжандының шыдамы жете бермейдi. Мынаны түсiнiп алған жөн. Қазақта ақын деген ұғым бар, өлеңшi деген ұғым бар. Өлеңдi екiнiң бiрi жазады. Түйе мiнген қазақтың өлең айтпайтыны жоқ. Бiрақ ол ақын болу деген сөз емес қой. Осыны айтқанда бiраз апаларым өкпеледi. Ендi өздерi бiледi. Айтыс қазақ поэзиясының деңгейiн түсiрiп жiбердi, бұл ащы шындық! Қазiр қарапайым қазақ айтыстағы «Әй, ауылың аман ба екен-ай, айналайын-ей» дегендi поэзия деп қабылдап қалды. Сосын Раушанов та сондай өлең жазса дейдi. Бiздiң әдебиет өстi. Заман ағымына сай айтыстың да өз аудиториясы болуы керек. Оны жалпақ жұртқа тықпалап, «айтыскер ақын» деп жазба поэзияның ауылына сiңдiрiп жiберемiз. «Ұлтшыл болу ескi шапан кию» деген сөз емес. Осыдан 100 жыл бұрын хан-сұлтандарға садақ толы сайгездi оқтап тұрып өткiр сын айтқан шығар. Жасыратыны жоқ, бүгiнде айтыс адамдарды мақтансүйгiштiкке, бiреудi өтiрiк мақтауға, шоуға айналып барады.
ҚАЛҒАН ҒҰМЫРЫМДА ОСЫ ҚАРІППЕН ЖАЗАТЫН ШЫҒАРМЫН — «Жалғыздық — адамға өтiрiк айтқызбайды» дейдi. Қаншалықты шындық?
— Анығында, бұл қоғам сенiң жалғыз қалуыңа мұрсат бермейдi. Бiр өлеңiмде Рим империясының кезiнде бiр бала сопының Рим қаласын тастап шыққаны айтылады. Сонда ағасы «Ей, бақытсызсың ғой, өлесiң, қайт артыңа» дейдi. Иә, оның бейшара, кедей, екенi рас. Бiрақ, бақытсыз дегенi өтiрiк едi дейдi. Себебi, ол күллi Римдi тастап, бақыт iздеп бара жатыр. Бәлкiм, жолы сәтсiздеу болар. Дегенмен, онда мақсат бар едi деп аяқтаппын. «Бiр жерде тұрып қалса су да сасиды» дегендей, «Жазушы» баспасын 15 жылдам астам уақыт басқарыппын, кейде орнымды жастарға босатып берсем бе деп ойлап қоямын. Алғашқы жылдары қазақ поэзиясы мен прозасын әлеуметтiк маңызы бар әдебиеттер тiзiмiне енгiзiп, мемлекеттiк бюджеттен қаржыландырып отыруға қол жеткiздiк. Қазақ әдебиетiнiң 100 томдығы дейтiн ұлы еңбектiң алғашқы 17 томдығын осында шығарттым. 20 томдық мәдениеттану мен 30 томдық философиялық дүниетанудың жиынтығын бастырдық. Қазақтың 100 романы, қазақ дастандарының 50 томдығын шығарып жатырмыз. Алғаш осы баспаға келгенiмде мекеме итке сүйек қарыз едi. Қазiр елдегi 130 баспаның iшiнде алғашқы ондыққа енiп отыр. Менiң миссиям осымен бiттi. Ендiгi кезек жастардiкi. — Өлкенiң әуеде ұшқан құсынан тартып, беткейдегi бетегесiне дейiн жырға қосқан Есенғалидың «Шықтың өлiмi» атты жыры бар. Қазақ поэзиясында жазылуы өзгеше деп саналған осы өлеңiңiз туралы баяндап берсеңiз.
— Мұқағали аға не дейдi? «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» дейдi. Сол жылдары көп жазып жүрдiм. Өйткенi, сол сәтте шешем қайтыс болды. Әкемнен ертеректе көз жазып қалғанмын. «Шеше» деген аяулы ұғым ғой. Қабырғамды тәнiмнен тiрiдей суырып алғандай күй кештiм. Парықсыз ақ қағазға сия төге беруге де болмайды. Кейiннен жазбай кеттiм. Менiң қатарластарымның алдында 12 том, кейбiрiнде 6-7 том өлең бар. Менде бар болғаны бiр-ақ том. Оның өзi де 20 баспа табаққа жетпейдi. Кейде өзiмдi «Жоққа жүйрiк жетпейдi» деп жұбатамын. — Латын әлiпбиiне көшуге байланысты өз ойыңызды айтып өтсеңiз.
— Өзбектер латынға бiзден бұрын өттi. Қысқасы, оларда жағдай өте нашар. Өзбектiң саны — 30 миллион. Мiне, осындай халықтың әдеби журналдарының тиражы 3 мыңнан аспайды. Себебi, аға буын кейiнгi буынды түсiнбейдi. Бұл туралы өзбек қаламдастардан сұрадым. Айтуларынша, өзбектiң жастары Черняевкадан берi асқаннан кейiн бейшара болып қалатын көрiнедi. Не орысша бiлмейдi, не кириллицаны оқи алмайды. Мұхтар Шахановтың латын әлiпбиiне көшпейiк деп жүргенiнiң өзi осындай қорқыныштан туған ба деймiн. Дегенмен, түбi орыстан iргемiздi аулақ салғанымыз жөн. Әрине, орыстардың бiздей ақкөңiл «көршiсiн» ұзын арқан, кең тұсаумен тұсаулап отыратыны, бiзден айрылып қалғысы келмейтiнi белгiлi. Ғабит Мүсiрепов ақсақалды жақсы бiлетiнмiн. Бiр қызығы, Ғабит ақсақал да, оның рухани досы Ғабиден Мұстафин де тек Ахмет Байтұрсынов негiзiн қалаған төте жазумен жазып өттi. Дегенмен, кирилге, латын әлiпбиiне көшуге қарсы болмады. Әрине, сауатын сол жазумен ашқандықтан оларды ешкiм де кiнәламады.
Халықаралық бiрнеше тiл бiлемiн, алайда, қалған ғұмырымда осы қарiппен жазатын шығармын. Бүгiнде халықтың 60 пайызы өз ана тiлiнде оқып жаза алмайтындықтан, қазаққа екiге бөлiнiп қалу қаупi бар деген ой айтылуда. Өзбектер мен әзiрбайжандардың зиялы қауымы жазу реформасы туралы сөз болса, көз жасын көл қылып айтып бередi. Бiздiң кириллден латын әлiпбиiне көшуiмiз мемлекеттiк деңгейдегi қыруар қаржы мен ұзақ уақытты талап ететiн шаруа. — Шеттен қелген қандасқа қамқорлығыңыздың белгiсi ретiнде осыдан бiраз бұрын «Есенғалидың елу қойы» туралы жақсы естелiк оқығанымыз бар. Нақтырақ өзiңiзден естiсек.
— Ауыт Мұқибек деген iнiм ғой жұртты «шулатып» жүрген. Негiзi мен туралы өсiрiңкiреп жазыпты. Бiрде алдыма Қытайдан көшiп келген қандасымыз Серiк деген жiгiт келдi. Делдалдар ақшасын алдап алып қойған. Көзi жәудiреген шиеттей үш баласын көргенде қалай көмектеспей тұра аласың?! Елу қазақы саулық алып бергенiм рас. Еңбекқор жiгiт ары қарай шаруаны дөңгелетiп әкеттi. Бiрақ ол ерлiк емес. Елу саулық алып берудi жүрегi тас болмаса, кез келген қазақ iстей алады. Бiздiң қазақ бiреудi мақтаса түбiн түсiрiп жiбередi ғой. Алайда, Ауыт айтқандай, қатты бай да емеспiн. Бiршама жылқыларым мен қазақы төбет-тазыларым бар. Мұным нәндiктен, барлықтан туындаған дүние емес. Анығы, қазақы тұрмыс-салтты жақсы көремiн. Мендегiнiң әкесiндей байлық ұстап жүргендердiң қасында бiздiкi не тұрады? Менiкi сырттан келген ағайынға қайда келдiм дегiзбеудiң амалы едi… — Халқымыздың ежелгi тотемiнде түркiнiң туында қарға бедерлерi туралы сөз болады. Тiптi, «қарға тамырлы қазақ» деген тiркес бар. «Құстанушы» Есенғали бұл туралы не дейдi?
— Мәселен, үлкендер ұрпағын «қарғам», «қарағым» дейдi. Халық әуендерiнде «Әуеде ұшып жүрген ала қарға, өлең айтып берейiк балаларға» деген жолдар қара құстың бiзге қатысы бар екендiгiн айғақтаса керек. Осыдан шығатын қорытынды, Исламнан бұрын, тiптi түркiлiк кезеңнен де ары қазақ деген халық болды. Бәлкiм, оның атауы басқа болған шығар. Менiңше, қарға тамырлы деген сөз анығында «қарғы тұмарлы қазақ» деген шығар деген жеке ойым бар. Бiздiң көп сөздерiмiз дыбыстық өзгерiске түсiп кеткендей сезiледi. Қарғы ол кәдiмгi бұйым, ал, тұмар «жаным-ау менiң жағама тағар тұмарсың» деп келетiн жыр жолдары бар. Сосын хақ Исламды ұстанғанымызды ескерсек, соңғы тiркес ақылға қонымды көрiнедi. Анығын, лингвистер айта жатар. Мәселен, Батырлар жырында «Арғымақ қара құла жалсыз, ел малсыз, Алланың не берерi болжаусыз, жолдастарым мұңайма» дейдi. Бiрiншiсi, ол қара болғасын қалай құла болады? Дұрысы «Қара құнан жалсыз, ел малсыз» болуы мүмкiн. Басқа елдерде ол басқаша ұғым берсе де, қазақтың дүниетанымында қарға жақсылықтың символы болғаны анық. — Тағылымды сұхбатыңызға рахмет!